«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТИІМДІ ТҰСТАРЫ КӨП

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2014 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында: “Сот жүйесі іс жүзінде ашық және қолжетімді, қарапайым және барлық дауды тез шеше алатындай болуға тиіс”, – деген болатын. Сондай-ақ, “Нұр Отан” партиясының XVI съезінде әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу үшін 5 институттық реформаны ұсынды. Елімізде заң үстемдігін қамтамасыз ету мақсатында нақты қадамдар белгіленіп, оны орындау мақсатында сот органдарында жүйелі жұмыс жүзеге асырылуда. Соның ішінде прокурордың азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі соттарға қатысуын қысқарту мәселесі де бар.

Қоғамның әлсіз топтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау – прокурорлардың тікелей міндеті. Алдағы уақытта соттың немесе прокуратураның ұсынысымен ғана айыптаушы орган мемлекеттің мүддесін, өз құқықтары мен мүдделерін қорғауға мүмкіндігі жоқ азаматтардың ісіне немесе халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарының жаппай жұмыстан босатылуы, еңбек ұжымдарына жалақы төлемеу даулары бойынша ғана соттарға қатысуы көзделген.  

Сондай-ақ, жаңа заңға сәйкес апелляциялық, кассациялық және қадағалау сот алқаларының отырыстарына прокурордың міндетті түрде қатысу ережелерінің күші жойылатын болады. Статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің ақпаратына сүйенсек, 2014 жылы прокурорлар соттарда 220 436 мың азаматтық істер мен материалдарды қарауға қатысқан. Прокурордың соттарда қаралатын азаматтық-құқықтық дауларға қатысу құқығының қысқартылуының тиімді тұстары көп. Алдымен әкімшілік шығыстар қысқарады, прокуратура органдарының қылмыстық істер бойынша айыптауды қолдау функциясын толығымен атқаруға мүмкіндігі артады.

Қазақстан Республикасы Конституциясындағы 83-баптың 1-тармағына сәйкес прокуратура мемлекет атынан ел аумағындағы заңдардың, Мемлекет басшысының Жарлықтарын және өзге де нормативтік-құқықтық актілердің орындалуын, әкімшілік және орындаушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалауды жүзеге асырады. Ата Заңға қайшы келетін әрекеттерге, құқықтық актілерге наразылық білдіреді. Прокуратура органдарына жүктелген қызмет түрлерінде сот процестеріне қатысу міндеті көрсетілмеген.

Ал бүгінгі таңда прокуратура еліміздегі құқық қорғау органдарының жүйесіне кіре тұра, өзіне тән емес сот процесінде қадағалау функциясын атқарады. Құқықтық жүйесі ілгері дамыған Еуропа елдерінде прокуратура органдары сот процесінде қылмыстық айыптаумен ғана шектеледі. Халықаралық құжаттардың көбінде прокуратура органдарын “жариялы айыптау қызметі” деп атайды.

Еуропалық сот жүйесінің тәуелсіздік стандарттары туралы Венеция комиссиясы есебінің 87-тармағында: “Айыптау қызметі, біріншіден, өзінің назарын қылмыстық құқыққа аударуы тиіс”, – делінген. Елбасы жариялаған “100 нақты қадам” реформасындағы прокурордың азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі соттарға қатысуын қысқарту заң үстемдігін арттырып, сот рәсімдерін және процестерін жеңілдете түсетін болады.

Бердібек МҰСТАФИН,

облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық

соттың судьясы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp