Ерлі-зайыптының бір салада еңбек етіп жүргенін естіп, қызыға қарайтын сәттеріміз аз емес. Сондай жарасымды жұптардың бірі – Досым мен Айнұр Қабылбековтер. Бүгінгі таңда олар Петропавлдағы Ұлттық ұлан академиясында жұмыс істейді. Досым Қабылбеков аға оқытушы болса, зайыбы Айнұр оқу-әдістемелік орталықта еңбек етеді. Он тоғыз жыл бұрын танысып, шаңырақ құрған бұл жұп қазір бақытты отбасының біріне айналған. Мамандығы бойынша химия және биология пәнінің мұғалімі Айнұр тұрмысқа шыққаннан кейін Қарулы Күштер саласына ауысады. Он бес жылдан бері жұбайымен бірге әскери саланың қызығы мен шыжығын қатар көріп жүр.
Досым – көпбалалы отбасында өскен, үйдегі он баланың бірі. Бала кезден бергі арманы – елінің қорғаны болу. Бастапқыда тұрмыстық жағдайға байланысты өзге салаға бет бұрса да, көңіл түкпірінде бала күнгі арманы тыныштық бермепті.
– Ол кезде адамдардың таным-түсінігі, өмірге деген көзқарасы басқаша болатын. Ауылда өскен біз сияқты жігіттер ақша мен мансаптан гөрі адамгершілікті бірінші орынға қоятынбыз. “Арым – жанымның садағасы” дейтін өр мінезді, қайтпас қайсар жігіттер көп еді. Отан алдындағы әскери борышын өтемеу ұят саналатын. Қазір, керісінше, амалын тауып, бармай қалуға тырысады. Бұл – жалпы қоғамның, одан қалды ата-ананың намысына сын. Біздің кезімізде әр бозбаланың бойында Отанға деген сүйіспеншілік үстем еді, – дейді подполковник Досым Қабылбеков.
Әскери салада жұмыс істеу үшін қатаң тәртіпке бағынып қана қоймай, физикалық және моральдық дайындығы, өмірге деген көзқарасы мықты болуы керек. Осы талап деңгейінен көріне білген Досым Бекболатұлы 1995 жылы Қарулы Күштер қатарына шақырылып, содан бері 27 жыл бойы ел мен жердің тыныштығы үшін адал еңбек етіп келеді.
Осы уақыт ішінде 5572, 6654 әскери бөлімдерінде, “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығының радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс қызметінің бастығы қызметінде абыройлы еңбек еткен. Үйренуден, білімін толықтырудан жалықпайтын Досым Қабылбеков Ресейдің Кострома қаласындағы Кеңес одағының маршалы С.Тимошенко атындағы қорғаныс академиясының магистратурасын тамамдайды. Осыдан кейін ұстаздық етудің ұлағатты жолы басталып, Ұлттық ұлан академиясында жалпы әскери тактика пәнінен сабақ береді.
Ендігі ойы – артынан ерген жастарға осы күнге дейін жинаған тәжірибесін үйретіп, дұрыс жолға салу, балаларын да елжанды, отансүйгіш етіп тәрбиелеу. Бүгінде зайыбы екеуі ынтымағы жарасқан жұптардың біріне айналып, екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Қоғамда осындай қарапайым әрі қызметіне адал жандар көп болса, болашағымыз нұрлана түсер еді.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.