«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӨКПЕ ЖЫРДЫҢ ДҮЛДҮЛІ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласы жарияланғаннан бері еліміздің әр өңіріндегі тарихи және қасиетті жерлер қайтадан нақтыланып, тарихи оқиғалар мен тұлғаларға қатысты деректер жаңғыртылып жатыр. Негізі біздер тарихи тұлғалар деп өзімізге дейінгі замандарда ғұмыр кешкен батырларды, мемлекет және қоғам қайраткерлерін, ақындар мен жырауларды, билер мен шешендерді, көрегендігімен көш бастаған көсемдерді айтамыз.

Біздің Сілеті өзенінің (Қулыкөл ауылы) бойында қол бастаған Түгел, Қожым, Боранбай сынды батырлардың ерліктері мен Саққұлақтай сөз бастаған шешендердің сөздері халық жадында сақталған. Кеңес одағы тұсында қазақ телевизиясының алғашқы шебінде шешендік қасиетімен бүгінгі ұрпаққа үлгі боларлық із қалдырған журналист Совет Масғұтов, ауыз әдебиетінің түрлі аңыз-әңгімелерін, жырларын, термелерін жатқа білген Қапышке Шылтынайұлы, шежіреші Балташ Әшімұлы, Ерден Сағындықұлы, ауыз әдебиеті үлгілерін жинақтап кеткен Ілияс Келдібекұлы, асыл дініміз – исламды уағыздаған, қасиетті Құран-Кәрімді жатқа білген қари Мұфтахиддин Усинұлы да біздің өңірдің тумалары.

Біржан сал, Ақан сері, Саққұлақтай аталарымыздың замандасы Қуат ақын Арқа, Ерейментау, Сілеті өңірлеріне нақыл сөздерімен, шығармаларымен, әділдігімен, айтыскерлігімен танымал болды. Ақын жайында көптеген аңыздар, әңгімелер ел аузында сақталған. Ақынның әдеби мұрасы хақында ғылыми конференцияларда баяндалып, насихатталып жүр. Кейінгі жылдары оның мұрасына қатысты жаңа деректер, мағлұматтар пайда бола бастады.

Әрқилы тарихи-әлеуметтік, саяси өзгерістерге толы кезеңде дүниеге келген Қуат Арабданұлы (1802-1894) қазақ жазба әдебиетінің қалыптасуына, көркемдік көкжиегінің кеңеюіне үлес қосқан, ағартушы-демократтық бағытты берік ұстанған өз заманының ақыны ретінде белгілі болған. Қуат Арабданұлы өз өлеңдерінде ағартушылық, имандылық, адамгершілік, рухани құндылықтарды көтерген. Қулыкөл ауылында тұрған Ілияс Келдібековтің қолжазбаларында ақынның біраз өлеңдері кездеседі.

Тума талант, өзіне тән сөз саптасы, айту нақышымен ерекшеленетін, заманында төкпе жырдың төрінен көрінген Қуат Арабданұлы – жыршылықты, импровизаторлық үрдісті сақтаған ақындардың бірі. Кейінгі ұрпақ оның шығармашылығын біле жүрсе игі.

Қуанышбек ШӘРІПОВ,

Қулыкөл орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Уәлиханов ауданы.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp