Уәлиханов ауданындағы ерекше қасиеті бар Теке көлі қайтадан мемлекет меншігіне қайтарылды.
2020 жылы ас тұзын өңдеуге арналған келісімшарт аясында жергілікті атқарушы органдар жалпы ауданы 21,5 мың гектар Теке көлін жер қойнауын пайдаланушыға берген болатын.
2022 жылы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт тоқтатылған. Алайда уәкілетті орган екі жылдан астам уақыт бойы сотқа дейінгі тәртіппен шартты біржақты бұзу жөнінде шаралар қабылдамаған, салдарынан көл мақсатсыз пайдаланылған.
Бұдан бөлек, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекстің талаптарына қарамастан, кәсіпкер құзыретті органның ресми сайтында жер қойнауын пайдаланушылардың тізілімінен алынбаған.
Мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры қабылдаған шаралар аясында жер учаскесін жалдау шарты сотқа дейінгі тәртіппен біржақты бұзылды. Кадастрлық құны 26,7 млрд. теңге болатын Теке көлі мемлекетке қайтарылды.
Құзыретті органның интернет-ресурстарындағы мәліметтер сәйкестендірілді, кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».