«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тағам әзірлеп, кірпіш қалады

Петропавлда “Worldskills Kazakhstan” чемпионатының облыстық кезеңі басталды. Үстіміздегі жылы байқауға қатысуға өңірдің 20 колледжі ниет білдірген. Дода 15 күнге созылады.

Сегізінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған байқауға 160-тан астам студент қатысып жатыр. Сайыс 23 бағыт бойынша өтуде.

– “WorldSkills Kazakhstan” өңірлік чемпионатына қатысушы студенттер түрлі бағыттар бойынша өз шеберліктерін көрсетулері керек. Барлық студенттерге бірдей тапсырмалар берілді. Аспаздар, құрылысшы мамандығында оқитындар өз араларында мықтыны анықтайды, – дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Бауыржан Зейнуллин.

Сайыстың алғашқы күні құрылыс саласына арналды. Студенттер 4 бағыт бойынша: кірпіш қалау, дәнекерлеу, плита қалау мен сантехника бағытында сынға түсті.

Ренат Кириченко – жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің 3-ші курс студенті. Оның айтуынша, кірпіш қалау ісін тыңғылықты атқару керек. Жас жігіт жақсы нәтиже көрсетті.

– Кірпіш біркелкі болуы қажет. Бағалау арнайы талаптар бойынша жүргізіледі. Яғни тегістігі, түзулігі мен әрлеу сапасы қаралады. Үміткерлерге 5 сағат уақыт беріледі. Бірінші кезеңде жақсы нәтиже көрсеттім. Облыстық кезеңнен сүрінбей өту үшін аянып қалмаймын, – дейді жас өрен.

Байқау жергілікті 8 колледжде өтуде. Облыстық кезеңнен сәтті өткен жастар маусым айында республикалық сайысқа қатысады. Ол Астана қаласында ұйымдастырылмақ.

Рабиға ЕРАЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp