«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЫҢДАРМАННЫҢ ҚАЛАУЫ – шынайы өнер, жанды дауыс

“Алыстан сермеп, жүректен тербеп, шымырлап бойға жайылған”, – деп данышпан Абай ата­мыз айтқан қазақ әнінің бүгіндері мағынасы мен өңінің, әуезі мен әуенінің өзгергені шындық. Бұл жағ­дайдың есті тыңдарманды алаңдатып отырғаны да жасырын емес. Жасанды дауыспен ән ай­тып, шы­найы өнерге шөліркеген жұртшылықты алдап жүрген әншісымақтардың жауыннан ке­йін­гі саңы­рауқұлақтай қаптауы осы саланы жазып жүрген бізді де алаңдатып отыр. Жуырда Мә­дениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова фонограммамен ән айтуға тыйым салы­натынын айтқан бо­ла­тын. Сонымен қатар министрлік концерт ұйымдастырушыларға қыз­мет­терін лицензиялауды және орындаушылар фонограммамен ән айтса, бұл туралы тыңдар­манды хабардар етуді мін­дет­те­ге­лі отыр. Қоғам арасында түрлі пікір тудырған мәселе жайлы өңіріміздегі бірқатар өнер адамдарының ойын білген едік.

Дәмеш ҚҰРМАНКИНА,

облыстық филармонияның әншісі:

– Бұл мәселені қозғамас бұрын әнші мен орындаушының аражігін анықтап алған дұрыс сияқты. Бү­гінгі күні өзін өнер адамымын деп жүргендердің ішінде орындаушы­лар көп. Оларды кәсіби әншілер қа­тарына жатқызуға болмайды. Олар ән өнеріне хобби ретінде ғана қарайды. Түрлі дыбыс кү­шейт­кіштердің, дауыс өңдеу аппа­раттарының көмегімен ән жазды­рып, той-томалақтарға, сахнаға шы­­ғатын осындай азаматтар өнердің абыройына нұқсан келтіруде. Сондықтан министрлік тарапынан бақылауды күшейтіп, заң тұрғы­сында шектеу қойған дұрыс деп ойлаймын.
Өз басым гастрольдік сапармен Ресейге жиі барамын. Онда фоно­граммамен ән айту деген мүлде жоқ. Сондықтан да концерт өтетін залдар аптаның кез келген күнінде бос болмайды. Жалпы, ол жақта әншілерге деген көзқарас түзу. Өйт­кені, сахна иелері де талғампаз тыңдарманның барлық талабына сай болуды қалайды. Ал бізде әншіні қазір кім сынамайды? Кім әнші, кім орындаушы екенін ажы­рату қиын. Қазір кейбіреулер “сах­нада табиғи дауыспен ән айтуға мүмкіндік жоқ. Соның салдарынан фонограмманы пайдалануға тура ке­леді” деп жатады. Бұл пікірмен мен мүлдем келіспеймін. Бұрын Ер­мек Серкебаев, Роза Бағланова, Бибі­гүл Төлегенова сынды май­тал­ман әншілер талантының арқа­сында кез келген жағдайда ән айтты ғой. Бү­кіл кеңес өкіметінің халқы олар­ға құрметпен қарады емес пе? Біз өнердегі осы мәртебемізді қайта­рып алуымыз керек.

Асқар ЖӘМЕНОВ,

қалалық Мәдениет үйінің директоры:

– Шындығында, фонограмма жас буынның өнерге деген құлшы­нысын төмендетеді. Талантты адам­ның өзін табиғи дауысынан айырып, жасандылыққа итерме­леп жатқанын көріп жүрміз. Бұл жағ­­дай өнерді алға сүйремесі анық. Сондықтан фонограммадан ары­лу үшін елімізде заң қабыл­дануы қажет. Министрлікте көте­ріл­ген фо­но­граммаға тосқауыл қою мәселе­сі көп ұзамай шешімін тапса дей­міз. Әншілердің көбінің жасанды­лыққа бет бұрғаны, әсіре­се, ше­тел­дерде түрлі конкурстар өт­кен кез­де байқалып қалады. Фо­но­граммаға әбден сеніп алған жас­тар мұндай байқауларға қатысуға жү­рексінеді. Бүгінде шын талант­тарға табиғи дауыста ән салуға мүм­кіндік өте көп. Оған талай кон­церттерде көз жеткізіп жүрміз. Сон­дықтан фонограммамен ән айту тек тыңдармандарды арбап, ал­дау­шылардың әрекеті деп түсінбес­ке амал жоқ.
Қалалық Мәдениет үйінің әнші­лері мерекелерде, әсіресе, қыс мез­гілінде фонограммамен айтуға мәжбүр. Өйткені, суық ауа райы өнерпаздарымыздың денсаулы­ғына кері әсер етуі мүмкін. Осын­дай жағдайда оларға шектеу қоя ал­маймыз. Ал бұдан басқа кез­дерде әншілерге жанды дауыспен ән айтуды міндеттейміз.

Әзімбек БАЙЛИН,

“Алашұлы” тобының
әншісі:

– Қуанышқа орай, отандық әнші­лердің жанды дауыспен ән ай­туын талап ететіндер соңғы кезде көбейіп келеді. Қарапайым халық қана емес, билік өкілдері де бү­гінде фонограмма қолдануды заң­мен шектеу керек деген бастама көтеруде. Бұл пікірге мен де қосы­ламын. “Алашұлы” тобының тарихында фонограммамен ән айту деген мүлде болған емес. Біраз ел­дерге шығып, өнер көрсеттік. Жер­гілікті халық өнерімізді бағалап, жанды дауыста ән салғанымызды құп көрді. Заң қабылданса, әнші­сы­мақтар сейіліп, киелі сахнада нағыз талант иелері қалады деген сенімдемін. Сонда ғана біздің тыңдармандар өнерді бағалап, қоғамда әншілерге деген түзу көзқарас қалыптасары анық.

Сауалнаманы жүргізген
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp