“Ауыл” халықтық-демократиялық патриоттық партиясы облыстық филиалының бастамасымен М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де діни экстремизм мен лаңкестікке қарсы тұру және бұл мәселелерді шешу жолдары қарастырылған “дөңгелек үстел” өтті. Партия филиалы мен жоғары оқу орны бірігіп өткізген жиынға қатысқан мемлекеттік органдардың, дәстүрлі діндердің өкілдері, сарапшылар, саясаткерлер, студенттер бұл індеттің алдын алу жөнінде ойларын ортаға салды. “Қазіргі таңда экстремизм мен лаңкестік жаһандық сипатқа ие болды. Біз де оның зардабын тарттық. Осы орайда, қоғамды, әсіресе, жастарды діни алауыздыққа, лаңкестікке қарсы тұруға дайындауымыз керек”, – дейді “Ауыл” ХДП партиясының өңіріміздегі филиалының төрағасы Иван Кендюх.
Жат пиғылдылардың арбауына түсіп, тура жолдан адасқандар заң алдында жауап береді. Жаза да қатаң. Осыны тілге тиек еткен Петропавл қалалық сотының судьясы Михаил Гусев Сирияға аттанған солтүстікқазақстандықтың тағдырын баяндады. Осыдан төрт жыл бұрын жат ағымның жетегіне еріп, Сириядағы соғысқа кеткен Марат Өмірзақов жеті жылға бас бостандығынан айрылған. Осындай жайсыз жайттың студенттер арасында орын алмауы үшін жоғары оқу орнының оқытушылары алдын алу жұмыстарын белсенді жүргізуге тиіс.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.