“Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” демекші, әр адамның арман-мақсаты өз отбасында қалыптасады. Әкеге қарап, өзінің өмірлік жолын айқындап, ата дәстүрін жалғаған ізбасарларды көптеп кезіктіруге болады. Бір шаңырақтың өрелі ісін жалғап, ішкі істер органдарында бүгінде үшінші буыны абыройлы қызмет атқарып келе жатқан Шайкөзовтер әулеті тек сырлас, мүдделес жандар ғана емес, сондай-ақ, қызметтік мәселелерді бірге шешіп, кәсіби міндетті бірінші орынға қоятын отбасылардың бірі. Бұл әулеттің мүшелері тәртіп сақшысы қызметін кеңес милициясынан бастап, бүгінде тәуелсіз Қазақстан полициясында жалғастырып келеді.
Отбасындағы асқар тау әке, аяулы ата Еркен Шайкөзов – өмірінің 30 жылын құқық қорғау саласына арнаған. Ол 1937 жылы Айыртау ауданы Саумалкөл ауылында туған. 1956 жылы кеңес армиясының қатарына шақырылып, Отан алдындағы қасиетті борышын Белоруссияда өтеген. 1959 жылы әскер қатарынан оралған ол жарты жылға жуық Володар автобазасында көлік жүргізушісі болып жұмыс істеген. Бұдан соң Айыртау аудандық ішкі істер бөлімінде мұрағат меңгерушісі, ауданаралық түзету жұмыстары инспекциясының бастығы қызметтерін атқарған. Осы лауазымда полицияның кіші лейтенанты шенін алған ол кейін Айыртау аудандық ішкі істер бөліміне жедел уәкіл ретінде жұмысқа қабылданып, бес жылдан соң Көкшетау облыстық ішкі істер басқармасына тергеу бөлімінің тергеушісі қызметіне ауысқан.
1968 жылы КСРО Ішкі істер министрлігі Қарағанды жоғары мектебіне заңгер-құқықтанушы мамандығы бойынша сырттай оқуға түсіп, оны тамамдаған соң Шымкент қаласында ірі ұрлық бойынша қылмыстық істі тергеумен айналысып, қаракөл терілерін ұрлап, шетелге сатпақ болған 11 қылмыскерді темір торға тоғытқан. Еркен Шайкөзовтің осы сияқты қылмыстық істі ашамын деп басын қатерге тіккен кездері аз емес. Мамандыққа адалдық танытып, қоғам тыныштығы жолында еңбек етті. Бұл жылдары қызмет баспалдағымен аға тергеушіге дейін көтеріліп, милиция майоры шеніне қол жеткізген Еркен Хамитұлы ішкі істер органдарындағы адал қызметі үшін үш дәрежелі “Мінсіз қызметі үшін”, “Кеңес милициясына 50 жыл”, “КСРО еңбек ардагері”, “Қазақстан полициясына 25 жыл” медальдарымен марапатталған. Өмірінің отыз жылын құқық қорғау қызметіне арнаған ол 1988 жылы құрметті еңбек демалысына шыққан. Жасы сексеннің сеңгіріне жақындаған ардагер бүгінде аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі.
Оның екі ұлы тәртіп сақшысының ауыр да абыройлы қызметін таңдапты. Жанашыр әке балаларына адамгершілік қасиетті ғана емес, патриоттық тәрбиені де қатар беріп, Отанға қалтқысыз, адал қызмет етуді үйретті. Қарияның үлкен ұлы Екпін де әкесі секілді құқық қорғау саласында 30 жыл жемісті еңбек етіп, полиция майоры шенімен зейнетке шығыпты. Ал кенжесі Берік бүгінде Айыртау аудандық ішкі істер бөлімінде инспектор лауазымында қызмет етіп жүр.
Берік Шайкөзов бала күнінен-ақ асқар таудай әкесіне еліктеді. Оның арнайы үлгідегі киімді кигеніне қызығып, “мен де әкемдей милиционер боламын” деген қиялмен өсті. Осылайша, Берік Еркенұлы еңбек жолын 1992 жылы Көкшетау қалалық полиция бөлімінде патрульдік бекеттің милиционері ретінде бастапты. Ал 1993-1997 жылдары жол полициясында қызмет еткен. Бұдан соң қылмыстық іздеу бөліміне жедел уәкіл болып ауысқан. Мұнда 10 жыл бойы жұмыс істеген ол қызмет бабымен қылмыскерлерді, хабарсыз жоғалып кеткендерді іздеп, Ресейге барған. Қылмыстық іздестірудегі күрмеуі қиын істерді жүргізе отырып, шыңдалған ол аға жедел уәкіл лауазымына дейін көтерілген. Уақытпен санаспайтын жұмыс режімі, түнгі рейдтер, қауіпті сәттер, қылмыскерлермен бетпе-бет келу – барлығы жедел уәкілдің күнделікті тіршілігі. Қандай қиындыққа да төтеп бере білетін Берік Еркенұлы еңбекқорлығының арқасында басшылықтың назарына бірден ілікті. 2011 жылы әрбір істе табандылық көрсетіп, қызметтің қыр-сырына үңіле білген ол лицензия-рұқсат беру жүйесіне ауысады. Әкесі секілді бірнеше медальмен марапатталған.
Мемлекет мүддесін биік қойып, асқақ мұраттарға адал қызмет етіп келе жатқан полицейлер әулетінің үшінші буыны – немерелері де ата дәстүрін жалғауды парыз санаған. Еркен Шайкөзовтің үлкен ұлы Екпіннің баласы Алмас Шайкөзов Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Барымбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының 3-курсында оқиды. Ал қарияның екінші ұлы Серіктің баласы Аслан Еркенов қазіргі таңда Бурабай аудандық ішкі істер бөлімінде тергеуші болып жұмыс істейді. Шайкөзовтер әулетінің үлкені де, кішісі де темірдей тәртіпке бағынады. Өйткені, бұл қызмет босаңсуды көтермейді. Әркім өз мақсатына тек адал еңбегі, маңдай терімен қол жеткізуі тиіс. Бүгінде Шайкөзовтер отбасына қарай отыра, еліміздің ішкі істер органдары қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті күзетіп қана қоймай, ізін басар, ісін жалғастырар ұрпақ даярлап жатыр деуге әбден болады.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.