«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАУДАЙ БИІК ТАБАЛДЫРЫҚ

Біздің “Кеммін деме, теңмін де!” деген тұрақты айдарымыз бар. Осы айдар ашылғалы мүгедектер өміріне қатысты материалдарды үзбей беріп келеміз. Осындай жігерлі жандардың бірі – “АРДОС-Жүрек” мүгедектер бірлестігі басшысының орынбасары Сәлімхан Сәбитов. Өздігінен жүріп-тұруы қиын жандардың өзегін өртеген әңгімелерін тыңдап, олардың өтініш-тілектерін қоғамға, билік басындағыларға жеткізу үшін жоспарлы іс-шараларды ұйымдастырып, алыс-жақын аудандарға іссапарларға шығып жүрген Сәлімхан мүгедектердің жанын мазалайтын өзекті мәселе пандус және қоғамдық көлік екенін айтады.

– Облыс орталығындағы көптеген білім мекемелерінде кейбір дәріхана, емханаларда пандус жоқ. Болған күннің өзінде де қалай болса, солай жасалған. Көп ғимараттарда пандустың бір ғана ұстанатын қапталы бар. Қоларбадағы адамдардың біреуі оң жақтан ұстанып, жоғары көтерілсе, енді біреулері сол жақтан ғана ұстана алады. Осы жағдай да ескерілмеген, – дейді ол.  

Сәлімханның айтуынша, 2013-2014 жылдары арнайы құрылған комиссия Петропавл қаласының біраз нысандарын аралаған. Сол кезде пандустардың біразының талапқа сай емес екендігі жауапты адамдарға айтылған. Содан бері арада екі жыл өтсе де, өзгеріс шамалы.

Қоғамдық көліктегі жағдай да өзекті проблеманың біріне айналғалы қашан.

“Бұл жағынан алғанда Астанада автобустар жақсы жабдықталған. Кедергісіз жүріп-тұруға өте ыңғайлы. Ал бізде әлі де болса қиындықпен күресуге тура келіп тұр”, – дейді Сәлімхан.

Бұл сөздердің жаны бар. Оған кейінірек тоқталамыз. Ал жалпы алғанда пандус салуда сең қозғалған сияқты.

Қоғамдық көліктердегі “мүгедек адамдарға арналған орынның” көбіне бос тұратынын аңғарған боларсыздар. Соған қарағанда, осындай орынға жетудің өзі сырқат адамға оңай емес-ау…

Петропавл қаласындағы әлеуметтік такси жүргізушілеріне хабарласқан едік. Олар қала бойынша базаға тіркелген 11 мың мүгедекке небәрі 4 көлік қызмет көрсететінін айтты. Ар жағы түсінікті ғой… Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің бірнеше корпусында, обсерватория ғимаратында, Мағжан Жұмабаев атындағы педагогикалық училищеде пандустың салынбағандығы қынжыларлық жай.

Пушкин көшесінде орналасқан Олимп клиникалық сараптама зертханасында да пандус салу қажеттігі ешкімнің ойына кіріп, шықпаған. Даладан ішке кіргенде аяқтағы қар еріп, жылтыраған сәкінің үстінде тайғанақтап жүре алмайды екенсің. Есіктен 10 аттамдай жерде отырған мейірбикеге әрең дегенде жетіп, сөйлестік. Бізді жылы жүзбен қарсы алған мейірбике: “Барлық сұраққа директор жауап береді”, – деп телефон нөмірін ұсынды. Қолға тиген нөмірге хабарластық. Алмат Несіпбаевтың жаңа қызметіне кіріскеніне 3 ай болыпты. Директордан: “Пушкин, Мир, Сәтбаев көшелерінде орналасқан зертханаларда мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған пандус неге жоқ?” – деп сұрадық. Алмат Несіпбаев Мир көшесінде орналасқан зертхана 1 қабатта екенін алға тартты. Ал Сәтбаев көшесіндегі зертхананың сыртына 2016 жылы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Директор Пушкин көшесіндегі зертханаға байланысты мардымды ештеңе айта алмады.

