Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық тойына арналған 25 жұлдызды күн акциясы аясында оқушыларға төл теңгеміздің айналымға енгізілген күнінің мән-мағынасы ашылып, ұлттық валютамыз туралы жан-жақты мағлұмат берілді. Жұмабек Тәшенев атындағы №20 орта мектепте өткен “Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы” тақырыбына арналған дәріске 5-9-сынып оқушылары қатысты.
Ұлттық валютамыздың айналымға енуі – Қазақстанның тарихындағы айрықша оқиғалардың бірі. 1993 жылдың қараша айында Қазақстан Президентінің “Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасын енгізу туралы” Жарлығы шықты. “Тәуелсіздік тарихын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтан бөліп-жара алмаймыз. Бұл екеуі тығыз байланысты. Қазақстан Ұлттық банкі еліміздің дамуына Президенттің қосқан үлесін бейнелейтін мерейтойлық банкнотты 1 желтоқсан күні айналымға шығармақ”, – деген тарих пәнінің мұғалімі Бауыржан Тасболатов теңгенің ел тағдыры мен экономикасында алатын маңызды орны туралы баяндады.
Мектептің оқушылары Зарина Қазова, Айдана Қаршығаева, Ақнұр Қазияқпар, Сәбина Уристемова, Айым Хамзе ширек ғасырда елімізде қолданылған валюталарды бейнероликтен көрсетіп, олардың элементтеріне шолу жасады.
Осы күні Петропавлдағы №43 орта мектептің орта буын оқушылары арасында ұлттық валютаның шығу тарихына арналған викторина өтті.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.