«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘУЕЛСІЗДІК – ТӘҢІРДІҢ ТӘБӘРІГІ

Болат ҚОЖАХМЕТОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

ЕЛЕҢ-АЛАҢ ЕДІ

І.

1991 жылды таң қараңғысы мезгіліне теңеуге әбден болар еді: аспанда Күн түгіл, Ай да жоқ сияқты айнала төңірек қарауытып, түк көрінбей тұрды-ау… Оның үстіне дүкендер түгіл, дәріханалар да жылан жалап кеткендей көрінісін көлденең тосты: ең аяғы аспирин де қат болды.

Баяғы большевиктердің қылғанын біз де қайталадық: азық-түлік жөнінде төтенше комиссиялар құрылды. Қалалық кеңес ай сайын әр тұрғынға – 1,5 килограмм ет, 400 грамм сары май беру жөнінде шешім шығарды. Бұлардан басқа қант, арақ, сабын, ұнтақ, сіріңке талонмен таратылатын болды. Сатып алу және бөлшек сауда бағаларының арасындағы алшақтықтың орнын толтыру үшін облыстық атқару комитеті банктен кредит алғаны да аян. Сөйтіп, әр тұрғынға 1,5 килограмм ет пен 200 грамм сары майды мемлекеттік бағамен бере бастады.

Бірақ жетпіс жыл бойы жалғанның жартысын ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстаған пілдей партия пітінәге айналған ахуал есімнен кетпейді: өзім бір бюро мүшесі болған қалалық партия комитетінде 17 қызметкер ғана қалған еді. Бюро мүшелері қабаған иттердей арсылдаған облыстық партия комитеті де желі шығып кеткен допты елестететін: мәселен, “Ленин туы” газетінде жарияланған “Жеңісіміз бекер емес пе?” деген мақаланы талқылап, “теріс көзқарасымызды білдіреміз” деген қаулымен шектелген болатын.

Еңбекті ұйымдастырудың жалгерлік әдісі сол кезде тығырықтан шығар жол тәрізді болып көрінгенін несіне жасырамыз?! Әттең, баяғы ықтиярсыз ұжымдастыру қалың бұқараның бәріне кедейдің таз кепешін кигізіп, теңеп бақса, жекешелендіру бастықтарды көкке шығарды: бәрі бірден байыды, ал басқаларды жер қаптырды: бәрі де тақыр кедей болып шыға келді. Балық тәрізді ауыздарын ашып отырған қала тұрғындарынан бұрын олардың мәңгілік асыраушылары болып табылатын ауылдар кеңсесіз, басшысыз, қосшысыз қалғаны арқамызға аяздай батты. Жоғары жақтағы қазақ басшылардың сұқ саусағын шошайтуымен алдымен “Алматы” кеңшары мен Қарағаштың шаңырақтары ортасына түскенде жылап жібере жаздағанымды неге ұмытайын?!

Айтпақшы, ел мен жер иесінің кім екендігі өзінен-өзі көрінді: 1989 жылдан бастап еліне қарай жылжи бастаған қырық мың неміс үдере көшті, еврейлер Израильге иек артты, тіпті, қара тас сияқты қозғалмаймын деп ойлаған орыстар да Ресейдің түкпір-түкпірін таңдауға кірісті. Біз болсақ солардың кең үйлерін, гараждары мен саяжайларын сатып алғанымызға мәз болдық. “Біреу өлмей, біреу күн көрмейді” деген мәтел осындайда ойға оралады екен…

Жетпіс жыл бойы жоғары жақтағы үлкен басшының аузына қарап үйренген халқымыз елсіз жерде ескерусіз қалғандай дағдарып отырғанда әлеуметті әбжыландай арбаған бақсы-балгерлер топырласын келіп! Облыстық филармонияны күніне бір емес, бірнеше рет лық толтырумен болған Саид Қадыров деген балгерді басқа ешкім емес, марксизм-ленинизмді насихаттаудан танбаған “Білім” қоғамы шақыртқанына сол кезде ешкім де ішек-сілесі қата күлген жоқ. Басқа табынушыны таппағандықтан ба екен, әйтеуір, қаптап кеткен дүмше балгерлер туралы біз де “Ленин туы” газетінде жарыса жазып жаттық. Біреуге иланғысы келіп тұратын ашықауыз халық екенімізді дәлелдеуде мұнымен де шектелмедік: ұшып жүретін беймәлім объектілер туралы материалдардан орын аямадық.

Өйткені, М. Горбачевтің есімін әлемге әйгілеген, бірақ Одақтың шаңырағын ортасына түсіруге түрткі болған жариялылық 1985 жылдың көктемінен бері самал желдей есіп тұр еді. Өзінен де, сөзінен де ел үрейленетін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық басқармасының бастығы тележүргізуші тәрізді танымал бола түсті: апта сайын баспасөз конференциясын өткізіп тұрды.

Бірақ ащы шындықты шығарған жариялылыққа да бірте-бірте қауіп төне бастады. Қарағанында тесіп жібере жаздайтын екі көзі қосауыз мылтықтың оқпанындай үңірейген А. Невзоров деген айтулы әріптесіміз атылған оқтан әрең аман қалды. Атақты “Взгляд” телехабарының “аузына” құм құйылды.

Өзегіне от тиген бәйтеректей бықсылап жанып жатқан алып империяның бір күні гүрс етіп құлайтынына әбден көзі жеткен Шеварднадзенің отставкаға кеткенін кемені тастай қашқан боцманға баладық. Артынша КСРО-ны сақтап қалу жөнінде өткізілген референдум “Жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап” деген мәтелді еске түсіргеннен басқа ешқандай нәтиже бермегені белгілі. Дәл осы жылы біздің облыстың өзінде ғана 1240 адамның партиядан ерікті түрде шыққанын ескерсек, қан сияқты қып-қызыл билеттің күшімен миллиондаған адамдарды “жусатып өргізген” КСРО-ның күні қараң бола бастағаны айқын еді. Ұрандатып жүретін жастардың да ұнжырғасы түсті: 1990 жылдың қарашасынан бері жалақы алмаған қалалық комсомол комитеті партияға қолғанат болудан әлдеқашан қалған болатын.

Көгерген көк тиыны ақша болған берекелі заманда өмір сүрген халқымызға қымбатшылық қатты батты. 15-20 тиынның картобы 50 тиынға барып тірелсе, сәбіз бен қырыққабаттың бағасы да екі-үш есе өсті. Еттің бағасы да еселене түсті: 11 сом болды.

Қамысқа тиген өрттей жалаңдаған қымбатшылық шарпыған кәсіпорындар екі оттың ортасында қалған түз тағылары сияқты көздері алақтап, тілдері салақтап, шырқ айнала беруден басқаны білмеді. Мәселен, құрылыс саласындағы ахуалды алсақ, әуелі құрылыс материалдары табылмай, оған бөлінген қаржы банкте жатса, кейіннен материалдардың бағасы күрт өсіп кетті. Ең бай кәсіпорын – “Союзцелинвод” тресіне де тықыр таянды: 13 тиынның суы 50 тиын болып кеткендіктен, оны тұтынушылар табылмауға айналды.

Дүкендерде тым болмаса пима да табылмаған жоқшылық қалың жұртшылықты сең соққан балықтай сенделткенін қалай ұмытарсың?! Таңның атысы, күннің батысы талон беретін үй басқармаларының алдында ұбақ-шұбақ кезекте тұрудан қажымаған қайсарлар-ай!.. Әттең, ішектей шұбатылған талоны түскір қиындықсыз қолға тие қоймады: оны басып шығаратын қағаз да табылмай, сасқан басқармадағылар ескісін екінші рет ұстатқанда қуанғанымыз-ай!..

Сасқан демекші, “қайта құру” деген тіркестің бірінші сөзі сызылса, “құру” деген екіншісі қалатынынан қорыққан биліктің аш қалпында тас қораларға қамалған мыңғырған қойдай маңыраған тұрғындардың жыпырлап жайма базарларда сауда-саттық жасауына жол беруі жайлаудан кем бағаланған жоқ. Қырық жылғы темір-терсектерін базарға алып шыққан бақалшылар күрт байып кетпесе де, ақшалы адамдар болып шыға келді.

Әрине, әбден саясиланған қоғам өзі түгіл, ізі де жоқ әлдебір жарқын болашаққа ұдайы ұмтылумен болды. Рас, ол кезде “тәуелсіздік” дегеніңіз сөздік қорымызда жоқ сияқты көрінетін: айтыла бермейтін. Бөркімізді аспанға атқанда ернімізден шыққан сөз “Егемендік” болатын. “Ұлт” деген сөзді ұртымызды толтырып айтатын болғанбыз. Ал нақ осы 1991 жылы “Қазақ тілі” қоғамының жанынан ақсақалдар алқасының құрылуы ұйымшыл емес ұйымымызды топтастыра түсті.

