Мен бірнеше жылдан бері қант диабеті сырқатымен диспансерлік есепте тұрғандықтан, осы күнге дейін тегін дәрі-дәрмек алып келген едім. Осы айдан бастап дәрігерлер тегін медициналық препараттар берілмейтінін айтып отыр. Диспансерлік есепте тұрғандар үшін неліктен бұл көмек түрінің қысқарып қалғанын білгім келеді?
Мәриям ШАРАФЕДИНОВА,
зейнеткер.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Инна Калимбеттен келген жауаптың мәтіні төмендегідей:
“Қант диабеті сырқатымен есепте тұрған Петропавл қаласының тұрғыны Мәриям Шарафединованың мәселесі бүгінгі күні шешімін тапты, ол күндізгі стационарға жатқызылып, қажетті ем-дом шараларын қабылдауда. Ал диспансерлік есепте тұрғандар бүгінгі күні көмектен қол үзген жоқ, тегін дәрі-дәрмек жыл соңына дейін берілетін болады.
Қазіргі таңда облыс бойынша 112839 адам диспансерлік есепте тұр. Еліміздің әлеуметтік даму және денсаулық сақтау министрлігі бекіткен тізімге сәйкес осынша науқас тегін дәрі-дәрмекпен қамтылып отыр. Жыл сайын облыстық денсаулық сақтау басқармасы 1 миллиард теңгеден астам қаржыға дәрі-дәрмектің 400-ден артық түрін сатып алады. Бұл дәрі-дәрмектер аурудың 37 түріне арналған. Атап айтар болсақ, мұндай көмек түрін жүрек-қан тамыры жүйесі, тыныс демікпесі, гормонды-тәуелді сырқаттар, диабет, ағзаны ауыстырып отырғызу бойынша ота жасатқандар, теміртапшылықты анемия, екіқабат әйелдер мен басқа да ауру түрлері бойынша науқастар алып жүр. Ал тегін дәрі-дәрмек емдеуші дәрігердің тағайындауымен, рецепт бойынша беріледі.
Бүгінгі күні қан айналымы жүйесі бойынша сырқаттар диспансерлік топтың басым бөлігін құрайды. Сондай-ақ, жыл санап қан қысымының көтерілуі ауруымен зардап шегушілер саны артып келеді. Облыстық мәслихаттың шешімімен биыл екі мәрте осы санаттағы сырқаттар үшін қосымша қаржы бөлінді. Тегін дәрі-дәрмек үшін бөлінген қаржы жыл соңына дейін жетеді. Ал сырқаты енді анықталған науқастар да дәрі-дәрмекке қол жеткізе алады, олар күндізгі стационарда немесе үйде емделу мүмкіндігіне ие.
Ал әлеуметтік маңызға ие СПИД, туберкулез және инсулинге тәуелді диабет сырқаттарына дәрі-дәрмек орталықтандырылған жүйе бойынша сатып алынады және тұрғылықты жері бойынша емханалар, мамандандырылған медицина ұйымдары арқылы ғана босатылады. Бұл дәрі-дәрмектерге биылғы жылға ел қазынасынан біздің облысымыз үшін 2 миллиард теңге қаржы бөлінді”.