Биыл ақпан айында Президенттік орталықта өткен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының сегізінші құрылтайы бұған дейін мұндай кең форматта болмағаны, мұның өзі мемлекеттің де, қоғамның да тілге деген ерекше көңіл бөлуінің көрінісі екені айтылды. Қасым-Жомарт Кемелұлының құттықтауында: «Ұйымның бастамасымен қазақ тілін дамыту жолында көптеген ауқымды іс-шара жүзеге асырылып жатыр. Сіздердің жасап жатқан жобаларыңыз ана тіліміздің қолданылу аясын кеңейтуге зор ықпал етіп отыр», – делінген.
Облыстық «Қазақ тілі» қоғамы мемлекеттік тілді насихаттауды қашанда басты парыз санайды. Бұл тұрғыда билік орындарымен, мемлекеттік құрылымдармен бірлесіп атқарған шаруалар, жүзеге асырылған баянды бастамалар аз емес. Перинаталдық және халыққа қызмет көрсету орталықтарында халқымыздың ұлттық ерекшеліктеріне, тарихи қалыптасқан дәстүрлеріне сай 16 жасқа толған жасөспірімдердің және жаңа туған нәрестелердің тегі мен әкесінің атын жазу бойынша түсіндіру жұмыстары «Мен қазақпын» акциясы аясында жүргізілді, баннерлер аудандар мен қаланың ХҚКО-да орналастырылды. «Тегіңді түзеу – тектілік» жобасы жалпы білім беретін мектептердің 9-10 сынып оқушылары, колледж студенттері арасында ұйымдастырылып, насихат парақтары таратылды. Жасөспірімдерге арналып, арнайы бейнеролик түсірілді. «Бала тәрбиесі ананың тілінен басталады» атты бағдарлама мектепке дейінгі мекемелердегі ата- аналар, тәрбиешілер және меңгерушілер арасында өткізілді. 40 кездесуде 2 мыңнан астам адам қамтылды. Бұл шараны үздіксіз жүргізуді жоспарлап отырмыз, өйткені қолдағы деректер қуанта қоймайды. Қазақстан халқын біріктіруші фактор – мемлекеттік тіл болғандықтан, қазақ тілін еркін меңгерген өзге ұлт өкілдерін насихаттау керек. Осыған орай «Тіл – достық көпірі» атты бейнероликтер түсіріліп, мемлекеттік тілге жетік этнос өкілдері әлеуметтік желілер арқылы кеңінен насихатталды.
«Қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік тілдік құзыреттілігі» ұлттық стандарттарына сәйкес, тілдерді оқыту орталығында 140 топ құрылған, оның ішінде 123 топта (2415 адам) қазақ тілін (қалада – 82 топ, аудандарда – 41 топ), 17 топта (267 адам) ағылшын тілін (қалада – 13 топ, ауданда – 4 топ) үйренеді. Жалпы тыңдаушылар саны – 2682 адам. Олардың қатарын негізінен мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау, денсаулық сақтау, білім, спорт, мәдениет салаларының, халыққа қызмет көрсету ұйымдарының қызметкерлері, бизнес саласының өкілдері құрайды. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 74 топта ересектер үшін қосымша қазақ тіліне оқыту ұйымдастырылды, бүгінде 1000-нан астам тыңдаушы мемлекеттік тілді үйреніп жүр. Бұдан бөлек, ұйымдар мен кәсіпорындардағы 250-ден астам үйірмеде 3000- нан астам тыңдаушы бар.
Тілдік оқыту бағдарламаларында қазақ тілін тек тұрмыста ғана емес, сондай-ақ бизнес-кеңістікте, қаржы, білім беру, мәдениет, тағы басқа салаларда қолдану жайы жете ойластырылған. «Тіл үйренейік» тележобасы аясында ауызша коммуникативті сөйлеуге үйрету, қазақ тілінде ой алмасу дағдыларын қалыптастыру, әртүрлі сөйлем модельдерін құрып, жаттығулар жасау арқылы сөздік қорды меңгеру бойынша 24 телесабақ түсіріліп, телеарналар арқылы көрсетілді. «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы аясында мекемелерде кездесулер өткізілді. Жиынға республикаға, облысқа танымал адамдар қатысып, тіл саясатының басым бағыттары мен рухани құндылықтар тақырыбында келелі әңгіме қозғалды. Жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларын насихаттау, көркем әдебиет пен кітап оқуды жандандыру мақсатында мектеп оқушылары арасында «Кітап – менің досым» атты көркемсөз оқу шеберлерінің аудандық және облыстық байқауы ұйымдастырылды. Жергілікті топонимикалық атаулар бойынша «Тарихтан сыр шертемін» атты эссе мен бейнеблоктар сайысында оқушылар бақ сынады. «Отан отбасынан басталады», «Тілім – менің тірегім!», «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» атты кештер жастарға арналып, «Отбасы хрестоматиясы» қорының авторлары құрметті қонақ ретінде шақырылды.
«Ономастикалық кеңістікті реттеу жолдары» іс-шаралары шеңберінде аудандарға шығу кестесі әзірленіп, атауы идеологиялық тұрғыдан ескірген 50 ауыл тұрғындарымен кездесу өтті.
Ресей Федерациясының шекаралас облыстарында тұратын отандастармен мәдени байланыстарды дамыту және нығайтудың іс-қимыл жоспары белгіленген. Түмен, Қорған және Омбы облыстары қазақ тілі оқытушыларына арналған «Ана тілін оқыту бағыттары» тақырыбында өткен семинар- практикумға қатысушыларға сертификаттар табыс етілді, семинар материалдары электрондық форматта таратылды.
Алдағы басты мақсаттың бірі – балабақшада қазақ топтары мен мектепте қазақ сыныптарын көбейту жұмыстарын жандандыру. Қызылжар ауданында қазақ тілінде – 1, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда 3 мектеп қана бар. Аралас мектептерде бастауыш сыныптарда оқитын балалардың оқуын ары қарай жалғастыру да – көкейтесті мәселелердің бірі. Құжат айналымында әлі де орыс тілі басым. Тарихи- идеологиялық тұрғыдан ескірген, кеңес өкіметін дәріптейтін елді мекен және көше атауларын өзгертетін мезгіл жетті.
Жанат МҰХАМЕДЖАНОВ,
халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы.