Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру туралы Жарлығы – Қазақ елі үшін тарихта қалатын оқиға. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада өткен “дөңгелек үстелге” қатысқан тіл жанашырлары, зиялы қауым өкілдері мен жастар бұл шешімнің маңыздылығына тоқталды.
Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Кемел Оспанов жаңа әліпбиге көшудің мақсатын тілге тиек етіп, осы бағытта алға қойылып отырған жүйелі жұмыстарға тоқталды.
Жиын барысында Елбасының латын әліпбиіне көшу жөніндегі тапсырмалары айтылып, осы бағытта облыс деңгейінде жүргізілетін шараларға ұсыныстар қабылданды. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Жанар Таласпаева бұл – үлкен істің басы, ал ұйымдастырушылық-әдістемелік жұмыстар әлі алда екенін атап көрсетті.
“Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-нің директоры – бас редакторы Жарасбай Сүлейменов әліпби ауыстыру Қазақ елі үшін маңызды екенін айтты.
– Латын әліпбиіне көшу туралы Елбасы 2012 жылы халыққа арнаған Жолдауында алғаш рет айтқан болатын. Бұл шешім дамыған отыз елдің қатарына қосылуға бастайтын айқын жолдың бірі болып табылады. Әрине, талай ойлар айтылды, пікірлер талқыланды. Нәтижесінде дұрыс және заман талабына сай шешім қабылданды, – деді Жарасбай Қабдоллаұлы.
Латын әліпбиіне көшудің ұтымды жақтары жайында сөз қозғалған “дөңгелек үстелде” мектеп ұстаздары мен студенттер де өз ойларын ортаға салды. Петропавл қаласындағы №7 орта мектептің директоры Гүлнәр Таласбаева оқушылар үшін латын әліпбиіне көшу ешбір қиындық туғызбайтындығын сөз етті.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.