Дүкен аралап жүріп, сөрелерде самсап тұрған электронды темекілер көзіме оттай басылды. Оларды жастардың іздеп жүріп сатып алатындарына куә болып, түтінге тұншыққан талай жас ғұмырлардың болашағына қатты алаңдадым. Батыс елдері жастары арасында кеңінен танымалдылыққа ие электронды темекінің біздің елімізге, тіпті, өңірімізге жеткеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Әйтсе де, оған деген өрендердің қызығушылығы азаймай отыр.
Дүкен сатушысы Людмила Воряковскаяның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда жастардың, жоғары сынып оқушыларының арасында электронды темекіге деген сұраныс өте жоғары. Бағасы шамамен 700-5000 теңге аралығында тұратын “вэйпинг” (электронды темекінің атауы) бір жылға жуық уақытқа жететін көрінеді. Дүкеннен сыртқа шыға бере, аузынан будақтаған түтінге қарап, масаттанғандай рахат сезімге бөленген бейтаныс жігітті көріп, сан түрлі ойға берілдім. Жастар неге батыстың қаңсығын таңсық дүниедей қабылдауға әуес? Олар неге “ұлттың саулығы – елдің басты байлығы” деген сөздің астарына үңілмейді? Адамның рухани әлемін байытатын мәдениеттен неге жұрдай?
Мәдениет демекші, электронды темекіні сатуға немесе тұтынуға байланысты ешқандай тосқауыл жоқ, заңмен тыйым салынбаған. Осыған орай көңілі қалаған адам оны кез келген уақытта қажетінше пайдалана алады. Тұтынушылардың көбі “вэйпингті” адам денсаулығына орны толмас зиян келтіретін темекіден арылу үшін қолданады деген пікір қалыптастырған. Облыстық наркологиялық орталықтың нарколог дәрігері Иван Черепухин бұл құрылғының темекі құрамындағы никотин, формальдегид сияқты төрт мыңға жуық химиялық қосылыстардың орнын пайдалы заттармен алмастыратынына күмәнмен қарайды.
– Электронды темекіні құрайтын сұйықтықтың құрамында глицерин, пропиленгликоль, ароматизатор және никотин бар. Бұлардың барлығы да денсаулыққа кері әсерін тигізеді. Темекі түтінінің жоқтығы электронды темекінің иісін бәсеңдететіні рас. Алайда, бір рет пайдаланған адам уақыт өте келе оның дозасын арттыра түседі. Бұл адам өмірінің қысқаруына, жүйке жүйелерінің сал, асқазан мен ішектердің қатерлі ісік ауруларына шалдығуына алып келеді. “Вэйпинг” есірткі сияқты. Дәмін байқаған адам еріксіз құмартып тұрады, – дейді ол.
Бүгінде облыстық наркологиялық орталыққа электронды темекінің кесірінен денсаулығына шағым айтып жүгінетіндердің қарасы көбейген. Орталық мамандары оларға жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жадынамалар таратады. Науқасты психологиялық күйзеліске ұшырататын жайттармен талмай күреседі.
Электронды темекіге әуестеніп, өкпе ауруына шалдыққан Петропавл қаласының тұрғыны Д. деген азамат бәрі қызығушылықтан туындайтынын, кейін оның айықпас өкінішке әкеліп соғатынын айтады.
– Электронды темекімен алғаш рет ғаламтор арқылы таныс болдым. Кәдімгі темекіге ұқсас болғанымен, ешқандай зияны жоқ екеніне сенгенім рас. Түтінді ішке емес сыртқа шығарғанды абырой мен мақтаныш көргенім де жасырын емес. Осылайша, жарты жылдай үздіксіз қолданып жүрдім. Бір күні тыныс жолдарым тарылып, дем алуым нашарлап ауруханаға түстім. Дәрігерлер маған “өкпе құрты” деген диагноз қойды. Ойнап жүріп, от басқаным үшін өкінемін, – деген Д. жасөспірімдердің өте еліктегіш келетінін, оларға ата-ана мен қоғамның қатаң бақылауы қажеттігін де жеткізді.
Әрине, алдымыздан осы мәселе көлбеңдеп шыға келсе болды, ақталу үшін ата-аналардың күнұзаққа жұмыста екендіктерін алға тартудан-ақ жалықпаймыз. Әйтсе де, балаға жақсы тәлім-тәрбие беріп, өмірлік ұстанымдарын қалыптастыруға септесу бірінші кезекте – ата-ананың негізгі міндеті емес пе?
“Денсаулыққа зор кесел, Үйрете көрме ауызды, Насыбай менен шылымға”, – деп ХХ ғасырдың басында әйгілі жырау Шораяқтың Омары айтқан өсиетін әрбір саналы адам жете түсінсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Раушан МҰХАМЕДЖАНОВА,
М. Қозыбаев атындағы
СҚМУ студенті.