Биыл Қазақстан жұртшылығы тағдырдың қымбат тартуы – тұғырлы Тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өтеді. Осыған орай Айыртау ауданының орталығындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері композициясының жанында ұлы тойға арналған іс-шаралар бастау алды.
Бір шаңырақ астында сүттей ұйып отырған көпэтносты қазақстандықтардың бірлігін нығайтуға, “Мәңгілік Ел” құндылықтарын насихаттауға негізделген, ортақ идеяны қалыптастыруға арналған шараның маңызын жиналған қауымға аудан әкімінің орынбасары Аманбек Махметов түсіндірді. “Осыдан 25 жыл бұрын тарихи таңдау жасап, мемлекет тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан Республикасы бүгінде беделі биік, құқықтық, дербес, демократиялық зайырлы мемлекет ретінде әлемге танымал. Ынтымақты – ұран, татулықты – ту еткен бейбіт халқымыздың осынау табысы, еліміздің қарқынды дамуы – тұрақты саясат пен ішкі бірліктің арқасы, мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы сарабдал саясатының жемісі”, – деген Аманбек Махметов бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл мұраты – азаттықты аялау, халқымыздың татулығын сақтау болса, енді біздің міндетіміз осы Тәуелсіздіктің тұғырын баянды етіп, қасиетті Отанымызды “Мәңгілік Ел” ету екендігін айтты.
Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері №1 Саумалкөл орта мектебінің директоры Мырзабай Тұралинов, “Айыртау-Информ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ирина Бурковская және тәуелсіздіктің құрдасы Вера Мусина ел егемендігінің маңыздылығына тоқталды.
Жастар аспанға шарлар ұшырып, флешмоб билесе, мерейлі мерекеге арналған автошеру аудан орталығы Саумалкөлден Арықбалық ауылына бет алды. “Тәуелсіздікке – 25 жыл” деп жазылған Ту барлық ауылдық округтерді аралап, жыл соңында – мереке қарсаңында аудан орталығына оралатын болады.
Жалынды жастардың патриоттық сезімге толы мерекелік бағдарламалары жұртшылықты асқақ рухқа бөледі.
Бағлан ҚОЖАҚОВ.
Айыртау ауданы.