Басымыз ауырып, балтырымыз сыздағанда баратын дәріхана да адамдар үшін қажетті орын. Сондықтан ол жақтың да жағдайын көрдік. Интернационал, Мир көшелерінде орналасқан 3 дәріханада болдық. Біреуінде де пандус жоқ. Сау адамның өзінің есіктің тұтқасына қолы жеткенше аяғы шаршап қалатын биікте орналасқан дәріханаларда жерден көтерілетін кемінде 10 табалдырықтан бар. 1 табалдырықтың өзі таудан да үлкен болып көрінетін мүгедек адамдардың мұндай дәріханаларға кіре алмайтыны айтпаса да, түсінікті.

Ал кей мекемелерде пандус бар деген аты ғана. Оған облыстық аурухананың терапевтік корпусында болғанымызда көз жеткіздік. Оның сыртқы көрінісінің өзі адамның үрейін ұшырады. Бұл пандус он баспалдақ бойында биікке қарай жоғарылай орнатылған. Қолмен ұсталатын қаптал немесе тіреуіші жоқ. Мынадай пандуспен спорттың экстремалды түрімен айналысатын мүгедектер ғана жүрмесе, қалғандарының ондай қадамға баруы екіталай шығар.

Мұндай олқылықтар сауда орталықтарына да тән. Пандустардың біреуі тым биік болса, екіншісі тар, арбамен қозғалу ыңғайсыз. Не таянатын тіреуіші жоқ, қос қапталы ашық. Букетов көшесіндегі “ВТБ” банкі, “Қазақтелеком” ғимараттарындағы жағдай осындай. Қысты күні ол жерде кішкентай балалар сырғанақ теуіп ойнамаса, мұндай пандуспен көтерілуге сырқат түгілі, сау адамның жүрегі дауаламайды. Алда-жалда қоларбаға ие бола алмай қалған мүгедек адам құлап кетсе, мерт болуы мүмкін. Мұндай пандустар мүмкіндігі шектеулі адамдардың кедергісіз жүріп-тұруы үшін емес, әйтеуір жоғары жаққа ресми ақпарат беру мақсатында ғана жасалғандай.

Қамкөңіл жандардың жүріп-тұруына жағдай жасап отырған басшылардың да бар екенін айта кеткен жөн. Пандус орнатылған ғимараттар қатарында Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театры, бірқатар ауруханалар мен емханалар, асхана ғимараттары, азық-түлік дүкендерін айтып өтуге болады. Халыққа қызмет көрсету орталығында пандус пен қатар арнайы қоңырау шалу тетігі де орнатылған. Автовокзал басшыларының да мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын жасауға ерекше жауапкершілікпен қарайтыны байқалады. Бұл нысанда сапалы пандустармен қатар, кемтар адамдарға арналған таксофон, әжетхана, санитарлық бөлме бар. “Рахмет” сауда орталығы, “Центркредит” банкі орналасқан ғимаратта да мүгедек адамдардың еркін қозғалуына мүмкіндік жасалған.

Облысымызда жақында ғана ашылған төртінші “Семейный” сауда-көңіл көтеру кешені де жақсы жабдықталған. Онда еңкейген кәріден, еңбектеген балаға дейін барлық жастағылардың жағдайы қарастырылған. Оның ішінде мүгедек адамдар да назардан тыс қалмаған. Бір сөзбен айтқанда, жаңадан бой көтерген сауда орталығы заманның да, заңның да талабына сай.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауында: “Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Бізде аз емес ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге тиіс – бұл өзіміздің және қоғам алдындағы біздің парызымыз”, – деген болатын. Осы сөздердің мәні де, мағынасы да зор. Бірақ кемтар адамдардың қоғамда кедергісіз жүріп-тұруына жасалып жатқан жағдай әлі де жоспардағыдай болмай тұр. Оған сапасыз, тек сан үшін ғана салынған кейбір пандустардың өзі-ақ дәлел. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың қозғалысына қолайлы болуды ойламай, жай ғана әдемілікке қойылған “ескерткіштерден” кімге, қандай пайда бар? Қалай болғанда да, осы бағыттағы жұмыстарды жергілікті билік басындағылар ақпарат беру мақсатында емес, шын жанашырлықпен атқарса, құба-құп.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp