«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТУҒАН ТІЛІМІЗДІҢ ЖАНАШЫРЫ

Қуаныш Мұстафин Алматы қаласындағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтының электрлендіру, Мәскеудің ауыл шаруашылығы инженерлері институтының педагогика факультеттерін тамамдаған. Облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуында өзіндік орны бар Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінде 1974 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол жас өрендерге электрик мамандығы бойынша арнайы пәндерден сабақ береді.

Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін аталмыш колледжде барлық мамандықтар бойынша оқу-тәрбие жұмыстары орыс тілінде жүргізіліп келген. Тек 1995 жылдан бастап “Ауыл шаруашылығын механикаландыру” мамандығы қазақ тілінде оқытыла бастайды. “Қазақша оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар болмағандықтан, көп қиыншылықтарға кездестік. Оған қоса қазақ тілінде сабақ беретін оқытушылар да жоқтық қасы еді”, – дейді бір сәт өткенге оралған Қуаныш Ниязұлы.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға үлес қосуды мұрат тұтқан ұстаз екі пәнді қазақ тілінде жүргізуге өзі ұсыныс жасап, алғашқы топтарға сабақ бере бастайды. Ол “Механиканың физикалық негіздері” және “Материалтану” пәндері болатын. “Шешінген судан тайынбас” дегендей, Қуаныш Ниязұлы өзі сұрап алған пәндер бойынша орысша жазылған оқулықтарды пайдалана отырып, қазақ тілінде дәріс жүргізеді. Жамбыл ауданындағы Баян ауылында туып, қазақ мектебінде оқыған ол техникалық терминдерді пайдаланып, дәріс оқудың, сабақ өткізудің өзіндік қиындықтары болғанын айтады. “Өйткені, техникалық терминдер орыс тілінде ғана пайдаланылды да, оларды қазақ тілінде түсіндіру оңайға түспеді. Кейін әр ғылым саласы бойынша 33 томдық орысша-қазақша терминдердің сөздігі шығып, соның көп көмегі тиді”, – дейді ұстаз.

Жазылған дәрістерді компьютерде теріп, сызба-суреттерді түсіруге колледждің сол кездегі директоры Сүйіндік Бегалиннің көп көмегі тиген. Осылайша, “Механиканың физикалық негіздері” пәнінің компьютерде терілген электронды оқулығы пайда болады. Ол оқулыққа алғаш Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Төлеген Хайруллин пікір жазған.

Оқулықтың алғашқы 30 данасы 2003 жылы “Фолиант” баспасында басылып, Қазақстанның 4 колледжінде сынақтан өткен. 2-3 жылдан кейін әр колледждің жазған пікір-ұсыныстары ескеріліп, оқулық толықтырылып, қайта жазылады. Еуразия ұлттың университетінің “Механика” кафедрасының меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор А.Е. Ибраев пікір жазған оқулықтың алғашқы 1000 данасы басылып шығады. Оқулық авторы Қуаныш Мұстафин оған патент алады. Құжат бойынша оқулық тек он жылдан кейін ғана қайта басылуы тиіс еді. Бірақ оқулыққа сұраныс жоғары болғандықтан, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің тапсырысымен ол қайта өңделіп, толықтырылып, “Фолиант” баспасынан екінші рет шығарылады. Оқулық статика, киноматика және динамика бөлімдерінен тұрады. Орта арнаулы оқу орындарында техникалық мамандықтар бойынша оқитын оқушыларға арналған оқулықта тақырып бойынша дәрістер, қайталау сұрақтары, тәжірибе сабақтары, орысша-қазақша сөздік ұсынылған.

Қуаныш Мұстафин колледжде техникалық мамандықтарды мемлекеттік тілде оқытудың ерекшеліктері туралы 20-ға жуық ғылыми еңбек жазған. Ол кандидаттық минимум емтихандарын М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде ойдағыдай тапсырып, “Оқыту мен тәрбиелеудің әдістемесі мен теориясы” мамандығы бойынша куәлік алған.

Қазіргі күні колледжде үш мамандық бойынша оқу-тәрбие жұмыстары мемлекеттік тілде жүргізілуде. Колледждің қазақ тілінде оқытып, мамандық беруге мүмкіншілігі болғанмен, қазақ тілінде сабақ беретін оқытушылардың жетіспеуі және оқулықтар мен әдістемелік оқу құралдарының аздығы әлі де қолбайлау болуда.

Қырық жылдан астам уақыт оқытушылық қызметте адал, абыройлы ісімен, жоғары кәсіби біліктілігімен көзге түсіп жүрген Қуаныш Мұстафин кәсіптік-техникалық білім беруде тәуелсіз еліміздің нарық сұранысына ие, бәсекеге қабілетті мамандарын даярлауға қосқан үлесі үшін облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталып, грант алған.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp