Қазақтың той-думанының сәні кетіп, бәсекеге айналғаны туралы талай айтылып, жазылып жатса да, “баяғы жартас, сол жартас” күйінде қалып отыр. Осы мәселеге өз пікірімді қосу-қоспау жөнінде көп ойланып, көп толғандым. Бірақ өзім жиі болатын той-томалақтардағы келеңсіз, біздің ұлттық болмысымызға жат жайттарды көре тұра, үндемей қалуды жөн санамадым.
Соңғы жылдары қалаларда да, аудан орталықтарында да дәмханалар мен тойханалар көптеп ашылып жатыр. Әсемдігі жағынан бірінен-бірі өтеді. Бағасы әртүрлі, адам басына 5-15 мың теңге аралығында. Маған осылардың бәрі біздің қазақ бауырларымыз үшін салынып жатқандай көрінеді. Өйткені, ондай салтанатты орындарда қазақтар ғана той өткізеді. Ендеше, қымбат мейрамханалар халықтың қаржысына жұмыс істеп жатыр десек, артықтығы жоқ шығар.
Бүгінгі күні қалалықтар ғана емес, ауыл тұрғындары да той-томалақтарын аудан орталығында немесе Қызылжардың қақ төріндегі мейрамханаларда өткізуді әдетке айналдыруда. Әрине, ол үшін той иелерін сөгуге болмас. Бірақ қолдағы азын-аулақ малымен күн көріп отырған ауыл адамының той өткіземін деп қаншама шығынға бататынына қайран қаласың. Иә, заман ғана емес, халықтың талғам-талабы да өзгерді.
Алдымен тойдың материалдық жағына, ішіп-жеміне тоқталайық. Қазақта той жасауға сылтау көп. Құдалық, қыз ұзату, келін түсіру, туған күн, тұсау кесу, тілашар, тағы сондай толып жатқан тойлар. Осылардың біразы мейрамханаларда өткізіледі. Өйткені, қаладағы көпқабатты үйлер қонақ күтуге ыңғайсыз. Бөлмелері тар болғандықтан, онша көп адам шақыра да алмайсың. Ал қазақтардың қуанышына кемінде 100-150 немесе одан да көп адам ортақтасады. Алыс-жақын туыстарыңды, құдаларыңды, көршілеріңді, дос-жарандарды, әріптестеріңді тойға шақырмасаң сөзге қаласың. “Өлімнен ұят күшті” деген емес пе?!
Қандай тойдың болмасын ең әуелі басталуы қиын. Бәрінен бұрын той иелерінің өздері уақытында келе қоймайды. Сөйтіп, қазақтың тойы белгіленген уақыттан екі-үш сағат кешігіп басталады. Халықтың басым бөлігі жиналдыау дегенде:
– Енді неге бастай бермейміз? – десек.
– Пәленше-еке, түгенше-еке келген жоқ, ұят болар, күте тұралық, – дейді той иелері.
Сонда кешіккеніне қонақ емес, керісінше, шақырған адамдар ұялатын болғаны-ау! Міне, масқара! Бізді құртатын осы! Кешігіп қалдық-ау, ұят болды-ау, – деп қынжылған, кешірім сұраған бірде-бір адамды көрмедім осы күнге дейін.
Той қонақтарының тағы бір ұнамайтын жері – тойымсыздығы. Бұл жерде той дастарқанынан дорбалап тағам алып кететіндер бар. Әсіресе, ет алуды тоқтату қиынға соғып тұр. Тойда табақ жасау, етті әдемілеп турау да үлкен өнер. Жастар жағын былай қойғанда ересектердің өзі табақ алдына келе қолына не түседі, содан бастап турауға кіріседі. Жылқы еті болса – жая немесе омыртқадан, қой еті болса – жамбастан бастау керектігін көбі біле бермейді. Етті түйір-түйір қылып кесіп, табаққа лақтыра береді, қазының майын сылып тастайды.
Осы орайда айтпай кетуге болмайтын тағы бір мәселе – ет бөліп алу “дәстүрі”. Егер мейманның алдына тартылған дәм үйеме табақ болса бөлуге де, жеуге де, турауға да жетеді. Жұтаңдау табақ болса ше? Дастарқан басында кемінде бес-алты әйел болады, бәріне бөлуің керек. Онда табаққа аз-мұздап қана ет түседі. Бұл үй иесін ыңғайсыз жағдайға қалдырады. Ол той басталмай жатып табақтың түбі көрініп қалғанына қысылады.
Той иелеріне пайдасы жоқ тағы бір дәстүр – дорба-шоу. Ортаға тасталған заттарды қолы ұзындар немесе алдыңғы жаққа ертерек жайғасқандар алып кетеді. Сондықтан кейде арты айғай-шуға да айналып жүр. Тіпті, сол үшін абысын-ажын, құрбы-құрдас бір-бірімен араздасып қалып та жатады. Дорбадан алған иіс сабыннан, қытайдың қол сүртетін орамалдарынан және сондай ұсақ-түйектен ешкімнің де ырысы артпайды. Ендеше, мұны өз басым дәстүрдің озығы емес, тозығы деп санаймын.
Ұсақ-түйек демекші, көп тойларда болып жүрміз ғой, солардың біразында қысқа тілек, әдемі ән айтқандарға, онда ойналатын ойындарға, белсене қатысқандарға асаба сыйлық беріп жатады. Олар көбіне ойыншықтар, тарақ, айна, ойын картасы, тақия және тағы басқа заттар. Бұлар той иесінің қалтасын онша қақпайды. Ал жақында бір тойда асаба сыйлыққа бес литр сұйық май, бес-он кг.-дық макарон өнімдерін, арақ-шарап және сол сияқты қымбат дүниелер таратты. Мұның бәріне ол сөзсіз қомақты қаржы жұмсады. Осылайша, ақшасын желге шашатындар да бар.
Тойдың жақсы өтуі асабаға байланысты. Кеңес одағы кезінде Алматыда ғылым кандидаттары көбейіп кеткен болатын. Бірнеше адам өзара қосылып, бір тақырыпты қорғайтын. Осыған орай “Алатаудың басына шығып төменге екі тас лақтырсақ бірі ғылым кандидатының басына тиеді” деген әзіл де тарап кеткен еді. Қазіргі асабалар туралы да осылай айтуға болады. Домбыра тартып, ән айтатындары, суырып салып, әзілге жүйріктері шамалы. Көбі жұртты күлдіремін деп арзан сөздер айтады, ұятты ойындар ойнатады. Асабаға той қонақтары қол соғып, қолпаштамаса сөз естіп қалуы мүмкін. Мұндай жағдай өз басымнан да өтті, асаба үстелдің жанына жүгіріп келіп:
– Неге қол соқпайсыз, бұл шаңырақтың тойына қуанбайсың ба? – деп айды аспанға бір-ақ шығарды.Әлгінің сөзі қытығыма тиді, қаным қайнады, ызам келді, бірақ біреудің тойында шу шығару көргенсіздік. Сондықтан сабыр сақтадым.
Қазіргі асабалардың той басталарда ғана келетінін де көріп жүрміз. Сөйтеді де тойды бастап, бір үстелде отырған адамдарды тілек айтуға бірақ шығарады. Бұл нағыз жеңіл жол. Өйткені, онда отырған қонақтардың той иелеріне қандай жақындығы бар, өздері қайдан келген адамдар, онда ешкімнің шаруасы жоқ. Яғни, асаба той иелерімен ертерек бұл жөнінде ақылдасып алмайды. Ал ортаға шыққандар:
– Ал енді не айтамыз, жастарға бақыт тілейміз, босағалары берік, шаңырақтары биік болсын, – деп бірінің сөзін бірі қайталайды. Тыңдап отырып, қайталау сөздерден шаршап кетесің.
Тойға барған адамның даңғаза музыка, тіпті, жүйкесін жұқартады. Салтанатты кеш басталмастан бар даусына қойылған музыкадан бір үстел басында отырғандар танысып, сөйлесе де алмайды. Құлағың керең болады. Ал үзілісте әңгімелесейін десең жалп-жұлп еткен жарық, қатты музыка оған тағы да мүмкіндік бермейді. Тойға жиналған халықты үйлеріне есеңгіретіп жіберу үшін әдейі осылай жасай ма деп те ойлаймын. Бұрынырақта “той жақсы өтті, пәленше адам мас болды” немесе “той жақсы өтті, аяғы төбелеске ұласты” десіп, мұндай келеңсіздіктерді дәреже санаушы еді. Ал қазір Аллаға шүкір, тойда “ащы су” ұрттайтындар азайған, әсіресе, жастар жағы ішімдікке үйір емес. Бүгінгі асабалар “Той жақсы өтті, қонақтарды есеңгіретіп жібердік” деп мақтанатын шығар. Олай болуы да бек мүмкін.
Менің тағы бір түсінбейтінім, соңғы кезде қыз ұзату тойында қалыңдықты түнгі сағат дәл 12-де әкету міндетті шартқа айналыпты. Бұл қайдан шыққан дәстүр? Кім ойлап тапқан? Неге сағат 12-ден кейін әкетуге болмайды? Бұл сауалдарға ешкім жауап бере алмайтын шығар?!
“Той – қазақтың қазынасы” деп жатамыз. Шынымен де, тәлімдік, тәрбиелік, өскелең ұрпақ үшін тағылымдық маңызы зор салт-дәстүрлер арқылы қуанышымыздың көркін кіргізіп жатсақ, онда ешкімнің таласы жоқ. Қашан біз жақсының да, жаманның да парқын түсініп, дарақылықтан арыламыз?! Жуырда әлеуметтік желіден, тіпті, сонау Германияда қазақтардың дүрілдетіп той өткізіп жатқанын көрдім. Қазақтың тойының Еуропаға жеткеніне бір жағынан қуандым, ал қуанышқа ортақтасуға келгендер бір-бірімен қал сұрасып, емен-жарқын әңгімелесе алмай тарқасатындарын ойлап, ұнжырғам түсті.
Амандық ЖАНТЕМІРОВ, мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі.