Редакциямызға Петропавл қаласының тұрғыны Ғалия Сапарова хабарласып, «Мен «Наурыз» және «Наурыз Жұмыскер» тұрғын үй бағдарламалары жөнінде толығырақ білгім келеді. Бағдарламаның шарттары қандай?» — деген сауалын жолдады.
Оқырманымыздың бұл сұрағына «Отбасы банк» акционерлік қоғамы облыстық филиалы бизнесті дамыту бөлімінің маманы Жанбота Естайқызы былай деп жауап берді:
«Наурыз» бағдарламасына өтінімдер 5-31 наурыз аралығында қабылданады. Бағдарламаға соңғы 5 жылда меншігінде жылжымайтын мүлкі болмаған барлық қазақстандық қатыса алады. Қатысушылар «Отбасы банкінен» депозит ашуы (болмаған жағдайда) және оны 2 млн. теңгеге дейін толықтыруы керек. Сондай-ақ соңғы 6 айдағы ресми табысын растауы тиіс.
Ал «Наурыз Жұмыскер» бағдарламасы 17 наурызда іске қосылады. Бұл бағдарлама бірінші кезекте тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінің барлық салаларындағы жұмысшы мамандарды, сондай-ақ энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурстары қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған. Алайда аталған салаларда кеңсе менеджері, PR-менеджер, есепші болып жұмыс істейтіндер бағдарламаға қатыса алмайды.
Жұмысшы кадрларға арналған ипотекалық бағдарламаға қатысу үшін өтінімдер банктің жергілікті филиалында қабылданады және қатысушы жұмыс орнынан анықтама ұсынуы тиіс. Қарыздың максималды сомасы Астана мен Алматы қалалары үшін 36 млн., ал қалған облыс орталықтарында 30 млн. теңгені құрайды. Сатып алынатын тұрғын үй «Baspana Market» порталында таңдалады. Бағдарлама талаптары бойынша азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін 7 пайыз және қалған барлық санаттар үшін 9 пайыз мөлшерлемемен несие беріледі. Бастапқы жарна – таза әрлеудегі бастапқы тұрғын үйді сатып алу үшін 10 пайыздан, әрленбеген бастапқы тұрғын үйді және қайталама нарықтағы тұрғын үйді сатып алу үшін 20 пайыздан басталады», – делінген жауапта.
Дайындаған
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Soltüstık Qazaqstan».