«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕРІСКЕЙЛІКТЕР ҚОЛДАП ОТЫР

Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру – заман талабы. Әлемде кең қолданылатын бұл таңбалар тіліміздің тынысын кеңейтіп, ғылым мен инновацияны игеруде көмек болмақ. Латыншаға көшу ел дамуының басты бағдары – “Қазақстан – 2050” Стратегиясында негізгі міндеттердің бірі ретінде айтылып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласында жүзеге асырудың нақты жолдары мен мерзімі көрсетілген. Қазақстандық ғалымдар әзірлеген алфавиттің жаңа нұсқасы талқыланған Астанадағы парламенттік тыңдауға Солтүстік Қазақстан облысының өкілдері де қатысқан болатын.

Әліпбидің жаңа нұсқасын жасаушы – Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты. Жалпы ғалымдар мен қоғам өкілдерінен құралған арнайы комиссияға қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің жүзге жуық нұсқасы ұсынылған екен. Тіл мамандары ақылдаса келе ешбір қосымша ноқаттарсыз латынның классикалық алфавитіндегі 25 әріпті қолдана отырып, құрастырылған түрін дұрыс деп тапқан. Қазақ тіліне ғана тән кейбір әріптер диграфтар, яғни екі әріптің қосарлануы арқылы берілмек.

– Бұл қабылданған соңғы нұсқа емес. Әлі де түзетулер болып қалуы мүмкін. Жылдың соңына дейін қоғамда кең көлемді талқылаулар өтеді. Әркім өзінің дәлелді пікірін білдіруге құқылы, – деді парламенттік тыңдауға қатысып қайтқан облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Кемел Оспанов.

Жыл соңына дейін әліпбидің нұсқасы бекітіледі. Ал одан кейін үйрететін ұстаздар даярланып, бастауыш сыныптардан бастап енгізіледі. Бұл үрдіс асығып-аптығуды көтермейді. Соңғы меже, яғни жаңа әліпбиге жаппай көшу мерзімі 2025 жыл деп белгіленіп отыр. Латын әліпбиіне көшу мәселесіне арналған шаралар облыста басталып та кетті. Бұған дейін тілдер жөніндегі басқарма төрт ауданда кездесулер ұйымдастырып, жастар арасында дебат жарысын өткізген екен.

Парламентте өткен талқылауға қатысып қайтқан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсем Рахметова бұл жаңашылдықты халыққа жеткізіп, олар өз пікірлерін білдіруі үшін бұқаралық ақпарат құралдарында арнайы айдарлар ашылып, бағдарламалар түсірілуі қажеттігін ескертті.

Қызылжар өңірінің тұрғындары қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуін қолдап отыр. Мұны облыстық тілдер жөніндегі басқарма мен “The Last Hope” үкіметтік емес ұйымы бірлесіп жүргізген сауалнама нәтижесінен де аңғаруға болады. Сауалнамаға қатысқан Петропавл қаласы мен 13 аудан тұрғындарының көбі бұл жаңашылдықты құп көретіндерін айтқан екен.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp