Бұрын көзілдірік тағатындар сирек еді ғой. Ал бүгінде мектепке кіре қалсаңыз, бірінші сынып табалдырығын аттағандардың өзі мынау өмірге терезенің ар жағынан қарағандай күй кешіп жүр. Окулистердің мәліметінше, Қазақстандағы 6 мен 15 жас аралығындағы балалардың 60 пайызының көру қабілеті нашарлаған.
Балалар ұзақ уақыт бойы теледидар мен компьютер алдында отыратынды шығарды. Оған күні-түні қолдан түспейтін гаджеттерді қосыңыз. Қозғалыстары да аз, аулада доп қуатындар да сиреген, яғни, балалардың қан айналымы нашарлаған. Осы факторлар баланың көру қабілетінің төмендеуіне әкеп соғады екен. Көз дәрігерлерінің айтуынша, алты ай телефонға телмірген жеткіншек жанарынан айырылып қалуы мүмкін.
– Бүгінгі күні мектепте де оқушылардың көзіне түсетін салмақ артып отыр. Білімді болған дұрыс, әрине. Бірақ әр нәрсенің мөлшері бар. Жұмыс барысында ата-аналардың аузынан “Үй тапсырмасын ұялы телефонға түсіріп алыңдар”, – дейтін мұғалімдер де бар екенін естідім. Ұялы телефон мен планшет – көздің басты “жауы”. Кішкентай балалар жылағанда “тынышталса болды”, деп қолына ұялы телефонды ұстата салатын аналар да бар. Оның арты неге әкеліп соғатынын ойланып та жатпайды. Көптеген ата-аналар балаларының көру қабілетінің төмендегенін байқамайды, – дейді Петропавл қаласындағы №1 балалар емханасының көз дәрігері Наталья Волкова.
Көздері нашар көретін балалардың көбейгенін дәрігерге қаралуға келетін жеткіншектердің қатарының көптігінен-ақ білуге болады. Петропавл қаласындағы №1 балалар емханасындағы окулист кабинетіне күніне орта есеппен 60-70 бала келеді екен. Бірі диагностика жасатса, екіншісі ем қабылдайды. Сәбидің көру қабілеті ересектерге қарағанда тез нашарлайды. Сондықтан ертең опық жеп қалмау үшін қазірден бастап телефон мен теледидарға телмірткенді тоқтату қажет.
– Өткен жазда теледидарға қосылатын ойын приставкасын сатып алдық. Оған қоса екі баламның әрқайсысында өз планшеттері бар. Ойнауға тыйым салсақ, жылап мазаны алады. “Ештеңе етпес”, деп бәрін қолдарына ұстатып қойдық. Соңғы кездері кішкентай ұлымның алдында тұрған затты көрмейтіндігін байқап жүрдім. Енді, міне, дәрігер ұлымның көзі тек 30 пайызға ғана көретінін хабарлап отыр. Төбемнен жай түскендей болды. Дәрігер емдеуге болатынын айтып жұбатты. Бәріне өзім кінәлімін. Осы ой жегідей жейді. Әттең, уақытты кері шегіндіруге болмайды. Жыласа да планшетке жақындатпас едім, – дейді көзіне жас алған Петропавл қаласының тұрғыны Гүлжан Орынбасарова.
Мына жайттарға да назар аудармауға болмайды. Жалпы білім беретін орта мектептермен салыстырғанда, тереңдете білім беретін лицейлер мен гимназиялардың оқушылары көз дәрігеріне жиі барады екен. Ауыл балаларымен салыстырғанда, қалалықтардың көру қабілеті нашар. Дәрігерлер мұны көп оқу мен қимыл-қозғалыстың аздығымен байланыстырады. Сондықтан мамандар балаларды түрлі спорт үйірмелеріне апаруға кеңес береді.
– Күн сайын сабақ басталмас бұрын балалардың ұялы телефондарын жинап аламын. Тек сабақ аяқталған соң ғана қайтарып беремін. Барлығы дерлік телефондары қолына тиісімен, ойын ойнай бастайды. Сыныпта көз дәрігерінің есебінде тұрған оқушылар баршылық. Бәріне бірдей бірінші қатардан орын таппай дал боламын, – дейді Петропавл қаласындағы Қожаберген жырау атындағы №6 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Сәуле Шаймерденова.
Қазақта “Көз ауырса, қолыңды тый” деп келетін мақал бар, бүгінде қолды емес телефон ойнау мен теледидар көруді тыю қажет сияқты. Жалпы көз дәрігерлері ұялы телефон мен планшеттен фильмдер қарауға 15 жасқа дейін тыйым салу керек деген пікірде.
Эльмира КӘЛЕНОВА,
журналист.