«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТОЙҒА ТОҚТАМ БОЛА МА?

“Карантин кезінде үйленіп алу керек, тойға шығындалмайсың”. Әзіл-шыны аралас бұл сөздерді соңғы кездері жиі естіп жүргеніміз анық. Алайда, іске келгенде бәрі басқаша. Ақылдаса келе: “Өмірде бір-ақ рет үйленеміз. Бұл – ең бақытты күніміз. Сондықтан шектеулерге қарамастан, той өткізуге тиіспіз”, – деген тоқтам жасалады. Әлемге төнген қауіп әлі де сейілмегені баршаға мәлім. Алайда, біздің елде қабылданған тыйымдар мен ескертулерді үйленген жастардың елейтін түрі жоқ. Мейрамханалар жабылып еді, тойшы қауым қазір жалға берілетін коттедждерге көшті. Осы мәселеге қатысты жастардың өздерінен пікір сұраған едік.

Балнұр ТҰРАР:

– Осыған дейін көпшілікті тойдағы ысырапшылдық алаңдатса, енді адамдардың денсаулығы, қауіпсіздік мәселесі ойландырып отыр. Жастардың шаңырақ құру тойы түгіл, мемлекеттік деңгейдегі үлкен мерейтойлар, мәселен, Абай Құнанбаевтың 175, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы сияқты айтулы күндер өз деңгейінде тойланбай отыр. Сондықтан түсіністік танытып, мұндай тойларды кейінге шегерген жөн деп ойлаймын.

Жақында туысқан ағам үйлену туралы шешім қабылдап, ең алдымен, ата-анасымен, әулеттің үлкендерімен ақылдасты. Ортақ шешіммен тойды облыс орталығындағы коттедждердің бірінде өткізіп, рұқсат етілгендей 50-60 адамды ғана шақырды. Карантин талаптары да сақталды, жастардың да тілегі орындалды деп ойлаймын.

Алмас БАТЫР:

– Сөзіңіздің жаны бар. Кейбір тұрғындар аулаларында шатыр құрып, киіз үй тігіп, қуаныштарын сонда атап өтуде. Алайда, онда кіріп-шығып жатқан адамдарды, жүгіріп жүрген балаларды санап жатқан ешкім жоқ. Бірінші байлық – денсаулығымызды қашанда алдыңғы орынға қоюымыз керек.

Карантин жарияланғаннан бері тіркелген заң бұзушылықтар облыс тұрғындарының қауіпсіздік талаптарын сақтамайтынын көрсетіп отыр. Осыдан екі ай бұрын Петропавл қаласында орын алған жайт көпшіліктің наразылығын туғызған болатын. Қала тұрғындары жас жұбайлардың “Конгресс” мейрамханасына кіріп бара жатқанын суретке түсіріп, әлеуметтік желілерге жариялаған. Полиция қызметкерлері шұғыл түрде шара қабылдауға мәжбүр болды. Дәл осындай ессіздік “Эмират” мейрамханасында да тіркелді.

Балнұр ТҰРАР:

– Иә, сіз айтып отырған жағдай ақылға қонбайды. Бірақ бұл тек жас жұбайлар мен ата-аналарының ғана емес, мейрамхана иелерінің де жауапсыздығын көрсетеді. “Бес саусақ бірдей емес”. “Тойға мораторий жариялау керек”, – деп дабыл қағып жүргендерді де естудеміз. Тойларға шектеу қоюдың да шекарасы бол­уы керек деп ойлаймын. Мысалы, жалғыз ұлының қуанышын ағайын-туыстың арасында атап өткісі келетін ата-аналар бар. Әке-шешесі қарттық жасына жеткенде, құда-жекжатпен қауқылдасып қалсақ дейді. Енді бірінің жары дүниеге шекесі торсықтай ұл әкеледі. Елімізде карантин жарияланды екен деп, мұндай қуаныштар күтіп тұрмайды ғой.

Алмас БАТЫР:

– “Тойларға біржола тыйым салу керек” дегенмен мен де келіспеймін. Өйткені, өзіңіз айтып өткендей, әркімнің қуанышы, мерейтойы бар. Менің айтып отырғаным, еліміздің басына төнген қауіп сейіліп, карантин шаралары аяқталғанша күте тұру. Жоғарыда айтылған коттедждер мен ауылдағы шатырда өтіп жатқан тойларда қанша жерден карантин талаптары сақталды десек те, оны тексеріп, адам санын есептеп, шектеу қойып жатқандар жоқ. Облыс орталығындағы коттедждердің иелері жақын маңда тұратын көршілерімен келісіп қойғандай, шағымданып жатқан ешкім жоқ.

Балнұр ТҰРАР:

– Сайып келгенде, әр адам өзінің және жақындарының денсаулығы үшін жауапты екенін ұмытпауы тиіс. Және мұны тек тойларға қатысты айтып отырған жоқпын. Рас, қазіргі дерт дендеп тұрған кезде тойды қысқарта тұрған дұрыс. Бірақ жағдай қалыпқа келген кезде де біржола тоқтату немесе тыйым салу ағайынның арасын алыстатып, отбасының беріктігіне сызат түсіруі бек мүмкін.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp