Қазақстан өзінің тарихи даму барысында зайырлы ел мәртебесіне ие болды. Ол Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілді. Секуляризация қоғамның, жеке адамның дін ықпалынан арылуы саясаты барлық посткеңестік мемлекеттерге тән. Білім беру, денсаулық сақтау және т.б. ұйымдар, мемлекеттік және құқық қорғау органдары, әскер діннен бөлінген, оларда діни бірлестіктердің қызметіне тыйым салынған. Миссионерлік, діни әдебиеттерді, осы мақсаттағы заттарды тарату мәселелері мемлекеттің бақылауына алынды. Сонымен қатар, мемлекет діни бірлестіктердің ішкі қызметіне араласпайды.
Зайырлық саясатын ұстану мемлекетке дінге сенетін және дінге сенбейтін азаматтар арасындағы мүдделердің тепе-теңдігін, азаматтық қоғамдағы этносаралық және конфессияаралық бейбітшілік пен келісімді сақтауға мүмкіндік береді. Ал елімізде соңғы жылдары орын алған оқиғалар – Ақтөбе облысында лаңкестік қауіптің қызыл, еліміздің басқа өңірлерінде қызғыл сары деңгейдің сақталуына байланысты тұрғындарға құқықтық оқыту, оларға дәстүрлі рухани құндылықтарды жеткізу, радикалды бағыттағы дінді оқудың қаупін ашып көрсету бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысы өзектілене түсті.
Осы мақсатта Солтүстік Қазақстан облысының дін істері жөніндегі басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында “Демеу” балалық шақ мәселелерін үйлестіру орталығы” жекеменшік коммерциялық емес мекемесі үстіміздегі жылдың тамыз-қазан айлары аралығында облысымыздағы он үш ауданы мен Петропавл қаласы тұрғындары үшін түрлі шаралар өткізді. Шаралар барысында солтүстікқазақстандықтардың діни сауаттылығы төмен екендігі белгілі болды. Әлеуметтік сауалнама нәтижесіне сүйенсек, респонденттердің 80 пайызынан астамы дінге сенетіндіктерін, алайда, діни іс-шараларға қатыспайтындығын ашық жазған. Діннің негіздерін білмейді, қазіргі заманғы дін оқуларының айырмашылығын, оларға кірудің қаупін, қатерін түсінбейді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XV сессиясында сөйлеген сөзінде “Соңғы кездері біз қандай да бір діннің тереңіне бойламай, діндердің ізгілігіне, шынайылығы мен жалпыға ортақ басқа да қырларына дендеп енбей жатып діндарлықтың сәнге айналғанын көріп отырмыз. Адамдарды қандай да бір дінді қабылдауға мәжбүрлеуге болмайды. Бұған діндердің өзі тыйым салады. Сондықтан жастарға ерекше назар аудару қажет”, – деген болатын. Бүгіндері біздің өңірде де сақал жіберген, қысқа шалбарлы жастар мен хиджаб киген қыздар ұшырасады. Олардан “Қай дінді ұстанасыңдар?” деп сұрасақ, “Шынайы мұсылманбыз” деген жауап береді. Шындығына келсек, олар – тарихты, ұлттық дәстүрлерді, салттарды, түркі әлемін ұмытқан салафиттер.
Соңғы жылдары салафиттер еліміз бойынша бірқатар лаңкестік актілердің бастамашылары, орындаушылары болды. Сондай-ақ, еліміздің басқа өңірлерінде экстремизм мен лаңкестікке шақырған жасырын ұйымдасқан топтар құрықталды. Осының барлығы теріс ағымдар тұлға, отбасы, қоғам, мемлекет үшін аса қауіпті екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Олардың атаулары және міндеттері әртүрлі болса да, бірақ көздегендері бір – адамды өздеріне толық бағындырып, билікке жету және ақша табу. Өткенде бір танысым 50 жастағы туысының жағдайын айтып, мұңын шақты. Оның жұмыс істеуге зауқы жоқ, қоғамдық өмірге, елде болып жатқан өзгерістерге қызығушылық танытпайды, туыстарымен араласпайды екен. Барлығынан теріс айналған. Тек Қарағанды қаласында тұратын таныстарымен ғана байланыс орнатып, солар оның өмірінің мәніне айналған көрінеді. Ал екінші бір танысымның баласы өздерін “мұсылманбыз” деп таныстырған белгісіз біреулермен араласқан. Әлгі жас жігіт ата-анасына: “Құдайға дұрыс құлшылық жасамайсыңдар, сендер кәпірсіңдер. Мемлекет әділетсіз” деп шу шығаратын көрінеді. Ата-ананың ақылын аяқ асты еткені соншалық, олармен араласудан қалған. Бұлар дәстүрлі емес, радикалды діннің арбауына түскендер. Екі жағдайда да ұзақ психологиялық көмек көрсетілуі керек және оларды тартқан діни оқудың дұрыс еместігін, ол жолмен жүру жақсылыққа апармайтынын дәлелді түрде түсіндіру қажет.
Жастарды осындай жаңсақ қадамдардан дер кезінде сақтандыруымыз керек. Себебі, олар барлық жаңашылдықты тез қабылдайды. Біз жуырда “Серпін – 2050” мемлекеттік бағдарламасы бойынша өңірімізге білім алуға келген М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің және Петропавлдағы колледж студенттерімен кездестік. Себебі, әрбір өңірдің өзіне тән менталитеті, салт-дәстүрлері, дінге деген көзқарастары бар. Осы кездесулердің нәтижесінде хиджаб кию, жұма намазын оқу үшін сабақты босату фактілері азайды, олардың ойлары мен талпыныстары зайырлы бола бастады. Мемлекет діни ғимараттарға баруға, діни іс-шараларға қатысуға тыйым салмайды, бірақ жастардың басты мақсаты оқу, лайықты білім алу, жұмысқа орналасу болуы керек.
Жұлдыз САТТАРОВА,
“Демеу” балалық шақ мәселелерін
үйлестіру орталығы” жекеменшік коммерциялық емес
мекемесінің директоры.