Аурудың жақсысы болмайды. Бойға жабысқан дерттің қандайы болса да қауіпті. Күн суыта тұмау өршитіні белгілі. Десе де бұған кей адамдар “түшкіреміз де қоямыз, не қылар дейсің” дегендей жеңіл қарайды. Олар бұл вирустың адамнан адамға жылдам жұғатынын, асқынып кетсе өте қауіпті екенін елей бермейді.
Солтүстік Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Салтанат Бекқожинаның пікірінше, тұмау – адамның жоғарғы тыныс жолына әсер ететін, ауа арқылы таралатын инфекциялық ауру түріне жатады. Тұмаудың пайда болу себебін тек иммундық жүйенің әлсіреуі мен шамадан тыс тоңудың әсері десек жеткіліксіз, ол негізінен арнайы тұмау вирусының өршуінен болады.
– Тұмаудың инфекция көзі – науқас адам. Жөтелу, түшкіру және тыныс алу кезінде сырқат адамнан басқаларға жұғады. Ауадағы жұқпалы вирус біртіндеп айналадағы заттарға, ыдыс-аяққа жабысады. Кейін сол заттарды қолданғанда ауамен адамның тыныс алу жүйесіне енеді. Вирустың бұлай таралуына жол бермеу үшін қолды жиі жуу қажет, қоғамдық орындарда болғанда және қоғамдық көліктерден түскеннен кейін мұрынға жылы су жүгіртіп, шаю маңызды. Инкубация кезеңінен кейін ауру белгілері пайда бола бастайды. Ең әуелі температура көтеріледі. Мұндай жағдайда мүкіндігінше тезірек дәрігерден кеңес алу керек. Себебі олар аурудың асқынуына жол бермейді. Әлсіздік, дене сырқырауы, мұрын бітелуі, түшкіру, тамақтың жыбырлауы да – аурудың алғашқы белгілері. Бірнеше күннен кейін тұмаудан құрғақ жөтел пайда болып, тамақ ауырады. Бірте-бірте жөтел ылғалданып, қақырық шыға бастайды, – дейді Салтанат Бекқожина.
Тұмаудың инкубациялық кезеңі бірнеше сағаттан он күнге дейін созылады. Жасырын фазаның ұзақтығы вирустың түріне байланысты. Инкубация кезеңінде тұмау белгісі білінбейді. Тұмаудың асқынуына бейжай қарауға болмайды. Себебі ол тыныс алу жолындағы жасушаларға әсер ететіндіктен уақыт өте келе бактериялық ауруға ұласып, өкпе мен құлақтың қабынуына әкелуі әбден мүмкін.
Ақ халатты абзал жандар тұмауға қарсы тиімді тәсіл – вакциналау екенін айтады. Дер кезінде салынған вакцина ағзаның тұмауға қарсы қорғаныш қабілетін арттырады. Ауруды жеңілдетіп, асқынудың алдын алады.
Күнделікті өмірде ағзаның ауруға қарсы қорғанысын арттыру үшін әркім әртүрлі амал-тәсілдерді қолданып жатады. Біздер көбіне ұлттық тағамдарымызға және халық еміне жүгінетініміз рас. “Денсаулықтың кепілі – спорт” демекші, дене шынықтырумен айналысу ауруға қарсы күрестің ең ұтымды жолы десек қателеспейміз. Одан соң дұрыс тамақтану, жайлы демалыс және витамині мол тағамдарды жеу де маңызды. Сондай-ақ тұмау симптомдары бар адамдардан алыс жүрген, жатын бөлмені жүйелі түрде желдетіп тұрған абзал. Таза ауада демалу, сұйықтықты көп ішуді әдетке айналдырып, алкоголь мен темекі тұтынудан тыйылу керек.
Дәрігерлердің айтуынша, тұмаумен ауырған науқас үшін ең дұрысы – емханаға жүгірмей, маманды үйге шақырту. Сондай-ақ отбасының басқа мүшелерімен арақашықтықты сақтап, медициналық бетперде тағуды ұмытпаған жөн. Бұл өзіне де, өзгеге де пайдалы.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.