Жоғары оқу орнын бітіре салысымен дипломмен ауылға аттанғандардың бірі – Хеда Ахвадова. Қызылжар ауданына қарасты Соколовка ауылында өмірге келген оның болашағын ауылмен байланыстыруына қарапайым елді мекеннің ыстық топырағында түлеп, ауылдың қоңырқай тұрмыс-тіршілігін көзбен көріп өсуі әсер еткен болар. Орта мектепті тамамдап, өмірдегі ең маңызды қадам – мамандық таңдау уақыты таяғанда екінің бірі атын оздыра алмайтын медицина саласына бүйрегі бұрып, ақ халатты абзал жан болуды көздейді. Талабына нұр жауып, Қарағандыдағы медициналық университетке кардиология мамандығы бойынша оқуға түседі.
– Менің тілдерді өз бетіммен талпынып үйренуге қабілетім жоғары болатын. Халықаралық қатынастар мамандығында оқуға бел байлап жүргенімде медицинаға іңкәрлігім ауды. Адамның емес, тағдырдың таңдауы деген осы шығар, – деген Хеда таңдаған мамандығына қол жеткізген алғашқы жылдары оқу бағдарламаларының күрделілігінен әбден қиналғандығын айтады. Сабыр түбінің салмақты болатынын сезініп, өтпелі қиындықтан ықыласы мен жігері алып шығыпты. Қарағанды медициналық университетінде 7 жыл бойы оқып, одан кейін Астанадағы медициналық жоғары оқу орнында тәжірибе алмасу курсынан өтіп, диплом алады.
– Жастардың дені қалаға қарай көш түзейтіндігі қалыпты құбылысқа айналып барады, ауылда қызмет етуді таңдауыңа не себеп болды? – деген сауалымызға:
– “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы – біліммен қаруланған өрендерді ауылға тарту арқылы елді мекендердің әл-ауқатын көтерудің бір жолы. Ауылға қарай ағылған жастарға мемлекет тарапынан жан-жақты жағдай жасалып отыр. Осының арқасында көп жастардың бас ауруына айналған баспана мәселесі оңай шешілді, еңбекақы мөлшері де көңілге қонымды. Ауылда қызмет етуді материалдық жағдайлардың оңтайлылығынан таңдағаным жоқ. Үкіметтен берілетін жеңілдетілген несиеге аудан орталығынан үй сатып алуымды өтінгендер де болды. Алайда, бұлардың бәрінен бас тарттым. Өмірімдегі қызығы да қиындығы мол еңбек баспалдағымды ең төменгі сатыдан бастауды жөн көрдім. Ауыл мен үшін тәжірибе мектебіндей, – деп жауап берді Хеда.
Оның айтуынша, бүгінде адамдар арасында көп таралған дерт жүрек-қан тамырлары ауруы көрінеді. Өйткені, өз денсаулығына атүсті қарайтын адамдар барған сайын көбейе түсуде. Осының салдарынан жас та, жасамыс та жүрек-қан тамырлары дертіне шалдыққан науқастардың қатарын толықтыруда. Әсіресе, қан қысымының көтерілуі салдарынан туындайтын асқынулар – жүрек талмасы, миокард, көз, тағы да басқа ағзалардың аурулары сияқты қауіпті кеселдер белең алып барады. Дер кезінде емделмеген гипертензия, жүрек талмасы, қант диабеті, семіздік, дұрыс тамақтанбау, аз қозғалыс, арақ ішу немесе шылым шегу секілді зиянды әрекеттер – жүрек-қан тамырлары дертіне шалдығуға бірден-бір себепші болатын факторлар екен. Күн сайын шағым айтып, дертіне ем іздеп келген 20-25 науқасты қабылдап, олардың әрқайсысымен жылы әңгімелесіп, ауырмаудың жолын сілтеуге жалықпайтын Хеданың болашақтағы арманы – білікті кардиолог болу. Ол мұның біліммен, тәжірибемен қалыптасатындығына сенімді.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.