«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕҢГЕГЕ ДЕГЕН СЕНІМ ЖОҒАРЫ

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалының кезекті брифингінде сөз алған спикер, Ұлттық банктің облыстық филиалының директоры Жомарт Қажырақымов теңгенің тарихына тоқталды.

Ол еліміз егемендік алғаннан бері қол жеткізген жетістіктерді сандық көрсеткіштермен сипаттады. “Тәуелсіздік жылдары елімізде жұмыссыздық 5 пайызға дейін қысқарды. Егемендіктің алғашқы жылы адам басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 300 АҚШ долларын құраса, 2015 жылы ол 10,5 мың АҚШ долларына жетті. Бұл көрсеткіштер елдегі қаржылық жүйенің даму нәтижесінің көрінісі. Үкіметіміздің басты ұстанымдары макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және экономиканы жаңғырту екендігін білеміз. Осы ширек ғасырда біз үлкен қиындықтарды еңсердік”, – деді ол.

Қаржы саласында ұзақ жыл қызмет атқарып келе жатқан Жомарт Оралұлы теңгенің айналымға енгізілуі туралы әңгіме тарқатты. Еліміз тәуелсіздік алып, егемендіктің бір нышаны болып табылатын ұлттық валютаны айналымға қосқан кезде бірқатар қиындықтар орын алған. Спикер 1993 жылдың 15-22 қараша күндері аралығында еліміз бойынша қолданыста жүрген 500 тонна рубль жиналып, өртелгенін айтты. Теңгенің алғашқы партиясы Ұлыбританияның банкноттар фабрикасында жасалғанын тілге тиек еткен банкир оның дизайны көптеген халықаралық жүлделерге ие болғанын мақтанышпен жеткізді. Бүгінге дейін теңгенің айналымдағы қағаз банкноттарының дизайны – төрт рет, монеталар үш рет өзгерген.

Теңгенің шетел валюталарына шаққан кездегі бағамы қаржылық дағдарысқа байланысты құнсызданғаны белгілі, десек те, Үкімет қаржылық ахуалды жақсарту үшін түрлі шараларды жүзеге асыруда. Үкімет жылдық үстемеақысы жоғары ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру үшін 130 миллиард теңге бөліп, былтыр теңге бағамының еркіндікке жіберілуіне байланысты салымшылардың депозиттегі қаржысына 30 пайыз сыйақы қосылып, қолдау көрсетілгендігін жеткізді.

– Теңгеге деген халықтың сенімі жоғары. Ол солтүстікқазақстандықтардың банктерге 111 миллиард теңгенің қаржысын сеніп тапсырғанынан анық аңғарылады, – деді Жомарт Оралұлы.

Еліміздің бірінші банкі арқылы алтын, күміс және циркулярлы монеталар көп сатылады. Банк мұрағатында мұндай монеталардың 240 түрі бар. Аз мөлшерде шығарылатын кәдесыйлық бұйымдардың бағасы қандай металдан жасалғанына қарай әртүрлі бағаланады.

Спикер Петропавл қаласына арналған монета шығарылуға тиіс екендігін жеткізді. Бүгінде барлық облыс орталықтарына арналған монеталар таратылған, жалғыз Қызылжар қалыпты. Оны желтоқсан айында шығару жоспарланған.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp