«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰРМЫСЫ ТҮЗЕЛГЕН АУЫЛ

Аққайың ауданындағы Рублевка ауылында “Иван Зенченко” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бір мың басқа арналған мал шаруашылығы кешенін пайдалануға берді. Ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Құмар Ақсақалов заманауи фермада болып, ондағы істің жайымен танысты.

Қазақстанның Еңбек Ері, марқұм Геннадий Зенченконың немересі Иван Геннадьевич басқаратын серіктестік тіршілігі жүдеу тартқан ауылға жаңа рең бергендей. Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көрген кәсіпкер Германиядан симменталь тұқымды 600 ірі қара сатып әкеліп, өрісін кеңейткен. Бүгіндері кешендегі малдың жартысына жуығы – сауын сиырлар. Олар күніне екі рет сауылып, әрбірі 21 литрден сүт береді. Сиырлар жақында бұзаулап, кәсіпкердің қорасы 500 бас Зеңгі баба төлімен толыққан.

Серіктестіктегі цифрландыру жайына қаныққан өңір басшысы шаруашылық жұмысына оң бағасын берді.

– Елбасының Жолдауында экономиканы цифрландыру міндеті қойылған болатын. Осы орайда үстіміздегі жылы Қазақстанда заманауи 10 тауарлы-сүт фермасын ашу жоспарланса, оның төртеуі біздің өңірде пайдалануға берілуде. Сондай-ақ, облыста тағы үш ферманың құрылысы жүргізілуде. Бұл жылына қосымша 17 мың тонна сүт өндіру мүмкіндігін береді. Мұндай ферма әрбір ауданда болуы керек. Жалпы биыл 500 мың тоннаға жуық сүт өндіру жоспарланған. Осылайша жергілікті сүт өндіру зауыттарының жүктемесі артты, – деді Құмар Іргебайұлы.

Облыс әкімі мал шаруашылығымен айналысуға ниет танытпай жүрген кәсіпкерлерге кешеннің жұмысын үлгі етіп, оларға жеңілдетілген несие мен демеуқаржының ризығын көруге ұмтылу керектігін ескертті. Өңір басшысы бұл ретте Елбасының агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық жүзеге асыру үшін Үкіметке жыл сайын 100 млрд. теңге бөлуді тапсырғанын мәлімдеді.

Бұдан соң Құмар Ақсақалов ауылдағы Мәдениет үйіне ат басын бұрды. 15 жылдай қаңырап тұрған нысанға “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Атап айтқанда, ауданы 1202,5 шаршы метр 180 орындық ғимаратты жөндеуге 107 млн. теңге бағытталған.

Өңір басшысы оңтүстіктен көшіп келген тұрғындармен де кездесті. Әңгіме барысында Құмар Ақсақалов кәсіпкерліктің адами капиталды жақсартуға бағытталуы керектігін ескертті.

– Кәсіпкерлер жерлестерінің өмір сапасын жақсартуға атсалысулары тиіс. Мысалы, атасының жолын қуған Иван Зенченко тұрғындарға біраз жақсылық жасауда. Ауылда таңнан кешке дейін мал және егін шаруашылығымен айналысқан ол елді мекеннің 70 тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Жалпы өңірімізде 660 елді мекен бар болса, соның 300-інің әлеуеті жоғары. Алдағы уақытта біз оларға су тартып, жолдарын түзеп, Мәдениет үйлері мен мектептерін жөндейтін боламыз. Сонымен қатар ауылдарда кәсіпкерлердің көмегімен фермалар және мал бордақылау алаңдарының құрылысы қолға алынады, – деген Құмар Іргебайұлы жиналғандарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, шаңырақтарына бақ-береке тіледі.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp