«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЫНЫШТЫҚ ҚАЛҚАНЫ

Қазақстан полициясы іргесі қаланған ширек ғасырдың ішінде күрделі кезеңді, сан сынақты, даму мен жаңғыруды басынан өткерді. Сын тезінен сүрінбей өткен бұл құрылым бүгінде заман талабы, уақыт сұранысына толық жауап беретін бірден-бір қуатты органға айналды. Осындай даму мен қалыптасу жолынан өткен өңірдегі тәртіп сақшыларының қызметі, тыныс-тіршілігі жайлы облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләловпен әңгімелескен едік.

– Берік Сұлтанғазыұлы, үстіміздегі жылдың басында Елбасымыз Қазақстан халқына кезекті Жолдауын арнады. Маңызды құжатта ішкі істер саласына қатысты да біраз мәселелер айтылды. Жолдауды жүзеге асыру туралы ойыңызды білсек?

– Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” Жолдауы – ел дамуының негізгі бағыттары айқындалған ауқымды бағдарламалық құжат. Еліміздің осы күнге дейін әлемдік аренада қол жеткізген зор жетістіктері Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында екені сөзсіз.

Биылғы Жолдау еліміз үшін маңызды қоғамдық-саяси оқиға болды. Елбасы алға қойған міндеттерді толыққанды жүзеге асыруға әрқайсымыз үлес қоса отыра, Қазақстанның, балаларымыздың жарқын болашағының іргесін қаласатын боламыз.

Жолдауда белгіленген стратегиялық міндеттерге орай полицейлер қоғамдық тәртіпті қорғауға және азаматтардың қауіпсіздігін сақтауға басымдық береді. “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын жүзеге асыру барысында құрылған жергілікті полиция қызметі нәтижелі жұмыс істеуде. Сондай-ақ, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мемлекеттік қызмет көрсету бойынша ішкі істер департаментінің жұмысын жетілдіру үшін тиісті шаралар қолға алынған. Елбасы лаңкестік пен экстремизмге қарсы күреске зор көңіл бөліп отыр. Әсіресе, өскелең ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие беруге, үкіметтік емес секторлармен және діни бірлестіктермен байланыс орнатуға басымдық берілді. Жуырда облыстық ішкі істер департаментінде діни ұйымдардың және Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктердің жетекшілерімен кездесіп, лаңкестік пен экстремизмге қарсы күрес мәселелерінде өзара байланыс орнату жайын талқыладық.

– Биыл Қазақстан полициясының құрылғанына – 25 жыл. Сіз осы салада көп жылдар еңбек етіп жүрсіз. Ширек ғасырлық белестен асып отырған ішкі істер саласының бүгіні жайлы не айтар едіңіз?

– Биыл Қазақстан полициясы 25 жылдығын атап өтеді. Қазақстандық полицияның ширек ғасырлық қалыптасуы маңызды оқиғалармен, айтулы жетістіктермен ерекшеленеді. Сын тезінен елмен бірге өткен бұл құрылым жүргізілген реформалардың арқасында құқық қорғау жүйесінің маңызды буынына айналды. Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті өзге өңірлердегі әріптестеріміздің арасында алдыңғы орындардан көрініп жүр. Бүгінгі таңда департамент өзіне артылған міндеттерді жоғары деңгейде атқарып, осындай жетістікке жетуге қажетті барлық жағдаймен қамтамасыз етілген. Біз бұл мерейтойды қызметтік бағыттағы жоғары жетістіктерімізбен ғана емес, қоғамдық маңызды шаралармен қарсы алып отырмыз.

Үстіміздегі жылдың сәуір айында Қазақстанның ардагерлер қозғалысына 30 жыл толуына орай бірқатар салтанатты шаралар ұйымдастырылды. Оған облыс әкімі Құмар Ақсақалов, Ішкі істер министрлігінің өкілдері, Ресейдің Ішкі істер министрлігінің Омбы, Түмен облыстарындағы және Ханты-Мансийск қаласындағы басқармаларының, аталған облыстар мен Мәскеу, Тверь және Челябинск қалаларында тұратын ішкі істер бөлімдерінің ардагерлері қатысты. Олар қазақстандық полицияның қарқынды дамығандығын мойындап, оң пікірлерін білдіргені біздің мерейімізді асқақтатқаны рас. Технологиялық жаңашылдықтарға негізделген жедел басқару, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету, процессингтік орталықтардың жұмысы ресейлік әріптестеріміздің алдында мақтана отыра марқаюымыздың бір себебі болды. Олар да бұл жетістіктерге бізбен бірге қуанды.

Өткен айда Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл ауылында Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органдарының ардагері Қойшыбай Қаженовке арналған мемориалдық тақтаның ашылуына ұйытқы болдық. Сонымен қатар Аққайың ауданындағы Смирново ауылында қызметтік міндетін орындау барысында қаза тапқан учаскелік инспектор, полиция майоры Алексей Щербаковтің есімін ел жадында мәңгі сақтау мақсатында мемориалдық тақта орнаттық.

– “Қоғамдағы тәртіптің сақшысы” атанған полиция қызметкерлерінің бүгінгі буыны артылған жауапкершілік үдесінен көрініп жүр ме? Осы тұста қазіргі полиция қызметкерінің имиджі туралы айта кетудің реті келіп тұрған секілді. Сондай-ақ, азаматтардың өмірін құтқарып, олардың тыныштығын қорғау үшін өз басын қатерге тігуге дайын қызметкерлерді қалай тәрбиелеу керек?

– “Имидж” деген сөз шынайы келбетті жасыратын маска деген мағынаны білдіретіндей. Сол себепті маған “сенім”, “құрмет” деген сөздер көбірек ұнайды.

Полицейлерді мектеп жасынан бастап тәрбиелеу қажет дегенді жиі айтамын. Үстіміздегі жылы көптеген мектептер мен колледждерге барғанымда жұмысымыз жайлы айтып қана қоймай, оны насихаттауға кәсіби қызметкерлерді тарту керектігіне көз жеткіздім. Біз кадрды жақсы физикалық және психологиялық дайындық сынға салатын күрделі әрі көп кезеңді сынақтан өткізу арқылы таңдаймыз. Ведомстволық жоғары оқу орындарында оқығысы келетіндерді қолдап, кадрлық аппараттың сүйемелдеуімен оларды оқуға түсуге жібереміз. Заң факультеттері мен ведомстволық оқу орындарының түлектеріне бірден тәлімгер бекітуге тырысамыз. Әрине, кадр таңдауда олқылықтар да орын алып жатады. Полиция қызметі әлсіздерді, дайындығы төмендерді, кейде, тіпті, адасып жүргендерді де бірден анықтайды. Қылмыскерлерді ұстап, күрделі істерді ашқан, тұрақты түрде жақсы көрсеткіштерге ие қызметкерлерге сыйақы береміз. Шығармашылық және спорттық мүмкіндіктерін де дамытуға көп көңіл бөлеміз. Тіпті, қызметкерлердің балалары да біздің концерттік бағдарламаларға қатысады. Бұқаралық ақпарат құралдарында біз жайлы жарияланған жақсы материалдардың өзі біздің рухымызды көтеріп, еңбегімізді еселей түседі. Осы орайда біздің ерлігіміз бен батырлығымызды, қажырлы еңбегімізді халыққа жеткізіп отырған журналистерге рахметімді айтқым келеді. Біздің қызметте мұндай фактілер аз емес. Адам батыр болып тумайды, қалыптасады. Өткен көктемде болған тасқын кезінде полицейлер тәуліктеп су кеше жүріп тұрғындарды, олардың дүние-мүлкін, малын құтқарды.

Жалпы құқықтық тәртіп қызметкерлерінің ізін басып, жұмысын жалғастыратын лайықты толқынды тәрбиелеу үшін ұзақ уақыт керек. Себебі, полицейдің сержанттан офицерге дейінгі жолы ұзақ және қиындықтарға толы.

– Өткен жылдың басында құрылған жергілікті полиция қызметі өзіне артылған міндетті лайықты атқарып жүр ме? Жаңа құрылымның жұмысы арқылы өңіріміздегі қоғамдық тәртіп қаншалықты тұрақтанды?

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында: “Қауіпсіздік ахуалы қуатты және әрекет ете алатын мемлекеттің өлшеміне айналып келеді”, – деді. Ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің тиімді алдын алу жұмыстарының арқасында соңғы жылдары өңірімізде қылмыс деңгейі тұрақты түрде төмендеп келеді. Қоғамдық қауіпсіздік бойынша барлық көрсеткіштер айтарлықтай жақсарды. Қоғамдық орындарда, көшелерде, кәмелеттік жасқа толмағандар, бұрын сотталғандар тарапынан болған және мас күйде, топпен жасалған қылмыс саны азайды.

Ішкі істер органдарының белсенді жұмысы қылмыс санын төмендетуге мүмкіндік берді. Қылмысты ашу көрсеткіші де жақсарып, ол 75 пайызға жетті. Ал ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашу 90 пайызды құрап отыр. Қоғамдық пікір тудырған және аса ауыр қылмыстың барлығы ашылды. Бүгінде облыс аумағында тұрақты криминогендік жағдай қалыптасқан. Осының арқасында Солтүстік Қазақстан облыстық департаменті қызметтік әрекеттің барлық бағыттары бойынша республика аумағында алдыңғы лектен көрініп жүр.

– Облыстық ішкі істер департаментінің материалдық-техникалық базасы жыл сайын жақсарып келеді. Алдағы уақытта осы бағытта тағы қандай жоспарларыңыз бар?

– Кез келген бөлімшедегі жұмыстың тиімділігі – оның материалдық-техникалық жарақтануына және қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайына байланысты. Біздің департаментте өткен жыл – аудандық полиция бөлімдерінің, ал 2017 жыл – жергілікті полиция қызметінің жылы болып жарияланған еді. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қолдауымен және барлық деңгейдегі әкімдердің белсенді көмектесуінің арқасында бөлімшелердің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін тиісті шаралар жүзеге асырылып келеді. Өткен жылы аудан әкімдерінің қолдауымен ішкі істер бөлімдерінің әкімшілік ғимараттары жөнделді. Үстіміздегі жылы Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағамбетовтың қолғабыс етуімен облыс орталығындағы барлық учаскелік пункттер бір жаңарып қалмақ. Аудан, ауылдық округ әкімдері полицияның учаскелік пунктіне қосыла алатын бейнебақылау камераларын орнату мәселесін шешуде, қажетті көлік те бөлінуде. Бұл мәселелерді түбегейлі шешуге шаруа қожалықтарының басшылары зор көмек көрсетіп отыр. Мәселен, Қызылжар ауданының Новоникольск ауылында 106 бейнебақылау камерасы орнатылған. Биыл Петропавл қаласындағы аулаларға, қоғамдық орындарға 169 камера қою көзделіп отыр.

– Тәртіп сақшыларының әлеуметтік жағдайы да назардан тыс қалмағанын аңғарамыз. Әсіресе, полиция қызметкерлеріне арналған жатақхана салынып жатқаны қуантуда. Жалпы, полиция қызметкерлерін әлеуметтік қолдау жайын айта кетіңізші.

– Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қолдауымен ішкі істер органдарының материалдық-техникалық жағдайын нығайту және полицейлерді әлеуметтік қорғаумен қамтамасыз ету үшін көп жұмыстар атқарылуда.

Қазақстан полициясының 25 жылдық мерейтойына орай баспанаға мұқтаж қызметкерлерге пәтер кілті табыс етіледі. Жақын уақытта қызметкерлеріміз Петропавл қаласы әкімдігінің және “Қазақстан тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі” АҚ-ның өңіріміздегі филиалының қолдауымен “Береке” шағынауданындағы жаңа пәтерлерге ие болады.

Сондай-ақ, облыс әкімдігі полиция қызметкерлеріне үй салу үшін “Жас өркен” шағынауданынан жер бөлді. Мұндағы құрылыс жұмысы келесі жылдың маусым айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Қызметкерлеріміз бұл үйден 100 пәтер алады. Бұл жұмыстар полицейлердің әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне сеп болары сөзсіз.

– Қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау айлығында, түрлі мерекелерде игі шаралардың бел ортасында жүресіздер. Бұл “Полиция – қорғаным” деген көзқарасты қалыптастырудың бірден-бір жолы болар.

– Иә, біз тұрғындардың әлжуаз тобына қол ұшын созуға зор көңіл бөлеміз. Осы жылы ардагерлерімізге, қаза тапқан қызметкерлердің туыстарына, көпбалалы отбасынан шыққан балаларға және қажырлы еңбегімен көзге түскен полицейлерге “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесіне билет сатып алдық. Ал аз қамтылған әулеттердің балаларын “ЭКСПО” нысандарына арнайы апардық. Осылайша, олар еліміздің жетістігін өз көздерімен көріп, бағамдай алды. Мүмкін бұл олардың өмірлік мақсаттарына жетуіне септігін тигізер. Себебі, осы істер жетістіктің кепілі болып табылады.

Еліміздің Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымов полиция ардагерлері – біздің құқық қорғау жүйесінің алтын қоры екенін айтады. Олар – біздің барлық шараларымыздың белсенді қатысушылары. Жалпы өзге жүйелердің бірінде де ішкі істер органдарындағыдай ұрпақ сабақтастығы қалыптаспаған.

Жуырда біз соғыс ардагері Джура Кобелевтің 100 жылдық мерейтойын атап өттік. Оның жүріп өткен жолы үлгі алуға лайық. Ең белсенді зейнеткерлеріміз келісім бойынша шефтәлімгер ретінде қызметін жалғастыруда. Олар жас мамандарды оқытып, бейімделуіне көмектесіп, өз бөлімшелеріндегі тәрбиелік үдерісті басқарып отыр. Полицияның учаскелік пунктеріне де тұрғылықты мекенжайы бойынша ішкі істер бөлімдерінің ардагерлері бекітілген. Біз олардың өңірдегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосып отырған үлестерін жоғары бағалай отыра, мүмкіндігімізге қарай ынталандырып, кез келген жағдайда қолдау көрсетуге әзірміз.

2015 жылдан бастап департамент қаржысы есебінен, Ұлы Отан соғысы ардагерлерін, тыл еңбеккерлерін, қаза тапқан қызметкерлердің туыстарын ведомстволық санаторийге жіберу ұйымдастырылуда. Таулы өңірлердегі ауа райы, минералды су көздері жүзден астам ардагердің денсаулығын жақсартты. Жуық арада ардагерлердің тағы бір тобы Алматы қаласына жолға шығады. Сонымен қатар өз қаржымыздың есебінен ардагерлер үшін бас қаламыз – Астанаға екі күндік экскурсия ұйымдастырдық.

Екі жыл бұрын жабылған ескі мектеп ғимаратында тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдарға арналған түнеу пунктін аштық. Оларды көшеден жинап, медициналық бақылаудан өткізіп, тамақтандырамыз. Бұл жұмыста бізге әлеуметтік қызметтер, үкіметтік емес ұйымдар көмектесіп, қолдау танытты. Нәтижесінде екі жыл қатарынан болған қытымыр қыста үй-күйсіз жүргендердің барлығы үсіктен аман қалды.

Ішкі істер органдары есебінде тұрған қолайсыз отбасыларды да назардан тыс қалдырмаймыз. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернатта қамқорлыққа алынған отбасылар бар. Біз оларға жиі қонаққа барамыз, балалар да қамқоршыларын асыға күтеді.

Үстіміздегі жылы көктемде облыс тұрғындары су тасқынынан зардап шеккені белгілі. Полицейлер алдын алу шараларына белсенді қатысып қана қоймай, зардап шеккен адамдарға көмек те көрсетті. Ішкі істер департаменті қызметкерлерінің күшімен Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Рузаевка ауылында, облыс орталығындағы Былғары зауыты шағынауданында қайырымдылық сенбілігі өткізіліп, біздің ерікті түрде аударған қаржымыз есебінен бір миллион теңгенің гуманитарлық көмегі көрсетілді.

Сұхбаттасқан Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp