Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлы Дала халқын тарихтың да, тағдырдың да сынынан абыроймен алып шығып, ата-баба аманатын жүзеге асырып, тәуелсіз мемлекетімізді орнатқанына ширек ғасыр толуын барша қазақстандықтармен қатар өңіріміздегі білім беру мекемелері де айрықша атап өтті. Редакцияға түскен хаттардың барлығы дерлік айтулы мерекеге орай ай бойы өткізілген шаралардан сыр шертті.
Шаһарымыздағы “Болашақ” бөбекжай-бақшасының қазақ тілі мұғалімі Баян Сағитова өзі еңбек ететін мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру мекемесінде “Ұлы Дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі” атты жұлдызды 25 күн аясында шара өткізгендері туралы жазыпты. Шараны флешмоб билеумен бастаған бүлдіршіндер одан әрі Қазақстан Республикасының рәміздері туралы білімдерін мемлекеттік тілде көрсетіп, тақпақтар, әндер айтып, ұлттық ойындар ойнаған.
Уәлиханов ауданындағы Көбенсай орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімдері мен оқушылары да білім ошағында өткен апталықты азаттық мейрамына арнаған. Ол туралы хабарлаған бастауыш сынып мұғалімдерінің меңгерушісі Р.Әубәкірова оқушылардың әр пән бойынша зияткерлік сайысқа түсіп, ептілік, жылдамдық, шапшаңдықтарын эстафеталық жарыстарда сынға салғанын жазған. Оқушылар қолөнері мен бейнелеу өнері туындыларынан тәуелсіздік тақырыбына арнап көрме ұйымдастырып, өздерінің шеберліктерін жиналған қауым назарына ұсынған. Олар ән мен бидің де шеберлері екенін баршаға көрсете білді.
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Жаманшұбар негізгі мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Ақмарал Қажмұратқызы, тарих және география пәндерінің мұғалімі Толқын Биттіғұловадан келген хаттар да білім ошағында өткен шаралардан сыр шерткен.
Шал ақын ауданындағы Кеңес орта мектебінің мұғалімі Қуаныш Мұхамедина өзінің ел тәуелсіздігімен құрдас екендігін ерекше мәртебе, үлкен бақыт әрі мақтаныш санайды. “Бақытты балалық шағымды отбасымның ортасында алаңсыз өткіздім. Бұл – елдегі тыныштық пен тәуелсіздігіміздің арқасы”, – деген ол мектеп ұстаздарының егемен еліміздің ширек ғасырлық мерекесіне зор жауапкершілікпен, шығармашылықпен дайындалғанын, оқушылар мектепте ұйымдастырылған әр шараға белсене қатысқанын айтқан.
Редакцияға келген
хаттар негізінде дайындалды.