Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында туризмді дамыту мен цифрландыру мәселесі қаралды. Отырыста тиісті ведомство басшылары саладағы түйінді мәселелерді баяндап, олардың шешу жолдарын ұсынды.
Туризм басқармалары құрылады
Елде туризмді дамытуға қатысты бірқатар қордаланған мәселе бар. Оларды түпкілікті шешу үшін заңнамаға өзгеріс енгізіліп жатыр. Тиісті заң жобасы – Мәжіліс қарауында. Мәселен, әкімдікке елді мекеннен тыс жерде, оның қатарында ұлттық парк аумағында туристік инфрақұрылым салуға заңнамалық өкілеттік берген дұрыс. Бұл – негізгі бастаманың бірі. Мұндай қадам негізгі туристік дестинацияның инфрақұрылымын дамытуды қамтамасыз етеді. «Туристік дестинацияларда инфрақұрылым құрылысын қаржыландыруға бағытталған жеке бюджеттік бағдарлама әзірленеді. Бұл ретте өңірлерде туризмді дамытуға басымдық беруге жаңа құзыретпен қатар жеке туризм басқармасын құру мәселесін қарастыру қажет. Қазір тек бес өңірде жеке басқарма бар, тағы екі өңірмен пысықталуда», – деді Спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов.
Министрдің айтуынша, қонақүй сервисі сапасын арттыру мақсатында қонақүйді жіктеу жүйесін реформалау жоспарланған. Қолданыстағы критерий 2008 жылдан бері өзгермеген. Яғни заманауи халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді. Турист сапарын жайлы ету мақсатында шекаралық өткізу пунктінде ұйымдастырылған туристік топқа басымдық беру – жасыл дәліз тетігін енгізу көзделіп отыр. Қазіргі уақытта бұл механизм Ресей мен Қырғызстан шекарасында қанатқақты режімде жұмыс істеп тұр. Туризмнің этномәдени, балалар мен жасөспірім, медициналық, сауықтыру, іскерлік, караванинг және автотуризм секілді түрі басымдыққа ие. Оқиғалық туризмді дамыту үшін «Kazakhstan.travel» ұлттық туристік порталы негізінде іс-шараның бірыңғай күнтізбесі әзірленді. Өткен жылы күнтізбеге 137 іс-шара еніп, оның 80 пайызы Астана мен Алматыда өтті. Министр осы орайда өңірлік әкімдіктерді әр облыста өтетін ірі іс-шараны күнтізбеге енгізу жөнінде ұсыныс беруге шақырды.
Реинжиниринг негізгі мәселені анықтады
Туристік саланың цифрлық трансформациясы туризмнің ыңғайлылығы мен қолжетімділігін арттыруға, инновациялық технология есебінен үдерісті автоматтандыруға, туристер ағынын басқаруға бағытталған. Қазір сала министрлігі туроператорларды екі кіші түрге лицензиялауға қызмет көрсетеді.
Бірінші кіші түрі – шығу туризмі. Екіншісі – келу мен ішкі туризм. Көрсетер қызмет толық автоматтандырылған. Былтыр 680 лицензия берілді – олардың барлығы электрондық форматта. «Цифрлық трансформация шеңберінде сала министрлігінің 47 бизнес үдерісіне реинжиниринг жүргізілді. Ол мемлекеттік қолдау шарасы мен лицензиялауды қамтыды. Реинжиниринг негізгі мәселені анықтады. Оның қатарында – цифрлық деректердің болмауы, қолдаудың тиімсіз бөлінуі мен заңсыз қызмет көрсетушілердің болуы. Мәселені шешуге сала министрлігі цифрлық платформа әзірлеп жатыр», – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.
Жүйелі бес тапсырма жүктелді
Үкімет басшысы Қазақстан – тарихы терең, табиғаты әсем, мәдениет пен салт-дәстүрге бай мемлекет екенін айта келіп, ұлан-ғайыр даланың әр қиырында туристі қызықтыратын көрікті жер көп екеніне тоқталды. «Сондықтан туризм ел экономикасының өсуіне жаңа серпін беретін салаға айналуы қажет. Бұл ретте елдегі туризмнің даму әлеуеті өте жоғары. Кейінгі 5 жылда турист саны 7,5 есеге өсті. Былтыр 15 млн.-нан астам адам саяхаттап келді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен салада ірі инвестициялық жобалар қолға алынды. Алматы қаласы мен Алматы облысында тау кластерін дамыту жұмыстары белсенді жүріп жатыр, – деді Олжас Бектенов.
Ақтау маңындағы «Жылы жағажай» аумағында бес жұлдызды қонақүй мен тақырыптық ойын- сауық паркін салу жобасы іске асады. Кендірлі курорттық аймағында әуежай салынып, туризмді дамытуға тың серпін беріледі. Фермерлерге агротуризммен айналысуға құқық беруге тиісті жұмыс жүріп жатыр. Инвесторға қолдау көрсетіп, туындайтын мәселені шешуге әрқашан әзір. Оқиғалық және мәдени туризм белсенді дамуда. Көптеген мәдени және спорттық іс-шаралар, бизнес-форумдар өткізіліп жатыр. Мүдделі мемлекеттік органдар ауқымды іс-шараларды туристерді тартуға бейімдеуге нақты тетікті әзірлеуі керек.
Сондай-ақ туристік гидтерді даярлау мен біліктілігін арттыру жөнінде тиісті шара қабылдау керек. Мәдениет, Сыртқы істер министрліктерімен бірге ел ішінде және шетелдерде Қазақстанның туристік әлеуеті туралы белсенді ақпараттық науқанды қамтамасыз етуге тиіс. Өтінім берудің барлық рәсімін цифрландыру арқылы «Neo Nomad Visa»- ны танымал ету қажет.
Өңір әкімдері туристік объектілерді қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмысын жандандырады. Көлік, Сауда, Ұлттық экономика, Туризм министрліктері мен әкімдіктер жол бойындағы сервисті жақсарту жұмысын жалғастырсын. Күре жол бойындағы дәмхана, жанармай құю бекеті мен техникалық қызмет көрсету стансалары қабылданған стандарттарға сай болуы керек.
(«Egemen Qazaqstan», 9 сәуір 2025 жыл).