Биылғы көктем автокөлік жолдарын, көшелерді, саябақ учаскелерін, аулалар мен тұрғын үйлерді басқан тасқын сумен есте қалатын болды. Егер тұрғын үйлерге енген тасқын суына Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкерлерінің, Петропавл қаласы коммуналдық қызметтерінің тосқауыл қоюға қауқары жетсе, ал Есілдің тасқын суын тоқтату мүмкін емес еді. Сәтін салғанда сол төтенше кезең аяқталып, 2014 жылғы тасқынды қорытындылау ғана қалып отыр.
Тасқынға облысымыз қыстан бері әзірлік жасады. Облыста көктемгі су жайылуының және оның ықтимал шығынын азайтудың іс-шаралар жоспары бекітілді. Тасқынға қарсы іс-шаралары бірнеше рет облыстық әкімдікте, барлық деңгейдегі төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссияларының отырыстарында бірінші кезектегі маңызды мәселе ретінде қаралды. Тасқын кезіндегі тіршілікті қамтамасыз ететін нысандардың тұрақты жұмысы қамтамасыз етіліп, елді мекендерді су басудың барлық оқиғалары мен оның қаупі жайлы түскен хабарларға жедел көңіл аударылып, тұрғындар уақытында хабарландырылды. Гидротехникалық құрылыстар жұмысы апатсыз жүргізіліп, ауызсу сапасына санитарлық-эпидемиологиялық бақылау жасалды. Сондай-ақ, департаменттің дағдарыс орталығында төтенше жағдайларды жоюдың жедел штабы құрылды.
Биылғы тасқын облыс аумағында нормадан жоғары болды. Өйткені, Қарағанды және Ақмола облыстары аумағындағы Есіл өзенінің арнасына судың мол жиналуынан өңіріміздегі өзен суы өз арнасынан шығып кетті. Сергеевка су қоймасындағы судың көтерілуі 23 сәуір күні басталып, 198 сантиметрге жетті. 16 сәуір – 28 мамыр аралығында Петропавл су бөгетінің үш жаппасы да ашылып, одан бөгесін болған жоқ.
Петропавл қаласының аумағында судың барынша көтерілуі 3 мамыр күні тіркелді. Бүгінде Есіл өзені арнасына түсіп, Сергеевка және Петропавл су қоймаларындағы деңгейінің төмендегені байқалып отыр.
Тасқын кезінде тұрғын үйлерді су басудың 118 оқиғасы, соның ішінде 104-і Петропавл қаласында 18 наурыз – 2 мамыр аралығында тіркелді. Олар еріген қар суы мен жерасты суларының көтерілуінен орын алды.
Есіл өзені суының деңгейі көтерілуі салдарынан облыс орталығындағы Заречный, Былғары зауыты ықшам-аудандарында 6 тұрғын үй суда қалды. Есіл өзенінің қойнауларында, қалалық жағажай, Заречный, Былғары зауыты ықшамаудандарында, Речпорт аумағында орналасқан 5 мыңнан астам саяжай учаскелері де су басқан аумақта қалды.
Сонымен бірге, Ақмола облысының аумағында орналасқан Сілеті және Шағалалы су қоймаларынан суды мол көлемде босатудың, сондай-ақ, Есіл өзені суының деңгейі көтерілуі, еріген қар суының мол болуы салдарынан облыс аумағында республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдарды су шайып кетудің 24 оқиғасы орын алды. Ол барлығы 2538 метр жол таспасының бұзылуына әкеліп соқтырса, 6 елді мекенге қатынас уақытша тоқтап қалды.
Тасқын кезінде бұзылған жол учаскелерінде жөндеу-қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін 8500 тоннадан астам инерттік материал жұмсалды.
Тасқын басталғанға дейін облыс аумағында орналасқан 33 гидротехникалық ғимараттың апатсыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында Ақжар, Есіл, Қызылжар, Ғ. Мүсірепов атындағы, Тайынша, Уәлиханов, Шал ақын аудандары, Петропавл қаласы әкімдіктері мен осы ғимараттардың иелері олардың техникалық жағдайын тексеріп шықты. Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның апаттық жағдайда тұрған Шарық су қоймасында тасқын суын өткізу үшін оны нығайтудың іс-шаралары да атқарылды.
Ал, Ақмола облысының Сілеті су қоймаcынан суды дүркін-дүркін босатуға байланысты Уәлиханов ауданындағы Қаратал және Қулыкөл ауылдарын су басу қаупі туындады. Ауданда тұрғындарды қауіпті жерден көшіру және апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізуді ұйымдастыру үшін департаменттің жедел тобы және қосымша күштері мен құралдары жұмылдырылды. Адамдарды апаттан қорғап қалу мақсатында Уәлиханов ауданының әкімдігі Қулыкөл ауылына Қаратал ауылының тұрғындарын уақытша көшірді. Жалпы 442 адам көшірілсе, 1765 бас ірі және ұсақ мал қауіпсіз орындарға шығарылды. Сілеті өзенінің тасуынан Қаратал-Қулыкөл бағытындағы автокөлік жолын екі жерден су шайды. Аудандық шұғыл шара қолдану жасағының күшімен елді мекенді айнала қоршау және көлік қозғалысын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
Тасқынға байланысты төтенше жағдайларға шұғыл шара қолдану мақсатында 1 сәуір – 29 мамыр аралығында облыстың мүдделі қызметтерінің өкілдері құрамына енген облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің жедел штабы тәулік бойы кезекшілік атқарды. Өзара ақпарат алмасу шеңберінде Сергеевка және Петропавл су қоймаларынан су ағызу бойынша Ресей ТЖМ-нің Түмен облысы бойынша бас басқармасымен және Сілеті мен Шағалалы су қоймаларынан су ағызу бойынша Ақмола облысының департаментімен тығыз байланыс орнатылды. Облыстағы тасқынды бақылау және Есіл өзені суының деңгейіне мониторинг жүргізу үшін 14 гидрологиялық бекет, аудандарда және Петропавл қаласында 10 бекет құрылып, 45 адам және 10 техника тартылды. Облыста төтенше жағдайды жою үшін 14 жедел шара қолдану жасағы ұйымдастырылып, 726 техника, 285 су сорғы, мотопомпалар, суару-жуу машиналары мен ассенизаторлық техника, 207 жүзу құралы пайдаланылды.
Биылғы тасқынның өлім-жітіміз аяқталуына табиғи сипаттағы төтенше жағдайға жедел шара қолданып, тұрғындарды қорғау мен көмектің бар мүмкіндігін қамтамасыз еткен облыстың Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің, жергілікті басқару органдарының, өңірлік АҚ және ТЖ қызметтерінің үйлескен іс-әрекеттері мен өзара тығыз іс-қимылы зор рөл атқарғанын айта кету қажет. Бірлесіп атқарған жұмыс төтенше жағдайда және оның салдарларын жоюда өзара іс-қимылдың нәтижелігін танытты. Өткен жылдардағы жинақталған тәжірибе пайдаланылып, қолда бар күштер мен құралдар тиімді жұмсалды.
Асхат БӘКІШЕВ,
облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бөлім басшысы, өртке қарсы қызмет подполковнигі.