Облыстық әкiмдiкте өңiр басшысы Ерiк Сұлтановтың төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Онда үстiмiздегi жылдың он айында бюджеттiң орындалуы, сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтер мәселесi қаралды.
Күн тәртібіндегі бiрiншi мәселе бойынша қаржы басқармасының басшысы Ескен Әкiмжанов баяндама жасады.
– Үстіміздегі жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша облыстық бюджетке 26 987,8 млн.теңге қаржы түсуі күтiлсе, ол көрсеткіш 27 640,4 млн. теңгенi немесе 102,4 пайызды құрады. Өңір қазынасына болжамнан тыс 652,6 млн.теңге түсті, – дедi мекеме басшысы.
Облыс әкiмi жауапты мекеме басшыларына мемлекеттiк бағдарламаларды жүзеге асыруға бөлiнген бюджет қаражатын толық және тиімді игеруді тапсырды.
Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының қызметi жөнiнде мекеме басшысы Нұрлан Құрманбеков баяндап, қолға алынған жобалар туралы айтып бердi. Бұл басқарма жобалау-iздестiру, құрылыс-құрастыру жұмыстарына, сондай-ақ, үлескерлер қаражаты есебiнен тұрғын үй салуға лицензия беру бойынша мемлекеттiк қызмет түрлерiн көрсетедi. Бұдан бөлек, басқарма сәулет, қала құрылысы, құрылыс саласы бойынша инженерлiк қызметтер мен сараптамалық жұмыстар жүргiзетiн сарапшыларды аттестаттаудан өткізедi.
– Лицензиялау саласында мемлекеттiк қызметтердi жүргiзу бойынша 2016 жылдың 3 тоқсанында 83 мемлекеттiк қызмет көрсетiлдi. Оның 39-ына мемлекеттiк лицензия берiлген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда біршама жоғары. Егер 2015 жылдың сәйкес мерзiмiнде 79 мемлекеттiк қызмет көрсетiлсе, 29-ына мемлекеттiк лицензия берiлген, – дедi Нұрлан Құрманбеков.
Басқарма мамандары лицензия алушыларға Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша ақпараттық-түсiндiру жұмыстарын жүргiзумен де айналысуда.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.