«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘТТІ СУСЫН ДАЙЫНДАУ ТАЛАПТАРЫ

Шырын – жаңа піскен немесе таза сақталған жемістерден жасалатын сусын. Әдетте ол адам ағзасына қажетті дәрумендерге бай. Бүгінгі таңда дүкенге бара қалсақ, шырынның кез келген түрін сатып алуымызға болады. Бірақ бұл өнімдердің барлығы талаптарға сәйкес келеді деп айта аламыз ба?

Шырын, әсіресе, балалардың сүйікті сусы­ны. Оның құрамында адам ағзасына қажетті 13 минералды зат пен 8 дәрумен бар. Пайдалы тауарды жасау барысында техникалық талаптар сақталмаған жағдайда жеткіншектердің денсаулығына қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан өнімдердің қауіпсіздігіне қойылатын талаптар Кеден одағының “Жемістер мен көкөністерден жасалған шы­рын өніміне арналған техникалық регламентімен” (КО ТР 023/2011) реттеледі.
Аталмыш өнімдер негізінен шырын, балшырын, құрамында шырыны бар сусын және морс болып бөлінеді. Бірақ тұтынушылардың басым бөлігі оларды ажырата алмайды. Әдетте шырынның өзінде ешқандай қоспа болмайды. Балшырын – жеміс немесе көкөніс пюресін сумен араластырып, қант немесе бал, түрлі тәттілендіргіштер қосылған сусын. Бұл қоспалардың шекті үлесі 50 пайызға дейін жетуі мүмкін. Әрбір жеміс немесе көкөніс үшін шекті минимум белгіленген.
Аталмыш сусындар қойылтылған шырыннан өндірілген, жаңадан сығылған, яғни тұтынушылардың қатысуымен сығылған және консервілеуге ұшырамаған, көкөністерді механикалық өңдеу жолымен өндірілген шырын болуы мүмкін. Кеден одағының бірыңғай аумағында айналыста жүрген шырын өнімдері техникалық регламенттерде атап көрсетілген микробиологиялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес болуы тиіс. Оны құтыға құю және тасымалдауға ерекше көңіл бөлінуі керек.
Әсіресе, балаларға арналған шырындардың сапасына көп көңіл бөлініп, ерекше талаптар қойылады. Атап айтқанда, шырынға гендік түрленген (гендік-инженерлік, трансгендік) организмдерді құрайтын жемістер мен көкөністерді қолдануға, құрамында ГМО бар қоспалар мен тәттілеуіштерді, хош иістендіргіштерді қосуға тыйым салынған. Сондай-ақ, қойылтылған диффузиялық шырынды, бояғыштарды және бояғыш сығындыларды пайдалануға болмайды.
Дайын шырын өнімдеріндегі еритін құрғақ заттардың құрамы балалардың жасына қарай нормаланады. Жемістерден немесе көкөністерден алынған байытылған шырын өнімін өндіру кезінде тамақ өнеркәсібінде қолдану үшін белгіленген тәртіпте рұқсат етілген дәрумендер, дәрумен тәрізді заттар, каротиноидтар, минералды заттар, органикалық қышқылдар, тамақ тал­шықтары, поли немесе қаныққан май қышқылдар, полисахаридтер, полифенольды қышқылдар, пребиотиктер, фитостериналар, флавонидтар және фосфолипидтер қолданылуы мүмкін. Сондықтан дүкендерден шырын сатып аларда қаптамада көрсетілген жазбаларға, яғни атауы, құрамы, сақтау шарттары, қолдану бойынша ұсыныстар және тағы басқа ақпараттарға назар аудару керектігін ескертеміз.

Құралай ӨМІРСЕЙІТОВА,
Техникалық реттеу және метрология комитетінің облыс бойынша департаменттің жетекші маманы.  

Сурет: https://www.ktk.kz/

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp