«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТІЛШІЛЕР ТӘРТІПТІ ҚАДАҒАЛАДЫ

Қазақстан полициясына 25 жыл толуына орай және журналистер қауымының кәсіптік мерекесі қарсаңында облыстық ішкі істер департаменті қызметкерлері баспасөз турын ұйымдастырды. Шара барысында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері өздерін бір күнге полиция қызметкері ретінде сезінуге мүмкіндік алды. Нағыз полиция қызметкері болу үшін арнайы киім де берілді.

Облыстық, республикалық телеарналар мен газеттердің, интернет-порталдардың журналистері мен операторларына бұл күні 10 патрульдік көлік берілді. Баспасөз туры облыс орталығындағы Мир және Пионер көшелерінің қиылысынан басталды. Көліктер толастамайтын бұл қиылыстың бағдаршамы өшіріліп, журналистер жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің орнына жол қозғалысын реттеуге тырысты. Бұл үшін жүргізуші куәлігі бар, жолда жүру ережесін жақсы білетін төрт журналистке арнайы киім берілген болатын. Тәртіп сақшылары бұл жұмысты республикалық “Время” газетінің меншікті тілшісі Ульяна Ашимова мен “Қазақстан-Петропавл” телеарнасының тілшісі Екатерина Белоусова дұрыс орындағанын атап өтті. Бұл кезде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің тағы бір тобы көшеде кетіп бара жатқан азаматтардың құжаттарын тексерді.

Өзімізді жол-патрульдік полиция қызметкерлері ретінде сынап көргеннен кейін ішкі істер департаментінің кинологиялық орталығына жол тарттық. Орталық бастығы, полиция капитаны Самат Төлебаев бізді күнделікті жұмыстары мен міндеттерімен таныстырды. Орталықта 43 қызметтік ит бар. Неміс, шығыс-еуропалық, бельгиялық, тағы басқа асылтұқымды қызметтік төбеттердің негізгі міндеті – есірткі және жарылғыш заттарды іздеп табу, қылмыскерлерді анықтап, ұстауға жәрдемдесу. Үстіміздегі жылдың басынан бері осындай ақылды төбеттердің көмегімен шамамен үш килограмм есірткі заты тәркіленіп, 400-ден астам қылмыс әшкереленген екен. Тәртіп сақшылары бізге қызметтік төбеттердің жұмысын түсіндіріп қана қоймай, көрсетуді де жөн санапты. Осылайша, қызметтік төбеттердің есірткі затының қай қорапта екенін анықтап, қарулы қылмыскерге қарсы шығып, тап бергеніне куә болдық. Сонымен қатар тәртіп сақшыларының материалдық-техникалық базасымен де танысып, арнайы жасақтың киімін кидік, қолымызға қару алдық. Түрлі қызықтарға толы бұл күннің ерекше оқиғаларының бірі – брондалған көліктерге мінгеніміз.

Біз барған келесі нысан – облыстық ішкі істер департаментінің кавалериялық взводы. Онда 15 қызметтік ат бар екен. Біз қызметтік аттарға мінуге мүмкіндік алдық. Көлік жүре алмайтын аумақтардағы тәртіпті қамтамасыз етуде бұл аттардың көмегі көп.

Алғаш рет ұйымдастырылған баспасөз турының соңында біз №6637 әскери бөлімінің полигонына барып, дене және арнайы тактикалық даярлыққа қатыстық. Жедел әрекет ететін арнайы жасақтың жаттығуы ерекше болды. Бұл күннің жарқын оқиғаларына қаныққан журналистер мен операторлар соңында жауынгерлік ботқадан дәм татты. Тәртіп сақшыларының қарапайым халыққа көріне бермейтін қиын әрі қызықты жұмысымен танысып, көтеріңкі көңіл-күймен тарастық.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp