Өткен жетпіс жылға жуық ғұмырыма бұрылып қарасам, бүгініме шүкір айтамын. Алла тағала бізге Тәуелсіздіктің арайлы таңын көріп, егемендіктің талбесігінде емін-еркін тербетіліп өсіп келе жатқан ұрпақтарымыздың қуанышына куә болуды нәсіп етті. Тәуелсіздік тілдің ұшындағы сөз емес. Біз осынау қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған, өз қолымыз өзіміздің аузымызға жетіп отырған күнге түн қатып, түс қашып, аттан түспеген ата-бабаларымыздың ерен ерлігі арқылы қол жеткіздік. Тарихтың қойнауына үңілсек, әрісін айтпағанда, жоңғар шапқыншылығы, қолдан жасалған аштық, ұжымдастыру, сұрапыл соғыс, Желтоқсан ызғары – халқымыздың азаттығы жолында сынақтар еді.
1991 жылы еліміз өзінің егемендігін жариялағанда бөркін аспанға атып қуанғандардың қатары аз болмады. Олар алда қиындықтар мен тығырықтардың күтіп тұрғанына көздері жетсе де, еліміздің нұрлы болашағына періште көңілмен сене білді. Шыны керек, Тәуелсіздік алған жылдары еліміздегі саяси ахуал өте күрделі болатын. Саяси дау-жанжал, экономикалық дағдарыс, кәсіпорындар жұмысының тоқырауы, тұтыну тауарларының тапшылығы, өзге де қиыншылықтар туындады. Бұл жағдай жалғыз қазақ елінің ғана емес, кезінде іргесі сөгілмейтіндей болған одақтас республикалардың да басынан өтті. Кешегі саясаты озбыр, қанауы қатты КСРО-дан жеке отау болып шыққан бізге әлемнің барша мемлекеті сын көзқараспен назар тікті. “Қайтер екен?” деп апыл-тапыл басқан қадамын қадағалап тұрды. Сол кезеңде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды тезірек даңғыл жолға салу мақсатында әлемдік тәжірибелерді зерделеп, оны өз республикамыздың табиғаты мен халқының тұрмыс-тіршілігіне сәйкес келе ме, жоқ па деп сараптаудан өткізді.
1991 жылы елімізде жекешелендіру үдерісі басталды ғой. Жекешелендірудің алғашқы жылдары нағыз қайшылыққа толы кезең болды. Сол уақыттағы экономикалық жағдайға тән қиыншылықтар – кәсіпорындардың өз жұмысын тоқтатуы, еңбекақының төленбеуі, дүкен сөрелерінің босауы, инфляцияның басталуы орын алды. Бұл ретте, көп деңгейлі нарықтық экономиканың негізін құрайтын үдерісті жедел бастау қажет болды.
Есіл ауданындағы тұрғын үйлерді жылумен, сумен қамтамасыз ететін “Қамқор” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры болып қызмет атқарған кезімде қаржының тапшылығына қарамастан, аудан тұрғындарына жылу мен су беруді тоқтатқан емеспіз. Түрлі ұйымдардан көмек-қолдау сұрап, қарапайым жұртшылықтың көңіліне үміт шамын жаға білдік.
Қиын-қыстау уақытта ел деңгейінде қабылданған реформалар мен бағдарламалардың бәрі дағдарыстан шығудың жолдарын қарастырды. Сол бағытта жұмыс істеп, ауданымыздың барлық елді мекендерін, ауылдарын аралап, тұрғындармен кездесулер өткіздік. Кәсіпорындар ауысым бойынша жұмыс істейтін. Қызметкерлерге беретін ақша жоқ. Сондықтан жұмысшылардың еңбекақысын заттай төлейді. Қарапайым еңбек адамдары алған заттарын вокзалға, базарға апарып сатып күн көрді, отбасын асырады.
Ауыл шаруашылығы саласының нарықтық қатынастарға көшуі өте қиын жүрген үдеріс еді. Одан басқа таңдайтын жол да болмады. Мемлекеттен демеуқаржы алып келген, таза пайдасы арқылы өз шығындарын ақтай алмайтын шаруашылықтарды нарық экономикасы кезінде ұстап тұрудың ешқандай тиімділігі жоқ екендігі баршаға аян. Ұжымшар мен кеңшарларды сақтап қалуды әрі қарай жалғастыра берсек, ел де, өз үлесін алмаған халық та мүлдем кедейлене түсер еді. Сондықтан әуелі жекешелендіріп, одан кейін ұсақ шаруашылықтарды жаңа тұрғыда ірілендіру міндеті тұрды. Өзіміздің төл ақшамыз айналымға шыққаннан кейін жағдай жақсы арнаға бұрыла бастады. Зейнетақы кешіктіріліп берілетін еді. Көп ұзамай ол мәселе де оң шешімін тапты. Осы ғасыр басында ауданымызда, жалпы елімізде жағдай дұрысталды десе болады. Мен сол кезде Есіл ауданы әкімінің орынбасары, “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары ретінде Қазақстанның болашағының бүгінгідей жарқын болатынына кәміл сендім. Елбасы саясатын жүргізіп отырған бізді бұл ахуал рухтандырды, сеніміміз бен құлшынысымызды арттырды.
Елбасының ерен еңбегін Кеңес одағы күйреген уақытта өз аузы өз қолына жетпеген мемлекетті аз уақыттың ішінде аяғынан нық тұрғыза білуінен аңғаруға болады. Ол кезде біздің мемлекет қиындық құрсауында қалған көмекке мұқтаж ел еді. Ол қиындықтардан Елбасының көрегендігінің, алысты болжағыштығының арқасында шықтық. Президент “алды мен – экономика, сосын саясат” деген тұжырымды ұстанды. Демократиялық мемлекеттің дұрыс бағытын айқындап берген бұл қағида өзін ақтағандығын бүгін көріп отырмыз. Елбасы ойындағы армандары мен мақсаттарын 1995 жылы қабылданған Ата Заңымызға енгізді. Міне, өзінің саясатын Негізгі Ата Заңмен бекітіп алды. Бірінші мақсаты шекараны шегендеп алу болды. Осы үшін сегіз жыл бойы талмай келіссөздер жүргізіп, бекітті. Шекарасы бекіген деген сөз елдің тәуелсіздігінің, дербестігінің бірден бір алғышарты. Ендігі шекараны қорғайтын, бүтіндігін қамтамасыз ететін кім? Әскер. Елдегі ішкі тәртіпті кім сақтайды? Полиция. Оны да сәтті жүзеге асырды. Сотты да реттеді. Осындай қоғамдық қажет органдардың бәрін өте ептілікпен ұйымдастырды.
Құдайға шүкір, еліміз қол жеткізген игіліктерден Есіл ауданы да қалыс қалып отырған жоқ. Биыл құрылғанының 90 жылдығын дүбірлі той жасап атап өткен ауданымыз жыл сайын көркейіп келеді. Жаңа нысандар пайдалануға беріліп, елді мекендерге ауызсу тартылуда. Кезінде өзгермейтіндей болып көрінген көшелерге осы өлкеден шыққан азаматтардың есімдері беріліп, талай өнегелі істер атқарылуда. Оған өзім тізгінін ұстап отырған аудандық ардагерлер кеңесінің құрамындағы бір жүзден астам аға буын өкілінің тигізіп отырған еңбегі ұшан-теңіз.
Есіл ауданынан мемлекет және қоғам қайраткері Мақтай Сағдиевтің шыққанын білмейтін адам кемде-кем шығар. Жастайынан қара жұмысқа араласып, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты лауазымына дейін көтерілген айтулы тұлғамен жерлестері мақтанады. Көзі тірісінде бар күш-жігері мен білімін Қазақстанның дамуына арнаған тұлғаның туған жеріне жасаған игілікті істері де ауыз толтырып айтарлықтай. Алдағы жылы 90 жылдығы аталып өтілетін айтулы тұлғаның есімін бүгінде аудан орталығындағы бір көшеге беру мәселесі қарастырылуда. Осы өлкеден бес Кеңес Одағының Батыры, алты Социалистік Еңбек Ері шықты. Бәйкен Әшімов пен Еркін Әуелбеков сияқты қайраткерлер де осында қызмет атқарды. Түрлі салада жемісті еңбек етіп, маңдай терлері мен қажыр-қайраттарын туған жердің түлеуіне арнаған Жәлел Қизатов, Мүтәллап Қанғожин, Аяған Шәжімбаев, Абай Тасболатов, Бүркітбай Аяған, Әйіп Ысқақов, Қанаш Шәкенов, Мәлік Мұқанов, Бақыт Мұстафин, Жақсылық Ысқақов, Бүркіт Бекмағамбетов Болат Қожахметов сияқты арда азаматтар салған соқпақ бүгін де жалғасып жатыр. Біз жастарға осы жандар салған жолмен жүрулерін үнемі айтып отырамыз.
Қазіргі жастар орталықтың төбеден тас домалатқандай өктем саясатын сезінген жоқ. Сол кездегі қиындықтың белортасында жүрген біз, аға буын өкілдері, амалсыз көндігу, жаншылу, үнсіз қалу деген сияқты зобалаңдарды өткердік. Жастар ел, Отан үшін аянбай, жанын салып, барын төгіп қызмет етсе, біздің Тәуелсіздігімізге қауіп те, қатер де төнбейді. Бірнеше ғасырлар бойы ата-бабаларымыздың беріспей күрескені есте болу қажет. Қандай жағдай болса да ен даланы қорғауды басты мақсатқа айналдыру керек. Мен болашақ Қазақстанды осы қарқынымен жүре берсек әлемнің дамыған отыз емес, он бес мемлекетінің құрамынан табылатынына сенемін.
Мемлекет басшысы жыл сайын еліміздегі индустриялық-инновациялық даму барысын қадағалап отырады. Себебі, қазірдің өзінде еліміз шетелдерден алпыс пайызға жуық дайын өнім сатып алады. Бұл өте көп. Мемлекет басшысының отандық кәсіпкерлерге “Сендердің костюмдеріңді киіп отырмын, аяғымда да өздерің шығарып жатқан бәтеңке” деп қарата әзілдеп айтуының астарында да жеңіл өнеркәсіпті дамыту мәселесі жатыр. Жастардың елді биіктерге бастайтын ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салаларын меңгерулері абзал.
Төлеген МҰҚАШЕВ, Есіл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.