«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ТІЛ ҮШІН КҮРЕСТІҢ ҮЛКЕН-КІШІСІ БОЛМАЙДЫ»

Белгілі заңгер, тіл жанашыры Қайрат Дүйсенбімен әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде қатарлас оқыдым. Сол кездің өзінде әншілік, термешілік, асабалық қасиеттерімен, жазу- сызуға деген қабілетімен танылды. Замандасымыздың егемендіктің елең-алаң шағында атқарған қоғамдық жұмыстары мен тынымсыз тірлігі – үлкен ерлікке пара-пар, айрықша құрметтеуге лайық. Мерейлі 70 жасқа толып отырған Қайрат Дүйсенбімен тіл төңірегінде аз-мұз әңгімелескен едік.

– Қайрат Арғынұлы, жұртшылық сенің жергілікті басылымда жарық көрген жазба-зерттеулерің, тарата айтқан шежіре- естеліктерің арқылы кіндік қаның тамып, алаңсыз балалық шағың өткен Алқағаш елді мекенінің (Шал ақын ауданы) тарихынан жақсы хабардар. Ауылдың қазіргі ахуалы қалай?

– Жері құнарлы, табиғаты шұрайлы туған жерім жаныма ерекше ыстық, ешнәрсеге теңгермеймін. Бұрын жиі барып тұратынмын, жас ұлғайғаннан кейін бе, қатынауым сирек, әрі көз көрген ауылдастардың қатары мүлдем азайды. Бұл маңайды атақты Құлеке батыр жаз жайлау, қыс қыстау еткен. Бір кездері жүзге жуық үй болды, мыңғыртып төрт түлік, жайқалтып астық өсірді деуге қазір сену қиын. Қалғаны 25-26 түтін ғана. 9 жылдық мектеп әзірге жұмыс істеп тұр. Алдағы тағдыры не болары белгісіз, бұлыңғыр.

– Облыстық «Қазақ тілі» ұйымының құрылғанына биыл 35 жыл толып отыр. Осы уақыт бедерінде тілімізді, ділімізді, ұлттық құндылықтарымызды, халықтық дәстүрлеріміз бен ғұрыптарымызды ұлықтау жолында маңайына небір «сен тұр, мен атайын» азаматтарды топтастырды. Оның бел ортасында өзің де жүрдің. Тарихқа аздап шегініс жасасақ, ана тіліміздің мемлекеттік мәртебе алу жолында қандай кедергілер кездесті?

– Елдің шетінде, желдің өтінде орналасқан Қызылжар өңірі ол кезеңде бірқатар саяси қиындықтармен ерекшеленетін. Соған қарамастан жүйкеге тиетін текетірестер тоғысында қоғам тарапынан ешқандай асығыстыққа, айғайшылдық- даңғазалыққа жол берілген жоқ. Ніл Болатбаев, Қабдөш Қалиев, Қосыл Омаров, Жақсылық Ысқақов, Мәжкен Ғаббасов, Қайролла Мұқанов, Қарақан Сейітов, Мүтәлләп Қанғожин, Қайырбек Оразов, тағы басқа ел ағалары бас болып, тығырықтан шығудың жолын нұсқап, бағыт- бағдар беріп отырды. Осындай ауызбірліктің, ұйымдаса топтасудың арқасында қаржылық проблемалар да біртіндеп шешіліп, қазақ сыныптары, балабақшалар мен мектептер, бастауыш ұйымдар бой көрсете бастады.

Мен ол уақытта бұрынғы Ленин ауданында басшылық қызметте едім. Ұлттық мәселеге қатысты бірде-бір шарадан қалыс қалмаппын.

– Жергілікті жерлерде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру барысында қандай «әттеген-айлар» орын алды?

– Қайсыбірін айтайын, жетіп артылады. 1989 жылы 22 қыркүйекте Алматы қаласында өткен бірінші құрылтайда халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Ал 1990 жылдың сәуір айында Ленин ауданында осы айтулы қоғамның бөлімшесі құрылды, төрағалығына оқу бөлімінің жауапты қызметкері Ертай Ақмағанбетовті, орынбасарлығына мені сайлады. Ал енді Ленин мен Москва аудандары қосылып, 1997 жылы 9 сәуір күні Есіл ауданы құрылғанда қоғамның жаңа төрағасы қызметіне кірістім. Бәрінен бұрын ана тілін білетін жөні түзу мамандардың жоқтығы қатты толғантты. Мектептер, балабақшалар түгел орысша. Қазақша оқулықтар мен қазақ тілі мұғалімдерін майшаммен іздесең де таппайсың. Үй-үйді аралап, қазақ ата-аналарына ұл-қыздарыңызды ана тілінде оқытыңыз деп қанша үгіт-насихат жүргізсек те, жалына қол апартпайды, құлшыныс, ынта- жігер төмен. Бәрі де тұрмыстың ауыртпалығын алға тартады, болашаққа деген сенімсіздік басым еді.