Бірақ заман солқылдақ болған соң саяси текетірес бәсеңдей қойған жоқ еді. “Қасірет белдеуі Сібір казактарының жерлестігі” тектен-тек тіркелген жоқ. Атаманы бастаған олардың талай рет қыр көрсеткені кинодағыдай көз алдымызда.

Нақ сол жылдың тамыз айында облыс делегациясының құрамында менің Талдықорған облысындағы Үйгентас жайлауында Қаракерей Қабанбайдың аруағына ас беріп, ат шаптырған шалқар тойға қатысқаным бар. Қайтарда бір қызық болды: Алматы әуежайында отырған біз сияқты жүздеген жолаушылардың біреуі де сыртта не болып жатқанын түні бойы көре де, біле де алмады. Артынан естідік: Қазақстанға сапарлап келген Б.Ельцинді сол түні Мәскеуге оралатын ұшағына отырғызу оңай болмаған деседі.

Таңертең Қызылжарымызға келіп қондық. Түске дейін ұйықтап, енді теледидарды қосып қалсақ, қолы дір-дір еткен Янаев сөйлеп отыр. Жанында – Крючков, тағы басқалар. Баяғы Дзержинскийдікі сияқты төтенше жағдай жөнінде мемлекеттік комитет құрған олар егемендік туралы декларацияларын жариялаған он бес республиканы он бес тіреу қылып, қаусап тұрған Кеңес Одағын сақтап қалғысы келді. Міне, осы ТЖМК-ні біздің облыста бірінші болып айыптаған бір-ақ кісіні өз көзіммен көрдім. Ол – әріптесіміз марқұм Мәлік Мұқанов еді…

“Жұт жеті ағайынды” деген рас екен: егін де шықпай қалды. Қаншама егіннің бір-ақ қарыс өсіп, тырбиып қалғаны алмағайып заманның “жемісі” де шығар, бәлкім?

Егін шықпаса да, еңсеміз тік болатын. Сыртынан қарағанда киіз үйден аумайтын “Ақ отау” (қазіргі дәмхана – Б. Қ.) ұлттық-мәдени орталыққа айналды. Құрылтайшысы – “Қазақ тілі” қоғамы, демеушісі – “Прибрежное” жалгерлік кәсіпорны. Міне, осы “Ақ отауда”, әсіресе, шешелерімізге сан рет дастарқан жайылды. Бастары ағарып отырған олар Алатаудың қар басқан шыңдарындай “Ақ отаудың” көркі бола білді.

Күзге қарай облыстық партия комитетінің ғимараты облыстық атқару комитетіне берілді. Көп ұзамай онда болғанымызда дәліздерінде аяғымызды ұшынан басып жүретін ғимарат бізді қорадай суығымен қарсы алды. Партия таратылғанда әлгі ғимараттың жылыту жүйесі бірге бытшыт болды ма, әйтеуір, бес-алты жыл бойы ондағылар бір жылынбай-ақ қойды.

Қыркүйекте тұрғын үйлерді жекешелендіру басталды. Шығынымыз шыққан жоқ: купондарымызға сатып алдық. Бұрын ешкім бармайтын кеңсе – техникалық түгендеу бюросы осы науқанның арқасында тасы өрге домалаған мекемеге айналды.

Жекешелендіру жөніндегі облыстық комиссияның мен де бір мүшесі едім. Сонда алғаш рет аукцион өткізіп, “Жаз” дәмханасын Мамедов деген азаматқа сатқанымыз әлі есімде.

Бұл жылы тарихымызда қалған тамаша оқиғалардың желтоқсан айында болғаны баршаға белгілі. Еліміздің аты Қазақстан Республикасы болып өзгертілді. (Түбінде бұл да, Елбасы айтқандай, өзгеретін атау: бұл тіркестегі “стан” артық – Б. Қ.).

Айдың басында еліміздің Президенті болып сайланған Нұрсұлтан Назарбаев желтоқсанның 10-ында өз қызметіне кірісті. Ол бірден теңдесі жоқ шешім қабылдады: Желтоқсан оқиғасына қатысқандар ақталды және олар ақ қар, көк мұзда қан төккен күн мереке болып жарияланды.

(Жалғасы бар).
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp