Тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлы – ұлттық тарихнаманың беделді өкілдерінің бірі, 500-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 50-ден артық кітап пен оқулықтың авторы, 56 монография, жоғары оқу орындарына арналған «Қазақстан тарихы» оқулығын жазды. Ғалымның студенттерге арналған еңбегі 1992 жылдан бері 50 мың данамен 10 рет басылған. Бұдан бөлек, 14 ғылым докторы мен кандидатын даярлап шығарған.
Біз Аманжол ағамен өткен ғасырдың 90-шы жылдардың басында «Азат» қозғалысының құрамында болған кезінде таныстық. Сол жылдары ұлттық мүддені қорғап, ел тәуелсіздігінің іргесін бекіту жолында осы ұйымның шеңберінде бірнеше саяси партиялар құрылған еді. Соның бірі – «Қазақстан Республикалық партиясы» (ҚРП). Халқымыздың арда ұлдарының бірі, кезінде Мәскеуде құрылған «Жас тұлпар» ұйымының белсенді мүшесі болған белгілі философ Сәбетқазы Ақатай бастаған бұл партияның қатарында Аманжол Күзембайұлы да болды. Аманжол ағамыз бір еңбегінде: «Тарихи санасы жоқ адам ешқашан патриот бола алмайды. Ал тарихи санасы бар адам патриот болмай тұра алмайды. Сондықтан тарихи сана – біздің қоғамның іргетасы. Осы іргетас берік болуы керек», – деп жазған екен. Өзі де осы талапқа сай болғандықтан, елдегі патриоттық қозғалысқа қатыспай тұра алмаған.
90-шы жылдардың ортасында Алматыдағы буырқанған саяси күрес, өкінішке қарай, нағыз патриоттар мен алдамшы бір топтардың тартысынан бұла күштерін бір арнаға құя алмай, оның үстіне құпия қызметтердің арандатуымен бытыраңқылыққа ұшырай берді. Ақырында «Азат» қозғалысынан жоғарыда айтылған Сәбетқазы Ақатай бастаған ҚРП, Хасен Қожа-Ахмет, Жасарал Қуанышәлин және тағы басқа азаматтар бастап, артынан бірнешеуге ыдырап кеткен «Желтоқсан» ұлттық-демократиялық партиясы және басқалар құрылды. «Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» деп Абай айтқандай, мақсаты мен мүддесі бір болғанымен, ҚРП-ның өз ішіндегі тартыстар күн санап ұлғайып, бірауыздылыққа қол жеткізе алмады. Сәбетқазы Ақатай ағамыз білімді, шешен, ақылды да алымды азамат ретінде танылғанымен, саясаткерлігі төмендеу болып шықты. Бір кезде ол ҚРП-ның атауын «Алаш» деп ауыстырып жіберді. Бұған партияның көптеген мүшелері қарсы болды, өйткені «Алаш» атауы бұл кезде жағымсыз атқа ұрынып қалған. Бір шикіөкпе урапатриоттар осы атаумен партия ашып, радикалдық әрекеттерге барып, ақыры кейбіреуі сотталып, тарап тынған. Енді сол кезеңде жаманатқа ілініп қалған осы атауды парламенттік партия боламыз, саяси оппозиция құрамыз деп жүрген ҚРП- ға бергені саяси қателік еді. Сол себепті «Алаш» партиясы Алматыдағы көптеген жақтастарынан айрылып, өзінің орталығын еліміздің солтүстігіндегі Көкшетау қаласына көшіруге мәжбүр болды. Партияның Көкшетаудағы Жанат Қасым, Қажыбай Қабулов сияқты қолдаушылары мықты-тын, сондықтан олар «Алаштың» орталығы осында болуын қолдады.
Тарихи санасы берік Аманжол Күзембайұлы ағамыз – «Азат» қозғалысы құрылған күннен жақтаған жандардың бірі. Ол ҚРП-ның белсенді мүшесі әрі ғылыми тұрғыдан саяси күрестің әдіс-тәсілдерін білетін партиямыздағы көрнекті лидерлеріміздің бірі болды. Партияның Көкшетау қаласында болған барлық жиындарына қатысып, өзінің салиқалы, сарабдал ойларын ортаға салып отыратын. Бір жолы Сәбетқазы Ақатаймен бірге Алматыдан келген демограф Мақаш Тәтім, этнограф Жағда Бабалықұлы сияқты қайраткерлердің алдында сөйлеп, өзінің ұсынысының дұрыстығын біліктілікпен дәлелдеп берген еді. Және мұндай сөздері партия жиналыстарында бірнеше рет болған.
Аманжол Күзембайұлы – Қостанай облысының Меңдіқара ауданындағы Ұзынағаш ауылында дүниеге келгенімен, еліміздің терістік аймағын тегіс шарлап, қызмет бабымен, ғылыми зерттеумен аралап, сонымен бірге елдің мүмкіншілігін саралаған білікті адам, терең танымды ғалым. Ол еңбек жолын Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітіргеннен кейін Қарағанды педагогикалық институтында ұстаз болудан бастаған. Одан осындағы Е.Бөкетов атындағы мемлекеттік университетке ауысқан. Ұзақ жылдар бойы осы қалада қызмет істеп, кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғаған. Ұстаздығын жалғастыра жүріп университеттің оқу- әдістемелік басқармасының басшысы қызметіне тағайындалады. Елді демократиялық жаңғырту жылдарында өмірлік белсенділігін арттырып, 1987 жылы «Қазақстан ежелгі дәуірде» атты жаңа көзқарастағы оқу құралын жазып шығады. Бұл еңбекті Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының сарапшылары жоғары бағалап, 10 рет қайта басылып шыққан. Сол жылдарда Қазақстанның идеологиялық жұмыстарына басшылық еткен Өзбекәлі Жәнібековке хат жазып, орта мектептерге арналған Қазақстан тарихы пәні оқулығын қайта жазу керектігі туралы ұсыныс жасайды. Билік бұл ұсынысты қолдап, оқулықты өзіне жаздыртып, бірнеше дүркін жарық көрген. Қарағандыда жемісті еңбек етіп жүрген Аманжол ағамызды қостанайлық жерлестері қызметке шақырып, ауыл шаруашылығы институтында Қазақстан тарихы кафедрасын ашқызып, оған басшылық етуді тапсырады. Ұстаздың ықпалымен ауыл шаруашылығының маманы болуды қалаған көптеген жастар сөйтіп өздерінің тарихи санасын арттырады.
Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары білікті маманның атағы сол жылдарда солтүстік өңірлерде дүрілдеп тұрған. 1998 жылы Қызылжардағы Солтүстік Қазақстан университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов университет қабырғасынан заң факультетін ашып, оны ұйымдастыруға және басқаруға Қостанайдан Аманжол Күзембаевты шақырады. Қазақ мемлекеттік заң академиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры қызметін қоса атқарады. Осы жылдарда Аманжол ағамыздың қызмет орнына бара жүріп, оның нағыз зиялы адамдарға тән тиянақты, ұқыптылығына таңғалатын едік. Екі қабатты филиалдың іші-сырты жайнап тұратын. Ішіне кіргеннен-ақ одан қазақ тарихының иісі аңқып қоя беретін. Баласағұн, Дулати, Абай және тағы басқа қазақ ақылмандарының даналық сөздері қазақ тілінде әсем безендіріліп, оқымасыңа қоймай көзді тартып тұратын. Бірде бір асығыс жұмыспен мезгілсіз уақытта бара қалдым. Тамара Запорощенко деген бұрыннан танитын есік күзеткен қызметкер әйел жолымды кес- кестеп, өткізгісі келмеді. Жұмысым тығыз болғандықтан, бұза-жарып кірген едім, ол да директорға менімен бірге кірді. «Мына азамат сіздің қолыңыз тимейді десем де, күштеп кірді», – деп ол Аманжол ағаға шағымдана бастады. Сонда ағамыз еш саспастан: «Сіз өзіңіздің саяси қателік жасап тұрғаныңызды білсеңіз ғой. Бұл азамат – менің демократиялық қозғалыста бірге болған үзеңгілес жолдасым. Ол үшін біздің есігіміз әрқашанда ашық болуы керек», – деп әйелді қызартып, шығарып жіберген еді. Мұндай кеңдікті екінің бірі жасай алмайды. Керісінше қолында билігі тұрғанда шіреніп, басқаларды менсінбей қалатындар көп.
2001 жылы Қостанайда Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының филиалы ашылып, Аманжол ағамызды бірінші проректор қызметіне шақырып, ол тағы да өзінің туған жеріне көшіп кетті. Мұнда оның ұйымдастырушылық шеберлігі мен ғылыми белсенділігі жаңа күшпен жаңғырды. 2004 жылы жекеменшік Қостанай аумақтық тарихи- зерттеулер институтын ұйымдастырды. Ібір-Сібір жерлерін зерттеп, күрделі еңбектер жазды. Сібірдің ежелден татар емес, қазақ жері болғанын, ондағы Тұғырылдан басталған Көшімге дейінгі хандықтардың бәрі қазақ тайпаларының, соның ішінде Керей атасының ұрпақтары екенін ғылыми түрде тарихи фактілермен дәлелдеп шықты.
Аманжол ағамыз әлі де Қостанай мемлекеттік университетінде дәріс оқиды. Өкінішке қарай, Қазақ тарихнамасына осынша ұланғайыр еңбек сіңірген білгір ғалымның еңбектері билік тарапынан өзінің шынайы бағасын әлі күнге алған жоқ. Кеңес заманында алған төсбелгілерден басқа оның кеудесінде жарқыраған орден түгіл медаль да жоқ. Дегенмен ол екі мәрте республикалық «Үздік оқытушы» грантын, 2015 жылы Қостанайдың «Жыл адамы» атағын, 2017 жылы меценаттардың «Қазына» сыйлығын жеңіп алған. Бүгінде 80-нің сеңгіріне шығып отырған ағамыздың еңбегін елі бағалар деген үміттеміз.
Өмір бойы өзінің кәсібіне шынайы берілген ағамыз үй-іші орманын да осы арнаға түсірген. Ұлы Еркін Әбіл де – белгілі тарихшы, ғылым докторы, профессор. Соңғы жылдарға дейін Мемлекет тарихы институтын басқарып келді. 2023 жылдан бері Мәжіліс депутаты.
Жақсыбай САМРАТ,
Қазақстанның құрметті журналисі.