Қазақстанда жүз отыздан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері ынтымағы мен бірлігі жарасып, бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүруде. Еліміздегі осындай сындарлы саясатты жүзеге асыруда Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының орны бөлек. Оның ең басты міндеті – мемлекеттегі қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықты сақтау болып табылады.
Бүгінгі таңда Есіл ауданында отыз шақты этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Әр этнос өкілдері арасындағы келісім мен татулық еліміздің тұрақтылығын нығайтып, ертеңімізді жарқын етері сөзсіз.
Біздің ауданымызда да халық бірлігін насихаттап, сақтауда ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Мәселен, өткен жылы ауданымызда бірнеше этнобірлестіктер құрылды. Николаевка ауылында да “Бірлік” қазақ-молдован этнобірлестігі шаңырағын көтерді. Содан бері біз ауданның қоғамдық өміріне белсене қатысамыз. Бірлестік мүшелері аудан, ауылымызда болатын мәдени шаралардың сәні болып, түрлі тілде ән шырқайды. Содан да болар, Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесінде аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталдық.
Біздің этнобірлестік Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап ауқымды шара ұйымдастырды. Оған мектеп оқушылары, мұғалімдер, ардагерлер қатысты. Өскелең ұрпақ осындай танымдық шаралардан мол тәрбие алады деп ойлаймын.
Бірлестік мүшелері ауыл тұрғындарын молдован этносының ұлттық құндылықтарымен, олардың тарихи Отаны жайлы қызықты деректермен таныстыруды жақсы дәстүрге айналдырды. Бұл ондаған жылдар бойы өзара сыйластықта өмір сүріп жатқан этностардың бірін-бірі жіті тануына зор мүмкіндік беруде. Аталмыш қоғамдық бірлестіктің жетекшісі ретінде ауылдастарымды молдован халқының ұлттық құндылықтарымен таныстыруға белсене араласамын.
Алматыда шет тілдер институтында білім алып жүрген кезімде Молдовияның Бельцы және Кишинэу қаласында өткен Бүкілодақтық жастар фестиваліне қатысқан едім. Сол кезде жастық қызығушылықпен аталмыш ел туралы біраз мағлұмат жинап едім. Бұл да бірлестік жұмысын жандандыруға өз септігін тигізуде.
Бүгінде әлем мемлекеттері бейбітшілік пен келісімнен асқан құндылықтың жоқ екенін түсінді. Бұл асыл қазына болмаса, ешбір істің алға баспайтынына да көптің көзі жетті. Ал біздің елде талай этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, ел, қоғам үшін маңызды мәселелерді шешуде жұмылған жұдырықтай бірлік танытуда. Бұл бірлік бар жерде тірлік болатынын дәлелдейді. Демек, біз тура жолмен болашаққа қадам басып келеміз.
Қайыржамал ҚАДЫРБАЕВА,
“Бірлік” этномәдени бірлестігінің төрайымы.
Есіл ауданы.