«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕҢГЕ ТӨРГЕ ШЫҚҚАН КҮН

Осыдан 27 жыл бұрын ұлттық валюта – теңге қаржы нарығында айналымға енді. Президент Жарлығымен 1997 жылдан бастап 15 қараша төл теңгеміздің туған күні әрі қаржыгерлердің кәсіби мерекесі болып белгіленді. Теңгенің қолданысқа енгізілген сәті Тәуелсіз Қазақстанның даму тарихындағы ең айшықты парақтардың бірі және оның әр қазақстандық үшін маңызы зор екені сөзсіз. Облысымызда ұлттық валютаны айналымға енгізу үдерісіне өзіндік үлесін қосқан қаржыгер жерлестеріміз көп. Самайына ақ түссе де, әлі күнге дейін өз қызметін абыройлы атқарып жүрген мамандардың бірі – Қалима Дүйсембина.

Ондаған жыл өтсе де, қаржы жүйесінің ардагері Қалима Дүйсембина төл теңгемізді алғаш қолына ұстаған сәтін ұмытпағанын айтады.
– Облыс орталығында кассир болып жұмыс істеп жүргенмін. Сондықтан біз жаңа валютамен жұрттан бұрын танысу мүмкіндігіне ие болдық. Теңгені қолымызға ұстаған кезде қатты толқыдық, – дейді Қалима Ивановна.
Қырық жылдан астам еңбек өтілі бар маман теңге айналымға енгізілген кезде Петропавл қаласындағы жинақ банкінің облыстық филиалында жұмыс істеген екен. Облыс орталығындағы №21 орта мектепті бітірген бойжеткен 1979 жылы кассаға жұмысқа орналасады. 1988 жылы басшылық іскер әрі жұмысына жауапкершілікпен қарайтын қызметкерді жинақ банкке (қазіргі “Халық банкі” облыстық филиалының ғимараты) ауыстыру жөнінде шешім қабылдайды. Сол кездегі филиал басшысы Амантай Баженов жас маманға қаржылық-кассалық жұмысты ұйымдастыру бөлімінің басшысы қызметін сеніп тапсырады. Күнделікті жұмыспен қатар жоғары білім алуды алдына мақсат етіп қойған Қалима Ивановна Қарағандының есеп-несиелік техникумын мемлекеттік банктегі есеп, ал кейін Алматы халық шаруашылығы институтын қаржы және несие мамандығы бойынша сырттай оқып тамамдайды.
Қазақстан Президенті “Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасын енгізу туралы” Жарлыққа қол қойып, нақ сол күннің кешінде теледидар арқылы халыққа осынау шешімнің мәнісін егжей-тегжейлі түсіндіріп, барлық азаматтарды сабырлыққа шақырғаны кешегідей көз алдында. Тұманды Альбионда жасалған валютаның 60 пайызы төрт “ИЛ-76” ұшағының көмегімен Қазақстанға әкелініп, ол жедел әрі құпия жағдайда сегіз күннің ішінде республика өңірлеріне жеткізілген болатын. 1993 жылдың 15 қарашасында таңғы сағат 8.00-ден теңге қолданысқа енгізіле басталды. Жоғары санатты кассир Калима Дүйсембина да өз әріптестерімен бірге банкке келген жерлестеріміздің ескі ақшасын жаңа теңгеге ауыстырып беру жұмыстарына бір адамдай қатысқан.
– Халық алты күннің ішінде қолдағы ақшасын тәуелсіз елдің валютасына айырбастауы керек еді. Сондықтан алғашқы күннен бастап банктің кассасына келіп, ескі ақшасын ауыстыруға ниет білдірген халықтың қарасы қалың болды. Бір апта бойы екі ауысымда жұмыс істеуімізге тура келгені есімде. Ескі 500 сом банкнот 1 теңгеге айырбасталды. Ал 1 АҚШ долларына 4,75 теңге берілді.
Ұлттық банк, екінші деңгейлі он екі банктің филиалдары, есеп айырысу кассалары тәулігіне 19 сағатқа дейін тұрғындар қаржысын ауыстырып жатты. Нәтижесінде алты күннің ішінде 8 млрд. рубль қабылданыпты.
Тәуелсіздік алған жылдардан бері есептесек, теңгенің жарыққа шығуы ел үшін тарихи кезең болғаны сөзсіз. Бастапқыда шетелде басылған ұлттық валюта 1995 жылдан бастап елімізде шығарыла бастады. Кейін Алматы қаласында Ұлттық банктің банкнот фабрикасы, Өскеменде Монета сарайы ашылды. 27 жылдың ішінде теңгенің дизайны бірнеше рет өзгеріске ұшырады. Мәселен, кезінде қағаз ақшаны бедерлеген әл-Фараби, Әбілқайыр хан, Сүйінбай Аронұлы, Абылай хан мен Шоқан Уәлихановтың суреттері қазіргі банкноттарда жоқ. Тәжірибелі кассирдің айтуынша, Халықаралық банкнот қоғамдастығы 2011, 2012 және 2013 жылдары 10, 5 және 1 мың теңгелік мерейтойлық банкноттарды “Жылдың ең үздік банкноты” атағына лайық деп таныған. Бұған дейін бірде-бір елдің ұлттық валютасы үш марапат алып көрген емес.
Қалима Дүйсембина алдағы жылы зейнет демалысына шықпақ. Қаржы жүйесіндегі қажырлы еңбегі атаусыз қалған жоқ. Әр жылдары облыс әкімінің, банк басшылығының және облыстық қаржы басқармасының Құрмет грамоталарымен, мерейтойлық Алғыс хаттарымен марапатталған. Қаржы маманы тәуелсіздігімізді паш ететін төл теңгенің асар белестері биік, болашағы жарқын болатынына сенімді.

 

Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp