Ұлыларды туғызған ұлы қайнар,
Ешқашан абыройды кір етпедің.
Қазаққа тұтқа болған жайсаңдардың,
Білеміз осы өлкеде шыр еткенің, – деп ақындар жырға қосқан Уәлиханов ауданы – ешқашан тамырынан тектілік үзілмеген қасиетті мекен. Шынымен де, өзгелерден бәсі биік, абыройының асқақ болуының өзіндік сыры бар.
Бұл жерде халқына қалтқысыз қызмет еткен, “Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып, күн болуды ойлаған” Смағұл Сәдуақасов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Ғаббас Тоғжанов, Сәкен Жүнісов, Ахметжан Қазымбетов, Совет Масығұтов сынды аяулы ұлдар дүниеге келіп, кіндік кескен. Қазақ ғылымының, әдебиеті мен мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтар да аз емес. Олар жайлы да жерлестері ілтипатпен айтып отырады. Осындай халқымыздың беткеұстар асылдарын бесігінде құндақтаған біздің ауданның азаматтары нағыз елжандылықтың, туған жерге деген шынайы асыл сезімнің үлгісін көрсетіп отырғаны жүрегімізге қуаныш ұялатады. Халқымыз “Туған жерге туыңды тік” деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады ғой. Ал сүйіспеншіліктің нағыз үлгісі ауылыңды түлету, жерлестеріңе қамқор болу.
Елбасы “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында: “Мен “Туған жер” бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, “Туған елге” ұласады. Мәселен, “Ауылым – әнім” атты әнді айтқанда, “Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін” деп шырқайтын едік қой. Бажайлап қарасақ, бұл – мағынасы өте терең сөздер. Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі”, – деген еді.
Мемлекет басшысы туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап-құрметтеу қажеттігін айтқан болатын. Шынымен де, ел-жұртына жанашыр, ауылынан көмегін аямайтын азаматтар елді мекендерді көгалдандыруға, мектептердің компьютермен, спорттық жабдықтармен жарақтануына, жолдардың жөнделуіне атсалысып жатқанын көріп, көңіліміз шаттанып отырады. Солардың арасынан Саян Мүбараковтың есімін ерекше атап өткім келеді. Бүгінгі күні Астана қаласында тұрып жатқан ол 10 миллион теңгеге Қулыкөл ауылындағы бос тұрған ғимаратты қайта жөндеп, жастарға арнап спорттық кешен тұрғызды. Сондай-ақ, Қулыкөл ауылының Бөгенбай, Ғабдуллин көшелерін жарықтандыруға қаражат бөлді. Оның бұдан басқа да ауылдастарына жасап жатқан көмегі аз емес. Ең бастысы, ауылымның түтіні түзу ұшсын, жүдеп-жадамаса екен деген шынайы жанашырлықты көріп отырмыз.
“Кәсіпкерлер ауыл жастарына қамқорлық, қолдау білдірсе, ертеңгі күні олардың арасынан Ахметжан Қазымбетов секілді жұлдызы жарқыраған небір спорт майталмандары шығарына сенімдімін”, – дейді ол. Шынымен де, бірнеше мәрте “Қазақстан барысы” турниріне жолдама алып, Қызылжардың намысын арқалаған Алтынбек Аусағитов, басқа да балуандар Ахметжан Қазымбетов секілді арыстарға қарап, бой түзейді емес пе?!
“Нағыз азамат” деп ел-жұрты сүйсінетін тағы бір кәсіпкер – “Жолдаспай Агро” серіктестігінің басшысы Сүйіндік Жолдаспаев. Биыл жазда Уәлиханов ауданының 90 жылдық мерейтойына орай өткен республикалық айтыста оның ақындарға тұлпар мінгізіп, ал шын жүйрікке автокөлік кілтін табыстағаны көпшілікке мәлім. Ол Қызылжар төрінде Сегіз сері Баһрамұлының 200 жылдық мерейтойына орай Жүрсіннің жүйріктерінің қатысуымен өткен айтыста да жомарттық танытқан еді. Әрқашан ел-жұртына мәрт, жұртшылықты ізгі істерімен тамсандырып жүретін ол – аудандағы алғыс арқалаған азаматтардың бірі.
Абай Бейсембин туралы да мақтанышпен айтып өткім келеді. Ол 250 миллион теңге қаржысына Қулыкөл ауылында бассейн, ал Молодая гвардия ауылында демалыс орталығын салып жатыр. Туған ауылына, жерлестеріне деген жанашырлықтың нағыз үлгісін көріп отырмыз.
Бүгінгі күні Алматы қаласында тұрып жатқан жерлесіміз Виктор Вовктың ауылдастары үшін жасаған жақсылықтары бір төбе. Көбенсай орта мектебінің аумағын асфальттап, ауданның хоккей командасына спорттық киім сыйлағаны былай тұрсын, тіпті, стоматологиялық кабинет ашып, оны заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандырды.
Жеке кәсіпкер Сергей Беляков биыл 1,4 миллион теңге қаржысын жұмсап, Ақтүйесай ауылдық округінің жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізді. Ал Ұйымшыл Сағындықов өз ауылының мектеп оқушыларына спорттық киімдер сыйға тартты.
Ермек Мақатов, Кенжебек Жантілеуовтің ауылдастарына деген құрметіне жан сүйсінеді. Олардың ауданның әлеуетін көтеріп, руханиятын дамытуға қосып отырған үлестері зор. Біз жастардың бойына ұлттық намыс, рухани құндылықтарды сіңіру қажеттігін жиі айтамыз. Өскелең ұрпаққа жомарт жердің сауырынан ырыздығын тауып, еңбекпен өзі ғана емес, ауылын көркейтіп отырған осындай азаматтар үлгі бола алады.
“Біздің елдің жігіттері – жігіттердің төресі,
Біздің елдің жігіттері – ұлы мұхит кемесі.
Осы жұрттан бақ пен қызыр қашпаса екен деп тілеп,
Осал жерін түзеп жүрген біздің елдің шегесі”, – деп Есенқұл Жақыпбек жырына қосқан нағыз азаматтың келбеті, міне, дәл осындай болса керек.
Елбасы өз мақаласында: “Ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауға тиіс. Мен бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны “Қазақстандағы 100 жаңа есім” жобасы арқылы іске асырған жөн”, – деген болатын. Ел ішінде “Ұлылардың мекені” деп аталып кеткен Уәлиханов ауданында жүз жаңа есімнің қатарынан ойып тұрып орын алуға лайық жерлестеріміз аз емес.
Азаматтары аттан, қазандары оттан түспеген, қарттары қадірлі, жастары тәлімді, бірлігі бекем, берекесі бүтін біздің аудан кемел болашаққа ілкімді істерімен қадам басуда.
Гүлнәр САҒАЛИЕВА,
аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы.
Уәлиханов ауданы.