«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҮТІНІ ТҮЗУ ҰШҚАН АУЫЛ

Аққайың ауданындағы Құмдыкөлдің жағасына 1895 жылы Ресейдің Полтавка губерниясынан 79 отбасы көшірілген болатын. Көлдің айналасынан жер беріліп, олар жартылай көшпелі өмір сүретін жергілікті қазақтармен тонның ішкі бауындай араласып кетеді. Алғашқы жылдары елді мекен су айдынының атауымен Құмдыкөл деп аталған екен. Кейін атауы Полтавка деп ауыстырылған. Сол ауыл – бүгінде облысымыздағы түтіні түзу ұшқан, кәсібі оңға басқан елді мекендердің бірі. Бұл ауыл Тәуелсіздік жылдары жаңаша қарқынмен дами түсті.

Аудан орталығынан 26 километр қашықтықта жатқан Полтавкаға лезде жетіп қалдық. Жолы тақтайдай тегіс деуге келмегенмен, асфальтталған. Ой-шұңқырлар ауылға жақындағанда ғана пайда болып, көліктің жүрісін сәл тежеді. Кейін сұрастырсақ, бұл маңайдың жері батпақты болғандықтан, жөнделген жол көпке шыдамайтын көрінеді. Жолдың жайын жөн сұрау үшін тоқтаған шеттегі үйдің тұрғыны Рүстем Әбілдин айтып берді. Жергілікті шаруашылықта жүргізуші болып жұмыс істейтін ол көктем мен күзгі науқан кезінде жанармай тасып, күні-түні осы жолмен жүйткиді екен.

– Көптеген ауылдардың тұрғындарын жол мен су мәселесі мазалайды. Бізде бұл жағынан қиындық жоқ. Аптасына алты күн Полтавкадан Петропавлға дейін автобус қатынайды. Жолдың жайын жүрген білер. Ой-шұңқырлары уақытында жөнделеді. Қыста қар басып қалса, лезде тазартылады, – дейді ол.

Рүстем Полтавкаға осыдан алты жыл бұрын көшіп келіпті. Тұрақты жұмыс пен жайлы тұрмыс іздеген жас отбасының қалағандары осыннан табылыпты. Өзі қар ерігеннен қара күзге дейін жүргізуші болып істесе, қыста жылу қазандығында пеш жағады. Ал зайыбы Ғалия – ауылдық Мәдениет үйінің меңгерушісі.

Ауылдың сыртқы ғана емес, ішкі жолдарын жөндеу жұмыстары инвесторлар тарапынан да, билік назарынан да ұмыт қалған емес. Биыл бюджеттен 4,7 миллион теңге қаржы бөлініп, көктемгі тасқын кезінде су шайып кеткен Жастар көшесі қалпына келтіріліпті. Жалпы соңғы үш жыл бойы қар қалың түсіп, ағын су ауылдың жолдарына едәуір зақым келтірген болатын.

Елді мекеннің инфрақұрылымын жақсарту жайын толығырақ ауылдық округ әкімі Ольга Семенюктің аузынан естідік. 2013 жылдан бері әкім қызметін атқаратын ол соңғы кездері “Жұмыспен қамтудың жол картасы” және Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламаларының шапағаты көп тигенін жеткізді. Биыл ғана 5,7 миллион теңгеге ауылдық стадионға жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жасанды желек төселіп, жан-жағы қоршалған, көрермендер отыратын орындықтар қойылған. Спорт алаңы жергілікті жастардың жеңіске деген жігерлерін жанып, “Ақ бидай” спартакиадасында да полтавкалықтар жақсы нәтиже көрсете бастаған.

– Ауылдың ішкі жолдарын жөндеу мен көшелерді жарықтандырудың жобалық-сметалық құжаттарын жасадық. Қазірдің өзінде ауыл іші түнде самаладай жап-жарық. 32 шам орнатылған, оның бәрі “Полтавское” ЖШС-нің еншісінде. Өздері қызмет көрсетіп, өздері ақысын төлейді. Жақсыға ұмтылу әдетіміз ғой, көшелердің жарықтандырылу жүйесін әлі де жаңартқымыз келеді. Жолдарға келетін болсақ, биыл бір километр жол жөнделді, енді Гредерная көшесінің 800 метрін қалпына келтіру ойымызда бар. Кейін басқа жолдарды да жөндейміз, – деді әкім.

Түп-түзу көшелер, қаз-қатар тізілген үйлер. Мұндай көз тартар көріністі бүгінде көп ауылдардан көре алмайсың. Қабырғасы ақ кірпіштен қаланған екіқабатты мектеп ғимараты алыстан менмұндалайды. Кеңестік заманның типтік ғимараттарына ұқсамайтын еңселі құрылыс Тәуелсіздіктің тартуы екені айтпаса да түсінікті. 2007 жылы пайдалануға берілген білім ордасының іші сәбилердің шат күлкісіне толы. 180 орындық мектептің екінші қабатында шағын орталық орналасқан. 25 сәби – жарты күн, тағы 25-і толық күн тәрбиемен қамтылған.

Бұл – Полтавка ауылы құрылғаннан бері салынған төртінші мектеп. Және ең сәндісі. Бұған дейінгі білім беру мекемелері әлдеқашан бұзылған. Дегенмен, әрқайсысының суреті мектеп мұражайында сақтаулы. Мұражай қоры оқу ордасымен ғана шектеліп қалмаған, ауылдың өткеніне қатысты жәдігерлер жеткілікті. Тіпті, көне заманда осы маңды мекен еткен мамонттың мүйізі да бар. Оны диқандар жер жыртып жүріп тауып алып, мектепке әкеліп тапсырған екен. Арнайы келген соң мектептің кітапханасына да бас сұқтық. Тәжірибелі маман Ирина Баймышеваның айтуынша, оқушылар жаңа оқулықпен тегіс қамтылған. Көркем әдебиет те жеткілікті. Қорда 7723 кітап бар.

Мектеп ұжымының отыз пайызын жас мамандар құрайды. “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша келген жастарға тәжірибелі ұстаздар білгенін үйретуден ешқашан жалыққан емес. Ұжым басшысы Жұмабике Әшірбекованың айтуынша, сабақ тек орыс тілінде ғана жүргізіледі екен. Ауыл тұрғындарының жартысы өзіміздің қаракөздеріміз бола тұра, қазақ сыныптарының жоқтығы көңілге сәл кірбің түсірді.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын қазақ сыныптарын ашқанбыз. Бастауышта қазақша оқыттық. Өкінішке қарай, ата-аналардың өздері балаларын орысшаға ауыстыруды қалаған соң жабуға тура келді. Бірақ бұл уақытша құбылыс деп білемін. Қазақ сыныптарын тағы ашу ойымызда бар, – дейді директор.

Ауылдық Мәдениет үйі – тұрғындар ең көп жиналатын орын. Әрбір мереке атаусыз қалмайды. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары салынған көне ғимарат былтырғы күрделі жөндеуден кейін жаңа кейіпке енді. Республикалық бюджеттен бөлінген 24 миллион теңгеге жылу және электр жүйесі жаңартылып, есік-терезелері ауыстырылған, едені мен қабырғасы жөнделді, сонымен қатар қажетті құрал-жабдықтар мен аспаптар да сатып алынған екен.

Юрий Бакайдың жетекшілігімен өнер көрсететін “Хуторок” балалар аспаптар ансамблі жайлы республикалық телеарналар хабар түсіріп, аты елімізге танылды. Мектеп оқушыларынан құрылған бұл ұжымның алар асулары әлі алда. “Улыбка” балалар би ансамблі, әншілер үйірмесі, “Достық” этномәдени бірлестігі де Мәдениет үйінің қабырғасында өнер көрсетеді. Ауылдың көңілді және тапқыр жастарынан құралған жайдарман тобы да бар.

– Апта сайын жастардың би кеші өтеді. Әрбір мерекеге концерт ұйымдастырамыз. Жақында Смирноводағы қарттар үйіне барып, өнерімізбен көңілдерін бір көтеріп қайттық. Жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындауға жұмсалған шығынның бәрін “Полтавское” серіктестігі көтерді. Сол үшін ауыл тұрғындары атынан алғысымды білдіремін, – дейді Мәдениет үйінің директоры Ғалия Жәкенова.

Тоқсаныншы жылдардың басындағы тоқырау жұрт есінен әлі кете қойған жоқ. Кеңшарлар мен ұжымшарлардың мүлкі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен еді. Тек тізгін ұстар азаматтары бар ауылдар ғана қолда бар мал-мүлікті талан-таражға салмай сақтап қалды, халықтың қалаға қарай үдере көшуіне жол бермеді. Полтавканың іргесін ыдыратпаған азамат Елтай Зікірин болды. Целиноград ауыл шаруашылығы институтының түлегі өзі бас агроном болып жұмыс істеген ауылда 1997 жылы жеке шаруашылық құрып, қиын жағдайда халыққа қолдау көрсетті.

Егіншілікпен бірге мал шаруашылығын да дамытуды мақсат еткен серіктестік былтыр “Сыбаға” мемлекеттік бағдарламасы бойынша 422 сиыр сатып алған. Осылайша сүтті сиыр өсіретін серіктестіктің қорасындағы ірі қара саны қазір 776-ға жетіп отыр. Сауылған сүтті Петропавл қаласындағы “Маслодел” сүт зауыты сатып алады екен.

– Елтай Қайырбекұлы ұжымшардың мүлкін сақтап қалды, кейбір бұзылған қораларды қайта қалпына келтірді. Ол өзі еңбек жолын бастаған ауылда жұмыс істеп қана қоймай, тұрғындардың әлеуметтік жағдайына да үнемі қарайласып отырады. Биыл егін бітік шықты. Әрбір адамға бір тоннадай пай үлестірдік. Олар көлік іздеп қиналмасын деп серіктестік өз техникасымен әрбір тұрғынның үйіне жеткізіп берді. Малдарына қажет болса жемшөпті де бізден ала алады, – дейді “Полтавское” ЖШС-нің бас агрономы Хасен Баукенов.

Полтавкада екі қолға бір күрек таппай, сенделіп жүрген адамды кездестірмедік. Қос бірдей жауапкершілігі шектеулі серіктестік, дәл сонша фермерлік шаруашылық, жеті шаруа қожалығы бар екен. Бірнеше дүкен, қоғамдық монша жұмыс істейді. Ауыл ауызсудан да тапшылық көрген емес. Құбырмен келіп тұрған суды тұрғындардың 30 пайыздайы үйлеріне кіргізіп те алған екен. Қалаға бергісіз жағдай. Жақсы тұрмыс жайлы естіп, көрші ауылдардан көшіп келушілер де көбейген. Қай тұрғынмен тілдессеңіз де, бұл жетістіктерге еліміз тәуелсіздігінің арқасында, бірлік пен ынтымақты сақтай білудің нәтижесінде жеткенін айтады.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp