«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘРБИЕ ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ

Бүгінгі таңда өскелең ұрпақтың тіл үйренуге деген құштарлығы қуантарлық. Ал алдыңғы толқынның осыған қосып отырған үлесі қандай?

Мен бұл жерде аталар мен әжелер жайында айтқым келеді. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын. Тіл жағына келгенде жастарға үлгі-өнеге етуге боларлықтай қариялар аз емес. Бірақта көшеде немересімен орысша шүлдірлеп бара жатқан апа-аталарды көргенде кейбір кезде: “Өздері орысша сөйлегенше, балаға қазақша неге үйретпейді екен?” деп ойлап қаласың. Жақында ғана осындай көріністің куәгері болдым. Шынымды айтсам, сол оқиға менің қолыма қалам алып, “Ұлпан” қосымшасына хат жазуға түрткі болды.

Үйдің қасындағы азық-түлік дүкеніне барып, керек заттарымды сатып алдым. Менің соңымнан еріп, немересін жетектеген әже шықты. Қолынан ұстаған немересі үш-төрт жаста сияқты. Ол әжесіне қарап: “Купи жвачку, апашка” деп қояды. Былдырлаған бүлдіршінге әжесі болса: “Пойдем домой, сосын алайын жвачкаңды” деп оны алға қарай жетелеп барады. Жетпістен асқан қария осылайша екі тілді араластырып, немересіне орысша-қазақша әңгіме айтып алыстай берді. 

Бұл бір ғана емес, күніне бірнеше рет, әр жерде кездестіретін көрініс деп ойлаймын. Сондықтан болар, оған бойымыз да әбден үйреніп кеткен сияқты. Кішкентай бала не айтсақ, соны қайталайды емес пе? Оны қазақшаға үйретсек – қазақша, орысшаға үйретсек – орысша, тіпті керек десеңіз, ағылшынша да сөйлейтін болады. Әрине, бала көп тілді білсе, бұл құптарлық жайт. Бірақ, мен бұл жерде тіл тазалығын айтқым келіп отыр. Тәрбие отбасынан басталады. Егер үйде баламен қазақша сөйлессек, сонда тіліміздегі ала-құлалық мүлдем жойылар еді. “Жастар орысша сөйлейді, қазақша түсінбейді” деп кейде ата-әжелеріміз ренжиді біздерге. Алайда, өздері жағынан да осындай олқылықтар кетіп жатқанын байқамайтын сияқты. Тіл – бәрімізге ортақ қазына, сондықтан оның тазалығын да бірлесе отыра қадағалауымыз керек.

Бейнегүл ЕДІЛҚЫЗЫ.

Есіл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp