
Алма Кенжебаева – Петропавл қаласындағы “Прогресс” ЖШС-нің білікті мамандарының бірі. 1994 жылы №1 кәсіптік училищені тігінші мамандығы бойынша тамамдаған ол бірнеше жыл шағын ательеде жұмыс істеген. Осыдан екі жыл бұрын аталмыш фабрикаға жұмысқа орналасты. Тұрақты жұмыс орнын тапқан Алманың да, қатарын білікті кадрмен толықтырған фабрика әкімшілігінің де көңілі орнықты. Алма сияқты тігіншілері бар кәсіпорын алдағы жылы нарыққа жас жеткіншектердің сырт киімдерін шығармақ. Алма сәнімен де, сапасымен де әлемдік талаптарға сай жасалуға тиісті тапсырысты орындай алатынына сенімді.
– Осыдан 21 жыл бұрын осы кәсіпті өзіме нәсіп етіп едім. Таңдауым дұрыс болды. Тігіншілік әйел адамға үй шаруасында да керек. Қолым біліп тұрған соң балаларды әдемі киіндіре білдім. Сондай-ақ, еңбек ортасында құрметке бөленіп жүрудің өзі бір бақыт, – дейді Алма Кенжебаева.
Талғат ТӘНІБАЕВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген автор.