Мамлют қазақ мектеп-интернатында балаларды спортқа баулып, саламатты өмір салтын ұстануға дағдыландыру мақсатында әртүрлі спорттық-мәдени шараларды өткізу игі дәстүрге айналған. Мектебіміздің оқушылары түрлі деңгейде ұйымдастырылған додаларға үлкен дайындықпен қатысады. Олардың ұстаздардың үмітін ақтап, мектеп мерейін асырып жүрген жетістіктері де аз емес.
Үстіміздегі жылдың басында дартстан өткен облыстық жарысқа мектебіміздің оқушылары Бекзат Серік пен Олжас Темірбеков қатысып, жүлделі екі орынды қанжығаларына байлады. Жуырда Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Қызылорда облысындағы Байқоңыр қаласында өткен “Жас қыран” жас футболшылар додасына өңіріміздің аяқдоп шеберлерінен құралған команда қатысып, табысты оралған болатын. Жеңіс тұғырынан көрінген топтың құрамында мектебіміздің 10-сынып оқушысы Мирас Көбегеннің болғандығы – біз үшін үлкен мақтаныш пен абырой. Шәкірттеріміздің спортқа ерекше ден қойып, биік белестерді бағындыруы ұстаздар еңбектерінің жемісі деп есептейміз.
Мұрат СЫЗДЫҚОВ,
Мамлютка қазақ мектеп-интернаты
дене шынықтыру пәнінің мұғалімі.
Мамлют ауданы.