– Біз күн сайын, қалай болғанда да, бөлшектеп сатып алу-сату шартының бір тарапына айналамыз. Мейлі, ол бір бөлке нан, теледидар немесе автомобиль болсын, біздің сатушымен қарым-қатынасымызды “Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы” Заң реттейді. Бірден атап өтерлігі сол, аталмыш заң сатушыға қарағанда көбінесе тұтынушының мүддесін қорғау үшін қабылданған десе де, осы саладағы Қазақстан заңнамасы ең қатаң санкцияларымен көзге түспейді.
Сонымен, “Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы” Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 4 мамырдағы №274-IV Заңы тұтынушы шартында неғұрлым “әлсіз” тараптың мүддесін қорғауды көздейді. Алайда, қазақстандық тауарлар мен қызметтер нарығында тұтынушының өзінің құқығын қорғау белсенділігі әлі жеткіліксіз.
Сапасыз тауарды сатып алғанда сатып алушының бәрі бірдей сатушыға кінәрат-талап қоймайды, ондай талап қойғанның өзінде сатушы тауарды ауыстырудан бас тартса немесе құнын қайтаруға көнбесе, тұтынушы барлық кезде бірдей сот төрелігіне жүгіне қоймайды. Бұл үрдісті тұтынушының өз құқығын қорғау саласында танымының жоқтығымен, басқаша айтқанда, мұндай жағдайдағы іс-қимыл алгоритімін білмеуімен түсіндіруге болады.
Көбінесе сапасыз тұрмыстық техникалық тауарлар сатып алу кезінде сұрақтар көп туындайды деп ойлаймыз. Олар теле-аудио-видео аппаратуралар, ұялы және радиотелефондар, тоңазытқыштар мен пештер, компьютерлер, көшірме техникалары, басқа да осыған ұқсас техникалық күрделі тауарлар болып табылады. Өзіңізге ұнаған тауарды таңдап алған соң оның сапасына көз жеткізу үшін сіздің сатушыдан тауардың қолданылуын көрсетуді талап етуге құқыңыз бар.
Егер ол тауардың сипаттамасынан алшақ болмаса және бөлшектеп сату саудасында қабылданған ережеге қайшы келмесе, сатып алушы ұсынылған тауарды көруге, сатушының қатысуымен тауардың сипаттарын тексеруді талап етуге немесе оның қолдануын көпшілікке көрсетуге құқылы.
Мысалы, теледидарды сатып алған кезде, сіз оны қосуды талап етуіңізге құқыңыз бар. Сатып алған кезде сізге тауарды дайындаушының белгіленген тиесілі жиынтығын және құжатын (техникалық төлқұжат немесе күні және сатылатын орны көрсетілген оны ауыстыратын басқа құжат, пайдалану жөніндегі нұсқаулар және басқа құжаттар) беруге міндетті. Сатушы сатып алушыға міндетті түрде жеткізуге тиісті ақпарат және оған аса назар аудару қажеттігі – егер ол нақты тауарға белгіленген болса, тауардың негізгі тұтынушылық қасиеттері бар мәліметтер, тауардың тиімді және қауіпсіз қолданылу шарттары мен ережесі, тауардың кепілдік мерзімі .
Егер сіз тауардың сапасыздығын аңғарсаңыз, сатып алған күннен бастап кепілді мерзім ішінде тауар сатып алған жерге қайта келуіңіз, тауарды ауыстыруды, сатып алған тауардың орнына ақшаңызды қайтарып беруін, кепілдік бойынша жөндеу (тауарға байланысты) жасауды талап етуіңіз, сіздің талабыңызды орындаудан сатушы бас тартса, кәсіпкерге кінәрат-талабымен жүгінуіңіз қажет.
Егер сізге 10 күнтізбелік күн ішінде жауап қайтармаса, сіз тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктеріне, медиация қызметіне немесе сотқа талап арыз бере аласыз.
Зейнел ЕДІЛОВА,
облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментiнің бас маманы.