2016-2017 оқу жылында мектеп бітіретін түлектердің қорытынды аттестаттауын өткізу және жоғары оқу орнына түсу қағидаларының жаңа үлгісі жарияланған болатын. Ол бойынша 2017 жылдан бастап түлектер орта мектепті бітіргені жөнінде аттестат алу үшін мектептерде дәстүрлі түрде мемлекеттік қорытынды емтихан, ал жоғары оқу орнына түсу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) тапсыратын болады.
Мектептердегі қорытынды аттестаттау бес пән бойынша жүргізіледі. Оның төртеуі міндетті (ана тілі және әдебиет, қазақ немесе орыс тілі – оқыту тіліне байланысты, Қазақстан тарихы, алгебра және талдау бастамалары) және біреуі таңдау пәні. Мектеп бітіруші емтиханда ана тілі және әдебиетінен эссе жазса, қазақ немесе орыс тілінен және таңдау пәндерінен тест тапсырады. Қазақстан тарихы пәнінен емтихан – ауызша, ал алгебрадан жазбаша түрде өтеді деп жоспарлануда.
Барлық емтихан материалдарын Ұлттық тестілеу орталығы әзірлейді. Жазбаша және ауызша емтихандар мен тесттің жауап парақтарын мектептердегі пән бойынша дұрыс жауаптар кодтары арқылы емтихан комиссиясы тексеріп, бағалайды. Бұл емтихандар білім алушының өзі оқитын мектебінде өтеді. “Алтын белгіні” тағайындау мектептің өзінде жүзеге асады. Мектептердегі қорытынды аттестаттау мерзімі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің “2016-2017 оқу жылын аяқтау туралы” бұйрығымен белгіленеді. Ол шамамен 29 мамыр мен 9 маусым аралығында өтпек.
Ұлттық бірыңғай тестілеу жоғары оқу орнына түсу және мемлекеттік гранттарды үлестіру жүйесі ретінде қалады. 2017 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу нысаны бес пән бойынша 120 сұрақты қамтиды. Оның ішінде 60 тапсырма үш міндетті пән (әрқайсысынан 20 тапсырмадан) және 60 тапсырма талапкер оқығысы келетін жоғары оқу орнындағы мамандықтарға сәйкес екі бейінді пән бойынша (әрқайсысынан 30 тапсырмадан) болады. Бейіндік пәндер бойынша тапсырмалар ұсынылған бес жауаптың ішінен тек жалғыз дұрыс жауабы бар 20 сұрақтан, сондай-ақ, көп жауаптың ішінен бірнеше дұрыс жауабы бар 10 сұрақтан құралады.
Тестілеуге берілетін уақыт 3 сағат 30 минутты (210 минут) құрайды. Жоғары оқу орнына түсу үшін ең төменгі шекті балл (50 балл) өзгеріссіз қалады деп жоспарлануда. Ең жоғары көрсеткіш 140 балл (бейіндік пәндер бойынша берілген дұрыс жауаптар есебінен).
Ұлттық бірыңғай тестілеудің мазмұндық бөлігінде одан әрі оқуға қабілетті, логикалық ойлау деңгейін, базалық құзыреттерді анықтауға (функционалдық сауаттылыққа) бағытталған тестілерді қолдану жоспарланған. Логикалық тестілерді кеңінен қолдану жаттандылықты жойып, түлектерді білімін және оны қолдану дағдыларын жинақтауға мәжбүрлейді. Ұлттық бірыңғай тестілеу 20 маусымнан 1 шілдеге дейінгі аралықта өткізілмек.
Сондай-ақ, 2017 жылғы тамызда және 2018 жылғы қаңтарда ҰБТ өткізу пункттерінде тестілеуді қайта тапсыруға болады. “Алтын белгі” иегерлері Ұлттық бірыңғай тестілеуді жалпыға бірдей негізде тапсырады.
Жоғары оқу орнының барлық 175 мамандығы бейіндік пәндер бөлінісінде 10 комбинацияға бөлінді. Бейіндік пәндерді талапкер өзі түсетін мамандығын анықтау үшін таңдайды. Мысалы, математика мен физиканы бейіндік пәндер ретінде тапсырған талапкерде 52 мамандықтың бірін таңдау мүмкіндігі бар. Оқуға түсу кезінде төрт жоғары оқу орнын таңдау мүмкіндігі болады.
Темірғали ӘБІЛМӘЖІНОВ,
Солтүстік Қазақстан облысының білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы.