Әр жылдың жаз мезгілінде Персеиданың метеорлық жауыны болады. Оны жерлестеріміз тамыздың 11-інен 12-сіне қараған түні тамашалай алады. Мамандардың айтуынша, дәл сол түні аспан ерекше кейіпке енетін көрінеді.
Персеида – ең қарқынды метеор ағыны. Көздің жауын алатын бұл құбылысты алғаш рет қытайлықтар байқаған. Кейін олар ең бірінші болып оған зерттеу жүргізген екен. Осылайша, халық бұл көріністі «жұлдызды жауын» деп атап кеткен.
Мамандар таңғажайып табиғи құбылысты қаланың шетінде, яғни жарық пен шаң жоқ жерде тамашалауға кеңес береді. Оған қоса, ағынды ұялы телефон мен телескоптың көмегінсіз бақылау дұрыс екенін айтады. Өйткені, метеор секундына 60 км жылдамдықпен жауады. Ал заманауи техника ғажайып көріністі анық көрсетпейді.
«Метеор диаметрі 1 см болатын кішкентай тас секілді. Ол қатты жылдамдықпен құлдилап келіп ауа қабатын кескенде тұтана бастайды. Кейін артынан жарқыраған із қалдырады. Ол тек 3 секунд сақталғанымен, адамдар оны анық көре алады», – деді М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ИжСТФ кафедра доценті, профессор Андрей Солодовник.
Шілденің 20-сынан бері болып жатқан таңғажайып құбылыс тамыздың 24-іне дейін жалғасады екен.
mtrk.kz
Сурет www.liveinternet.ru сайтынан алынды.