– Дегенмен ұлтжанды азаматтардың қолдауына сүйенген боларсыңдар?

– Ертай Ақмағамбетов, Ерік Нұрақаев, Айкүміс Бекқожина, тағы басқа жергілікті тіл жанашырлары ұйымның нығаюына, аяқтан нық тұруына көп жәрдемдесті. №1 Явленка орта мектебінде қазақ сыныптары ашылғанымен, оқушылар санының көбеюінен орынның тарлығы біліне бастады. Орыс мектебінен енші алып, бөлек шығуды сұраған ата-аналардың өтініші сессияда арнайы қаралып, қолдау тапты. 2000 жылы жеке шаңырақ бұйырды. Кейін асармен ашылған алғашқы қазақ мектебі тарлық етіп, бос тұрған балабақшаның кең де жайлы ғимаратына көшірілді. Екі ұзын көшеге асфальт төселіп, маңайы абаттандырылды. Бұған дейін қоғамның мұрындық болуымен «Балдәурен» қазақ балабақшасы, мұсылмандар мешіті тұрғызылды. Жадымыздан ұмытыла бастаған төл әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер, Наурыз мерекесі жаңғыртылды. Алғашқы ақындар айтыстары Орталық, Қарағаш, Өрнекте, жас келіндер сайысы Еңбек ауылында ұйымдастырылды.

– Өкінішке қарай, «Қазақ тіл» қоғамына барынша қолдау білдіріп, қолдан келген көмегін аямаған азаматтардың қатары азайып келеді. Өзіңмен қоян- қолтық ынтымақтасып, ұлттық рухты өскелең ұрпақ бойына сіңіре білуді басты парыз санаған тұрғыластарың туралы не айтар едің?

– Кез келген тіл майданы пәрменді күреске толы екенін тәжірибеден жақсы білемін. Және де оның үлкен-кішісі болмайды. Әрқайсының өз жауапкершілігі мен жүктелетін белгілі бір міндеттері бар. Осы тұрғыдан ой толғасақ, ұйым шараларына қоғамдық негізде – ақысыз-пұлсыз араласып, жан- тәнімен беріліп атқарған замандастарым қандай да мадаққа әбден лайық дер едім. Мен өзім Құрмаш Баязиев, Социал Жұмабаев, Сансызбай Жұмабеков, Тоқтар Зікірин, Зейнолла Әкімжанов, Ғалым Өркешов, Сағадат Рахатов, Қайырбек Ғалеев, өзің, тағы басқа тіл жанашырларының жанкештілігіне, қайсарлығына, көздеген мақсатқа жетпей тынбайтын елжандылығына өте тәнтімін. Осындай азаматтардың еңбектері ескерілсе, тиісті баға берілсе, егемендігіміздің, тәуелсіздігіміздің символы іспеттес «Қазақ тілі» қоғамы жайлы мұражай ұйымдастырылса дегім келеді.

– Қайрат Арғынұлы, мерзімді басылымдарда мақалаларың жиі жарияланып жүр. Бұл сала жаныңа несімен жақын?

– Мектепте оқып жүргенде жазуға деген әуестігім мен қызығушылығым оянып, кейін келе қолымнан қалам түспейтін болды. Ұмытпасам, тырнақалды мақалам 9-сыныпта жарияланды білем. Мақалаларым республикалық «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Бұқпа», «Ардагерлер айнасы», «Қазақ үні», «Общес-твенная позиция» («Дат») газеттерінде, «Мағжан» журналында басылды. «Есімдері мәңгілік есте», «Халқы қадірлеген қайраткер Қошан Жантілеуов», «Құлеке батыр және ұрпақтары» атты кітаптарға деректі шығармаларым енді.

– Тұшымды әңгімеңе рақмет!

Сұхбаттасқан

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp