
Атаулы шараға мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Кенжеғали Сағадиев, экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Сағындық Сатыбалдин, ғалымның зайыбы Сара Қозыбаева, тағы басқа да қадірменді меймандар арнайы келді. Олар университет аумағындағы Манаш Қозыбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тарлан тарихшының рухына тағзым етті.
Еліміздің тарихын, оның ақтаңдақ беттерін зерттеуге зор еңбек сіңірген ғалым Манаш Қабашұлының 85 жылдық мерейтойына орай өткізіліп отырған конференцияны М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Серік Өмірбаев ашып, оның жұмысына сәттілік тіледі.
Қонақтарды конференцияның ашылуымен облыс әкімі Ерік Сұлтановтың атынан орынбасары Анархан Дүйсенова құттықтады. “Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Нұрлы жол – болашаққа бастар жол” атты Жолдауында таяу уақытта әлемде үлкен өзгерістер орын алатынын айта келіп, одан абыроймен өту үшін барша қазақстандықтардың арасында бір-біріне сенімділік, төзімділік қажеттігін алға тартқан болатын. Бұл маңызды бағыттар академик Манаш Қозыбаевтың ғылыми және қоғамдық еңбектерінде көрініс тапты”, – деген Анархан Дүйсенова қазақтың маңдайына біткен асыл ұлы Манаш Қозыбаевтың есімі халық жүрегінде мәңгілік сақталатынын айтты.
Анархан Қалиқызы Манаш Қозыбаевтың 85 жылдық мерейтойына орай білім беру жүйесіндегі ұзақ жылғы адал еңбегі, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтановтың өкімімен марапатталған университет оқытушылары Нұрболат Әбуовке, Зылиха Бимахановаға, Анатолий Плешаковқа, Юлия Поповаға Құрмет грамотасын тапсырды.
“Манаш Қозыбаев оқуларын” ұйымдастырып, келер ұрпаққа оның мол мұрасын таныстыруда университет ұжымының атқарып келе жатқан зор еңбегіне алғысын білдірген академик Кенжеғали Сағадиев ғалымның мазмұнды өмірі жайында баяндады. “Ол өз халқының тарихын шынайы жазуға тырысты. Тәуелсіздік жылдарындағы жалынды сөздері қоғамдық санаға жарық сәуле түсіретін. Ақтаңдақтар тарихын ашқан да сол болды. Өз арамызда Манаш Қабашұлын “Тарихтың Құлагері” дейтінбіз. Қазақ халқының ұлтазаттық қозғалысы, Ұлы Отан соғысы, тағы басқа тақырыптар оның ғылыми зерттеулеріне арқау болды”, – деді.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің университет ұжымына арнаған Алғыс хатын ведомствоның жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты, Манаш Қозыбаевтың шәкірті Гүлзат Көбенова оқып, бірқатар оқытушыларды Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері және “Ыбырай Алтынсарин” төсбелгілерімен марапаттады.
Конференцияда сөз алған еліміздің және Ресейдің жоғары оқу орындарынан келген ғалымдар: “Манаш Қозыбаев өз еңбектерінде қазақ халқы дала өркениетінің тарихи-мәдени мұрагері екендігін дәлелдеп кетті. Академиктің ақтаңдақтар тарихын зерттеудегі еңбектері Қазақстанның халықаралық қоғамдастық алдындағы беделін арттырды. Оның 800-ден астам тарихи зерттеу мақалалары жарық көрді”, – деп, ғалымның қазақ мемлекеттігінің отаршылдық және кеңестік тоталитаризм жағдайындағы Қазақстан тарихының жаңа тұжырымдамалық бағыттарын қалыптастырудағы, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтаудағы, егемен елдің бүгінгі өмірінің өзекті мәселелері туралы өткір де өтімді ойлары мен артында қалдырған өлшеусіз еңбектері жайлы тебірене айтты.
Академиктің зайыбы Сара Қозыбаева Манаш Қабашұлының еңбегінің арқасында аты өлмей, 13 жылдан бері “Қозыбаев оқуларының” өткізіліп келе жатқанына ризашылық білдірді.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Серік Өмірбаев Сара Пішембайқызын, Кенжеғали Сағадиевті, Сағындық Сатыбалдинді және басқаларын Манаш Қозыбаев атындағы мерейтойлық медальмен марапаттады.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.