«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ТАҢДАУЫМ – ТЕХНИКАЛЫҚ МАМАНДЫҚ” дейтін қазақ жастары некен-саяқ

“Адам екі түрлі жағдайда қателеспегені ләзім: бірі – мамандық, екіншісі – өмірлік жар таңдағанда”, – деп қазақ атамыз бекерден-бекер айтпаса керек. Алғашқысы ғұмырыңның сәніне айналса, екіншісі өміріңнің мәніне айналмақ. Көп арасында кеңінен қолданылып, тіпті, әлеуметтік сипат алған осы қанатты ұғымның астарын бүгінгі жастар терең түсініп, табысы мен нәпақасына айналатын мамандықты дұрыс таңдап жүр ме? Әсіресе, соңғы жылдары техникалық мамандықтарға сұраныс жоғарылап, аталмыш сала бойынша кәсіптік немесе жоғары білім аламын деушілерге мемлекет тарапынан қолдау да артып келеді. Мамандардың айтуынша, “айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған” кезеңде, техниканың қарыштап дамыған заманында қазақ жастарының техникалық мамандықтарды таңдауға құлшынысы әлі де болса бәсең көрінеді. Еліміз бойынша белең алған бұл мәселе өңірімізде де үлкен проблемаға айналып отыр. Қазақ жастары техникалық мамандықты таңдауға неге салғырт?

Жақында Мамлют ауданындағы ірі шаруа қожалығының иесімен әңгімелесу барысында ауыл шаруашылығына жұмыс күшінің, әсіресе, техниканың тілін білетін жүргізушілердің, техниктердің жетіспеушілігін аңғардым. Техникалық сала бойынша білім алған мамандардың аздығы себебінен, еңбек күшінің жетіспеушілігінен жұмысы да алға баспай келе жатқанын айтқан кәсіпкер тепсе темір үзердей кейбір азаматтардың, әсіресе, қазақ жастарының жан қинап, еңбек етпей, “алма піс, аузыма түс” деп шіренетіндеріне қынжылыс білдірді. “Қолында нағыз маман екендігін растайтын көк қағазы болса жөн-ақ. Білімі түгіл, еңбектенуге талпынысы жоқ олардың аз жұмыс істеп, көп жалақы сұрайтынын қайтерсің?!”, – деп ренішін ашық айтқанының астарында бүгінгі қазақ жастарының арасындағы толғандырар мәселе жасырынып жатқандай көрінді маған.  

Осы сауалдарға орай статистикалық мәліметтерді алу үшін облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Алма Құсайыноваға хабарластық. Оның айтуынша, үстіміздегі жылы өңіріміздегі педагогикалық және техникалық мамандықтар бойынша білім беретін колледждерге оқуға түскендердің жалпы саны он екі мыңнан асып жығылыпты. Техникалық мамандықтардың көрсеткіші 54 пайызды құраса, педагогикалық салаларды 46 пайызы қамтыпты.

– Соңғы екі-үш жылда техникалық мамандықтарды оқытуға елімізде барынша ден қойылып келеді. Тегін оқу, жатақханамен қамтамасыз ету сынды оңтайлы жағдайлар да қарастырылған. Соған орай өңір жастары арасында техникалық мамандықтарға сұраныс та жоғарылаған. Қазақ жастарының да санының артқандығын байқаймыз. Алайда, өзге этнос өкілдерімен салыстыруға келмейді, – дейді ол.

Петропавлдағы іргелі оқу ордасы – М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті студенттерді жиырмадан астам мамандық бойынша оқытып келеді. Университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры Айнагүл Мұхаметжанованың айтуынша, оқуға құжаттарды қабылдау кезінде талапкерлердің басым бөлігі педагогикалық мамандықтарға түсуге ынталы екендіктерін байқатады.

– Өңір жастарының көбінің техникалық мамандықтарды таңдауға, болашақта техниканың тілін меңгерген нағыз маман болуға құлшынысын байқай алмай отырмын, – дейді ол.

Осы тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ жастарының техниканың тілін меңгеріп, болашақтың кірпішін біліммен қалау үшін бүгіннен бастап дұрыс дайындық, қарымды қарекет жасауды айтқанын ойға аламыз. Жастарды назарынан тыс қалдырмаған Мемлекет басшысы: “Қараңыздар, Жапония, Қытай, Оң­түстік Корея, Сингапур, Малайзия сияқты елдер өздерінің идеялары мен технологияларын шебер орындауының, өздерінің тиянақтылығы мен еңбегінің арқасында табыстарға жетіп отыр”, – деген болатын.

Бала мамандық жайында мектеп қабырғасында оқып жүргенде жіті ойлана бастайды. Оқушының болашағын ойлап, дұрыс таңдау жасауына үйдегі ата-ана мен мектептегі ұстаздың ықпалы зор. Петропавл қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Асылы Әбдірайымова осыдан екі жыл бұрын мектепті тамамдаған қызының таңдауына аса ден қойып, мән бермегендігін айтады.

– Қызым Айдана бүгінде қабілетіне мүлдем сәйкес келмейтін “Балық шаруашылығы” мамандығында оқып жүр. Елордадағы медицина университетінің “Жалпы медицина” факультетіне оқуға түсуге талаптанып, барынша дайындалды. Тіпті, ұйқысыз таң атырып, ас-су татпай, кітап оқитын кездері де болды. ҰБТ тапсыратын күн жақындаған сайын қызым ақылынан алжасатындай, оқудан көз ашпады. “Бақ шаба ма, бап шаба ма?” дегендей, жинаған балы медициналық университетке түсуге жетпей қалды. Ақылы негізде оқытуды, жыл сайын 600-700 мың теңге төлеуді қалтам көтермеді. Оның үстіне “Жалғызым, жапырағым“ деп бар тапқанымды оның жолына тәрк ететіндей балам біреу емес, бесеу. Сондықтан да мемлекеттік грантпен оқып, қалайда қолыңа диплом ал деген мақсатпен “Балық шаруашылығында” оқытуға мәжбүрмін, – дейді.

Таңдауы табылса да, қолында қаражаты жоқ Асылы Әбдірайымова сынды ата-аналар біздің облысымызда жетіп артылады. Оқусыз, дипломсыз қалып қоймасын деген олардың жанайқайын түсінуге қанша тырысқанымызбен, жаны қаламаған мамандықта амалсыз оқып бітірген әлгі жастардың болашағына алаңдайсың. “Олардан қандай білікті маман шығады?” – деген сауалдың астарында “сапасыз кадр” деген жауаптың жасырынып жатқанына қынжыласың. Облыстық жастар бастамалары орталығы мамандарының есігін қағушы өрендердің көбінің жұмыссыздық мәселесімен бас қатыруының басты себебі осында жатқан жоқ па? Жастардың өз мамандығы бойынша екі қолға бір күрек таппай, күнкөрістің қамын күйттеп, базар аралап, сауда жасап немесе мейрамханаларда даяшылық қызмет көрсетіп жүруі де содан болар? Үстіміздегі жылы аталмыш орталықтың мамандары мен жастар мәслихаты ұйымының бірлесіп жүзеге асырған “Ең үздік жас жұмысшы” байқауының облыстық кезеңінде қазақ өрендері техникалық салада жемісті еңбек етіп жүрген үздіктер қатарынан көрінбеді. Жүлделі орындар былай тұрсын, ұйымдастырушылардың айтуынша, конкурсқа қатысуға тілек білдіргендердің қатарында қазақ азаматтары некен-саяқ болыпты.

“Техникалық мамандықты таңдау – нарықтың басты талаптарының бірі” деген қағиданы ұстанғандардың бірі – психолог Алма Ыбыраева. Бұл мәселеде ол бүгінгі ата-аналардың да нарық заманының талабын көп ескере бермейтіндігін сынға алды. Оның айтуынша, ата-ана баласының бейіміне көп көңіл бөлместен, болашағының жарқын, алаңсыз болғандығына жіті мән береді. Инженер, технолог боламын дегендердің бәрін қарапайым жұмыс киімімен, қара жұмыс істеп жүрген кейіпте ғана елестетіп, одан да жылы кабинетте, жұмсақ орындықта отырғандығын қалап, заңгер, экономист болуға үгіттейді. Соған сәйкес жастардың да пікірі қатып қалған қағидадай қалыптасқан. Мектеп түлек­те­ріне қатысты айтар болсақ, мамандық туралы ақпарат жеткіліксіз. Ең алдымен бүгінгі мұғалімдердің көбі техникалық мамандықтарға немқұрайды қарайды. ҰБТ-де сапасыз нәтиже көрсетіп, ұстаздардың еңбегін еш кетіреді-ау деп қауіптенген оқушылардан ертерек құтылуға тырысып, 9-сыныпты бітірткеннен кейін техникалық мамандықтарды оқытатын кәсіптік колледждерге бағыттайды. Оқушы түсінігінде техникалық мамандықтардың дені шарасыздықтан туындаған жағдай ретінде қалады, – дейді психолог.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp