Назарларыңызға жуырда Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық гимназия-интернатта өткен “Тәуелсіздік – тұғырым” атты жас ақындар мүшәйрасында жүзден жүйрік танылған өрендер мен Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларының егемендік, ел мен жер тақырыбындағы топтама өлеңін ұсынып отырмыз.
Азаттығыммен арайлап атты таң күліп…
Тәуелсіздік таңында мынау тербелген,
Бақыт пен шаттық еліме құтты төр берген.
Бұл күнім үшін қаншама бабам жан қиды,
Бейбітшілігім кетпесе екен енді елден.
Азатсың жұртым, қазақтың билік қолында,
Тартынба енді, артыңда қалды сорың да.
Батырлар, хандар, қайсар бір жандар өтті ғой,
Тірлігің үшін құрбан боп бірлік жолында.
Тербеген текті жер менен көкті ән қылып,
Азаттығыммен арайлап атты таң күліп.
Ұлтым деп тулап, бұлқынып жүрек соғуда,
Өшкенің өніп, рухың жатыр жаңғырып.
Байлығым да сен баршаның құны жетпейтін,
Мақтанышымсың дұшпандар мазақ етпейтін.
Мәңгілік менің махаббатым да өзіңсің,
Өшпейсің, әсте, жүрек түбінен кетпейсің.
Жарғанат ХИНАУХАН, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті.
Қасиеттім, қастерлім
Жанарынан қазағымның жас көрдім,
Боданында бұғауланды басқа елдің.
Сен келгенде Айы туды елімнің,
Тәуелсіздік, баға жетпес қастерлім!
Өзің үшін өтті талай егестер,
Артта қалды қиындықтар, белестер.
Қанды тарих қалшиып тұр санада,
Тәуелсіздік өзіңмен не теңесер?
Тәуелсіздік, болсаң дейміз баянды,
Қар аспаным көк аспанға боялды.
Бодан болып кетсең кеше ұйқыға,
Бостандықта бүгін, міне, оянды.
Бұрынғыны қазақ қайта кешпейді,
Егемендік елімізден көшпейді.
Қанша ғасыр, жылдар, айлар өтсе де,
Тәуелсіздік, сенің атың өшпейді.
Данагүл АЮПОВА, студент.
Аманат, саған еркіндік!
Ана тілімде тербелсе деп ем бесігім,
Ұмытпай ұрпақ ұлыларының есімін.
Жарқылдап келіп, сан ғасырлардың ашқан ем,
Құлыбын бұзып ұрпағым үшін есігін.
Өлмесін деумен кеудеде ойнаған бөрі үміт,
Нақақтан- нақақ қаным да кеткен төгіліп.
Қобыздай зарлап, іңірде қызыл боздаған,
Ару аналар ботасын жоқтап егіліп.
Алмасты ғасыр рухым биік самғады,
Осы болса егер кешегі Алаш арманы.
Жанартау сынды атылды қан боп ұрандар,
Тарқамасын деп басталмай жатып базары.
Қызығын көрер думаның емес бір күндік,
Болса егер сенің: сөздерің бекем, сертің нық,
Қанымен келген, жанымен келген ерлердің,
Аманат саған, аманат саған еркіндік!
Абылайхан ӘШІМХАН, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті.
Күншығысқа жарқырайды жанарым
Бодандықтың бұғауында тұншығып,
Талай сырлар іште кетті ашылмай.
Елдік үшін жас ғұмырлар түршігіп,
Мерт болды ғой көктен түскен жасындай.
Ләззат, Ербол, Сәбиралар сескенбей,
От жүрекпен бұзды өмір қамалын.
Бізге бүгін бақыт желі ескендей,
Күншығысқа жарқырайды жанарым.
Саңылауын бітеймін деп санамның,
Отаршылдар ұлыларды тізгіндеп.
Батырлықпен жанын қиған бабамның,
Мүрделерін кетіп жатты құзғын жеп.
Осылайша өтті өмірден ерлерім,
Ей, қара жер, күрсінесің сен несін!
Бабалардың батырлығын үлгі етіп,
Келер ұрпақ жауыздықты көрмесін.
Нұрәлі АҢСАҒАН, Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық гимназия-интернаттың оқушысы.
Орындалған арман
Азаттықтың аңсаған ақ ордасын,
Қазақ елім, айбындым, ақ алмасым.
Еркіндігім елімді асқақтатып,
Маңдайыңа кетпейтін бақ орнасын.
Ғасыр көшін ғасырға жалғастырған,
Ақ найзасын қаламға алмастырған.
Еркіндіктің қыранын көкке ұшырып,
Егемендік төрінде малдас құрған.
Әрбір атқан таңдары арайлаған,
Тамырында тектілік қаны ойнаған.
Ұлтарақтай жер үшін сынға түсті,
Талай батыр, талай ер, талай дарам.
Ғасыр ізін өрнектеп маңдайына,
Бұлбұл құс ұялаған таңдайына.
Азаттықтың шырқатып асқақ атын,
Ғажап күннің кез болдық сондайына.
Бабалардың бас иіп ерлігіне,
Сарыарқаға ту тіккен ел бүгінде.
Азаттық пен қиылған сан тағдырдың,
Үлесі зор бүгінгі елдігіңе.
Мирасбек НҰРБОЛ, студент.
Бәрі де анық…
Бәрі де анық тарихымда талайғы,
Шер бұзады сан арманды, сан ойды.
Бабалардың жан жарасы емес пе?
Бұл күнімді етіп тұрған арайлы.
Бәрі де айқын солған күні күз бағым,
Желтоқсанда тоңып қалды мұз – жаным.
Бабаларым құрсауда қап өздері,
Сол күндердің көрсетпеді ызғарын.
Бәрі де анық тағдырым да, мұңым да,
Қиындығым қатпарланды жырымда.
Ей, жас ұрпақ, батыл шығар үніңді,
Тәуелсіздік қонды бүгін тұғырға.
Тахмина СЕЙІТҚАСЫМОВА, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы.
Жұмақ мекен
Қазақстан – менің жұмақ мекенім,
Сен болмасаң мына әлемде не етемін!
Саған деген махаббаттың шуағы,
Гүл етеді көңілімінің етегін.
Асқақ Отан, ғажап Отан – тірегім,
Сенен қымбат жер жоқ маған білемін.
Саған ғана байланғандай кіндігім,
Саған ғана арналғандай жүрегім.
Керек емес басқа бақыт, басқа бақ,
Жүрсем дағы жанарыма жас қадап.
Сені сүю, адал болу өзіңе,
Өмірдегі орны бөтен асқақ ат!
Дидар МУСИН, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы.